Шымкенттегі Қазыбек би көшесі бойында орналасқан Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы облыс орталығына көшірілген. Көші-қонға байланысты Түркістан облысына қарасты осы филармония ғимараты Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне өтті. Енді бұл ғимарат Шымкент Жастар театрының теңгеріміне беріліп отыр. Бұл туралы көрерменге Жастар театрының алғашқы сахналық қойылымы «Король Лир» премьерасында хабарланды. Премьера қалалық орыс драма театырында өтті.

Айтпақшы, көптің көкейінде «Шымкентте филормония болмай ма?» деген сауалдың туындауы әбден мүмкін. Реті келгенде айта кетейік, Шымкенттің өз филормониясы бар. Ол Қызғалдақ холл (бұрынғы Тулип холл) ғимаратында орналасқан. Ресми түрдегі атауы – «Шымкент концерт» концерттік ұйымы» (филармония) МКҚК. Басшысы – Бейсеқожаев Нұрсат Саттарұлы. Мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорын Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарайды.
Шымкент жастар театрының тұсауын кескен «Король Лир» трагедиясының премьерасына көрермен көп жиналды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те сахна өнерінің тектілік мекені – театрдың алғашқы қойылымы, Уильям Шекспирдің классикалық шығармасын арқау еткен премьераны қолдап, арнайы құттықтап келді.

Жастар театры қала әкімінің бастамасымен белгілі өнер ордасы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен бірлесіп, тәжірибе алмасу жобасын бастаған. Бұл театрдың кәсіби деңгейін арттырып, өңірге келген жас өнерпаздарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталып отыр. Нәтижесі жаман емес. Академия түлектері мен жас театр ұжымының алғашқы бірлескен еңбегі «Король Лир» Шымкентте сахналанды.
Академия ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мұрат Ахманов пен Хазима Нұғманова, сондай-ақ тәжірибе алмасуға келген 4-курс студенттері Шымкент Жастар театрына жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен жанашырлыққа ризашылықтарын білдірді.
Сая ЖҰМАҒҰЛОВА