Өмірдің өзі

           Сауда сақал сипағанша…

Шымкентте орын алған дүрбелең – саудагердің қолдан

            ұйымдастырған құйтырқылығы ма?

«Шымкентке Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан арнайы жасақ келе жатыр, олар көлікке қатысты ұсақ-түйектерге дейін, апаттық белгі, өрт сөндіргіш құрал, дәрі-дәрмек қобдишасының бар-жоғына, олардың сақтау мерзіміне дейін тексереді. Тіпті, түнде жарыққа шағылыс беретін арнайы киім, сүйрегіш жіп (трос), әйнекке түскен сызатқа да мән беріп, дөңгелек пен жарық, тежегіш шамдарының талапқа сай болуын қадағалайды. Кемшілік тапса жаппай    айыппұл салады, айып тұрағына қамайды екен» деген сөз жергілікті тұрғындарға «жау шапты» дегендей әсер етсе керек, әп-сәтте әбігерге түсті. Әрине, бұл талап кеше-бүгін енгізілген жоқ, бұрыннан бар. Бірақ, оның барлығын түгел етіп көлікке салып жүргендер некен-саяқ. Сол себепті жұрт дүрбелеңге түсіп, әлгіндей заттарды сататын дүкендерге лап қойды.

Осы жайтты есітіп, жексенбі күні Қатынкөпір шағын ауданындағы қосалқы бөлшектер сататын «Шымкент-Тұлпар» базарына бардық. Сабылып жүрген адамдардың барлығының сұрайтыны — апаттық белгі, өрт сөндіргіш құралы мен дәрі-дәрмек қобдишасы. Кенеттен алушының көбеюінен базардағы бұл заттар лезде таусылыпты. Аяқ асты сұранысы артқан заттардың бағасы да еселеп көтеріліп кеткен. Қымбат бағаға болса да таппай жүргендер көп. «Айыппұл төлегенше керек заттарды сатып алғаным жақсы» дейді олар. Алақанын ысқылаған сатушылар «тапсырыс беріп қойғандарын, 2-3 сағатта жаңа тауарлар келетінін» айтуда. Бағаларын біз де сұрап көрдік. Бұрын ешкім алмайтын, небәрі 250-300 теңге тұратын түнде жарыққа шағылысатын арнайы күртеше 2000 теңгеден сатылуда. Саудалассаң 1500 теңгеге береді. Ал 1000 теңгелік дәрі-дәрмек қобдишасы таусылып кетіпті. Оның әр данасы 3000-4000 теңгеден сатылған, ал 1000-1500 теңге тұратын апаттық белгі 4000-5000 мың теңгеге сатылып жатыр. Өрт сөндіргіш құралының кішкентайы қалмапты, амалы таусылған адамдар 5,8 литрлік үлкендерін қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр.

Базарды шарлап жүрген жұрттың барлығының жүзінде қобалжу мен шаршау бар. Жүніс Есбаев есімді азаматты сөзге тартық. «Өзімізге де обал жоқ, осылардың керек екенін білсек те алмаймыз ғой. Мәжбүр болғанда ғана қимылдаймыз. «Аптечка» мен өрт сөндіргіш құралын іздеп жүргеніме 2 сағат болды, сатушылар кешке дейін қоймадан алдыртамыз дейді. Кете берейін десем ертең рейдте тәртіп сақшыларының «тұзағына» түсіп қалып, жас балалардың алдында ұятқа қаламын ба деп тұрмын. Амал жоқ кешке дейін болса да күтіп, алып кету керек болып тұр», — дейді ол.

Ия бұл заттар тізбегі ешқандай рейд, тексеру болмаса да, қауіпсіздік үшін әрбір көлікте болғаны дұрыс. Дейтұрғанмен оған ешкім жіті мән бермейді, ескермейді. Жүргізушілердің етек-жеңін жиып, қауіпсіздік үшін қажет заттарды түгендеу үшін, бәлкім арасында осындай шаралардың да ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс шығар. Бірақ бұл бір мезгілдік, науқандық жұмыс емес, тұрақты болса тіпті дұрыс.

«Ескерт! Ескерту пайда береді» дейді Алла тағала. Өкінішке қарай, бізде осы ескерту жағы ұдайы кемшін соғады. Соның салдарынан адамдар арасында түсінбеушілік, дүрбелең орын алады. «Бізде түсіндіру жұмыстары мүлде жүргізілмейді, салдарынан білмейтініміз көп, – дейді шымкенттік Бақтияр Спановтың деген азамат. – Мәселен, 2-3 күннен бері көлікте алып жүруі тиіс заттардың тізімінде көлікті сүйрейтін жіп (трос) те болуы міндетті деп айтылып жатыр. Меніңше бұл дұрыс емес. Өйткені, бүгінде көліктің 60 пайызы автоматты қозғалтқышпен қозғалады. Олар көлік бұзылған жағдайда сүйремейді, эвакуатор шақырады. Сонда «трос» не үшін керек? Ол маған қажет болмағандықтан алмаушы едім, енді сабылып іздеп жүрмін. Ол міндетті заттар тізімінде бар ма, жоқ па? Нақты білмейміз. Амал жоқ, ертең немереммен қатар балалардың алдында кінәлі болып тұрмас үшін алып қояйын деп шештім. Осындай жағдай болып жатқанын қала әкімдігі де, полиция департаментіндегілер де біледі. Нақты не керектігі туралы түсініктеме беріп жіберуі керек еді ғой.

Сатушыларда да қанағат қалмады. Бағаны бірден көтеріп жіберді. Таныстарым Түркістаннан 1000 теңгеге өрт сөндіргіш құралын, 1200 теңгеге дәрі-дәрмек қобдишасын салып жіберді. Ал олар Шымкентте 3-4 есе қымбат бағада сатылуда».

Апта басында көрші облыстардан келген арнайы жасақтың қатысуымен рейдтік іс-шаралар басталды. Таралып жатқан ресми мәліметке сенсек, рейдтің алғашқы күнінің өзінде 72 көлік айып тұрағына қойылыпты. Олардың арасында 3 адам көлікті мас күйінде басқарған болса, 18-і жүргізушілік куәлігінсіз ролге отырыпты. 7 адам номерсіз көлікпен жүйткіп жүрген жерінен ұсталған. Ал, жұртты әбігерге салған дәрі-дәрмек қобдишасы, өрт сөндіргіш құрал, апаттық белгі секілді қажеттіліктердің жоқтығы есебінен бірде-бір хаттама толтырылмаған. Бұл заттары жоқ жүргізушілерге ескерту берумен шектелуде. Сонда халық арасында жалған ақпарат таратып, жоқ жерден ши шығарып, елді дүрбелеңге салу — саудасын қыздырғысы келген саудагерлердің әдейі ұйымдастырылған әрекеті болғаны ма?

Жалпы, саудада береке бар дейді, ал арам сауда жасау — күнә. Әрине, рейд — мүмкіндікті мүлт жібергісі келмейтін саудагерлер үшін өте тиімді шара болғаны түсінікті. Ойламаған жерден көп сатыла бермейтін заттарын шүлен таратқандай үлестіріп, қалта қампайтып алды. Бірақ, саудагерлердің осы әрекеті көңілімізді құлазытып, жүрекке салмақ салғанын жасыра алмаймыз. Бізді қинағаны – артық шығындалғанымыз емес, адамдардың ниет-пейілдерінің бұзылғандығында болып тұр. Шығын орны толар, ал адамдардың пейілін қалай қайтарамыз? Бес жыл бұрынғы пандемия кезінде де адам өмірін саудаға салып, байығандардың іс-әрекетіне еріксіз жаға ұстаған едік, бүгінгі көрініс тағы шошытты. Қайғыдан қаржы істеу, дүниежарыс белең алып барады. Адамдардың мәжбүрлігін пайдаланып, қолындағы затты екі-үш есе жоғары бағада сату – шариғат талаптарына қайшы. Осындай әрекетіміз арқылы өзгелердің ақысына кіріп кету оп-оңай. Ал, адам ақысына кіру – ең ауыр күнәлардың бірі. Мұның барлығының ертең сұрауы мен өтеуі боларын ұмытпауымыз керек.

Сауданы да адал жасағанға не жетсін! Есесіне, көптің қарғысын емес, алғысын арқалайсыз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *