«Сүткент-Байтоғай» көпір жобасы
Ауылдарды көркейту мақсатында қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, әдемі әндер жазылғанымен, болашағы бұлыңғыр ауылдар әлі де аз емес. Тіпті, қатарынан үш жылды «Ауыл жылы» деп атап, арнайылап көңіл бөлінсе де тіршілігі түзелмегендері табылады. Ауыл жастары күнкөріс қамы деп, қала берді баянды болашақ іздеп, тіршілігі қыз-қыз қайнаған қалаға қарай ағылуда. Мұны жөнсіз деп жастарды сөгу орынсыз. Салдарынан ауылдарда сатылатын үйлер саны көбейіп барады. Сұраныс аз болғасын баспананың бағасы да төмен болатыны түсінікті.
Әрине, әңгімені осы сарында жалғастыра берсек, көңілсіз күй қалыптасары анық. Бізге керегі ол емес, керегі – ауылдарды қалай сақтап қалу мәселесі. Оның нақты бір жолы – халыққа тиімді, ауылдардың тарихи, табиғи мүмкіндіктерін пайдаланып, ауқымды жобалар ұсыну. Міне, Шардара ауданы, Сүткент ауылдық округінің әкімі Қайрат Кенбай ұсынып отырған көпір жобасын осындай маңызды бастамалардың бірегейі деп қабылдауға болады. Ол қандай жоба?
Жоба ұсынушының айтуынша, Сырдарияның үстінен «Сүткент – Байтоғай» көпірі салынар болса, Сүткент ауылын ғана емес, Шардара, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласындағы бірнеше ауылды құрып кетуден аман алып қалып, тіпті дамудың даңғыл жолына бастауға болады екен. Ең бастысы «Абай-Сарыағаш-Шымкент» тас жолындағы жол жүрісі 100 шақырымға дейін қысқарып, көлік кептелісі де азаяды. Алайда, бұл ауқымды жобаға аудан, облыс басшыларынан бастап, үкіметтік деңгейде қолдау қажет. «Сүткент пен Байтоғай арасындағы көпір құрылысы – бұл инфрақұрылым жобасы ғана емес, сонымен қатар, бірнеше аудан тұрғындары үшін жол қашықтығын айтарлықтай қысқартып, әсіресе Сарыағаш пен Абай бағытына қатынасты жеңілдетеді, — дейді Сүткент ауылдық округінің әкімі Қайрат Рахымжанұлы. — Көлік қозғалысының қарқындылығын арттырып, жол шығынын азайтады. Аймақтағы ауылдар мен аудандардың экономикалық дамуын жеделдетеді. Кәсіпкерліктің жаңа мүмкіндіктерін (дүкендер, дәмханалар, автосервистер, жанар-жағармай бекеттері) ашады. Туризмді дамытып, тарихи-мәдени мұраларды жандандырады (Сүткент қалашығы, Шыңғысхан төбесі). Табиғи ресурстарды (Төбелді маңы) пайдаланып, емдеу туризмін (балшықпен емдеу, эко-туризм) дамытады. Жастар мен жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын береді. Ауылдан қалаға көшу үдерісін баяулатып, адамдардың туған жерінде өмір сүруіне жағдай жасайды.
Көпір – бұл тек өткел емес, Сүткенттің, Байтоғайдың, бүкіл Шардара мен Арыс өңірінің жаңа тынысы. Халықтың әл-ауқатының артуына, бизнес пен туризмнің өркендеуіне серпін береді. Сондықтан бұл жобаны жүзеге асыру үшін барлық деңгейдегі әкімдер мен депутаттардың, ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдардың қолдау-көмегі аса қажет».
Ауыл әкімінің ұсынып отырған жобасы іске асырылған жағдайда шынында да көп адамға тиімді болмақ. Айталық, қазір Шардара ауданының тұрғындары Шымкентке келу үшін 250-300 шақырым жол жүруі қажет. Егер Сырдарияның үстіндегі «Сүткент-Байтоғай» көпірі арқылы «Сүткент-Дарбаза» жолы салынса, жолаушыларға Абай мен Сарыағашқа соқпастан, тіке Шымкентке жол тартуына болады. Президент бастамасымен «Дарбаза-Жетісай» темір жолының құрылысы басталғаны белгілі. Олай болса, Шардара ауданындағы шаруалардың (мақта, бақша өнімдері, мал шаруашылығы, т.б.) өнімдерін темір жол арқылы алыс-жақын шет елге тасымалдауына да мүмкіндік туады. Осының барлығын сарапқа салар болсақ, Сүткент пен Байтоғай ауылдары арасында көпір салу – қазіргі уақытта аса маңызды, әрі өзекті жоба. Себебі бұл көпір екі ауданның халқын бір-бірімен тікелей байланыстырып, көлік логистикасын бірнеше есе жақсартады.
Жаңа жолдың экономикалық әсері де көп. Әсіресе, сауда мен тауар айналымы ұлғаяды. Жергілікті кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік туады. Жұмыс орындары пайда болып, еңбекке қабілетті адамдардың ауылдардан қалаға көшу қарқыны төмендейді. Студенттер, жұмысшылар үшін жол жүру мүмкіндіктері жеңілдейді. Жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция сияқты қызметтер уақтылы жететін болады.
Сүткенттегі Төбелді маңы емдік қасиеттері бар балшықтарымен және таза табиғатымен белгілі. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, балшықпен емдеу орындарын ашуға, туристік базалар ұйымдастыруға, экотуризмді дамытуға болады. Сүткент ауылының маңындағы Сүткент қалашығы (көне тарихи орын) мен Шыңғысхан төбесі сияқты тарихи ескерткіштер – өз алдына үлкен туристік әлеуетке ие. Ашық аспан астындағы археологиялық мұражай құру арқылы көне артефакттарды туристерге көрсетіп, тарихи экскурсиялар ұйымдастыру арқылы мектеп оқушылары мен шетелдік туристерді тартуға болады. Сырдарияның табиғи көркін пайдаланып, заманауи жайлы шатырлы демалыс орындарын салуға мүмкіндік бар. Қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар үшін «табиғат аясындағы жайлы демалыс» форматы тартымды болады. Сүткент ауылы мен оның төңірегі туризмнің, кәсіпкерліктің және ауылдық экономиканың дамушы орталығына айналу мүмкіндігі көпір жобасын жүзеге асырудың тиімділігін көрсетіп отыр.
Жоба ауқымды, алайда, ол жалғыз ауыл әкімі атқара алатын шаруа емес. Жол үш аймақты басып өтетіндіктен, Шардара, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласының әкімдері, мәслихат депутаттары жер мәселесін шешуге қолқабыс жасағаны жөн. Түркістан облысының әкімдігі мен мәслихаты, Мәжіліс пен Сенат өкілдерінің де араласуынсыз, Үкіметтің қолдауынсыз іс жүзеге аспайтыны түсінікті.
Көпір салу идеясы жол ұзақтығын қысқарту ғана емес, аймақтың қайта жаңғыруы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға септігі тиер ауқымды жоба болмақ. Ол халықты туған жерінде қалуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға және болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік береді. Бұған мемлекетіміздің әлеуеті жетеді, тек тиісті органдардың жіті зерттеуі мен нақты қолдауы, жанашыр азаматтардың көмегі қажет.
Балқы БАЗАР.