Басты жаңалықтар Құқық

Полицияның беделін көтеру – көп қырлы міндет

немесе Заңдар орындалуымен маңызды

Анықтама:

Оңғаров Шырынбек Сусынұлыотставкадағы полиция полковнигі. 1962 жылы 29 қаңтарда Түркістан (бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы) Төлеби ауданы Майбұлақ ауылының тумасы. 1986 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ (қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетін, Волгоград қаласындағы КСРО ІІМ-нің Жоғарғы Тергеу Мектебін, ҚР ІІМ-нің Академиясында біліктілікті арттыру курсын тәмамдаған.

1986 -1990 жылдары Манғышлақ, Форт-Шевченко қаласында аға тергеуші, Сайрам ауданы ІІБ-де учаскелік инспектор, анықтау тобының инспекторы, тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, Сайрам аудандық МТК-нің аға тергеушісі, тергеу бөлімінің бастығы, Сайрам ауданы ІІБ-ның бастығының тергеу істері жөніндегі орынбасары, ОҚО ІІД-нің жеке тұлғаларға қарсы жасалған қылмыстар бойынша аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі қызметтерін атқарған.

 2009 -2011 жылдары ОҚО ІІД-нің меншікке қарсы тергеу бөлімінің бастығы, 2013-2017 жылдары ОҚО ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы; 2017-2018 жылдары ОҚО ІІД-нің экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімі бастығы, басқарма бастығының орынбасары болды

 2018 жылы сәуір айынан Сарығаш АПБ-ның бастығының орынбасары, әрі Абай ПБ-нің бастығы болып тағайындалды. Келес аудандық ІІБ-нің бастығы лауазымынан 2019 жылы 20 желтоқсанда шекті жастан асып, құқық қорғау саласынан запастағы полковник шенімен құрметті зейнеткерлікке шыққан. Ш. Оңғаров облыс және республикалық деңгейде бірнеше рет ведомстволық наградалармен және құрмет грамоталармен марапатталған. 1,2 және 3 дәрежелі «Ішкі істер органдарына мінсіз қызметі үшін» медалдері; «Құқықтық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін»; 1 және 2 дәрежелі «Қайсар» медалі; 2013 және 2014 ҚР Ішкі істер министрінің Мінсіз қызметі үшін құрмет грамотасымен наградталған.

2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мәслихат хатшысының «Ерекше қызмет пен облыстың дамуына белсенді қатысқаны үшін» алғыс хаты табыс етіліп, Келес ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

Ш.С. Оңғаров зейнетке шыққан соң «Amanat» партиясының мүшелігіне қабылданды. 2022 жыл өткен сайлауда ҚР Президентіне үміткер Қ. Тоқаевтың сенімді өкілі болды. 2002 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың, «Amanat» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е. Қошановтың алғыс хаттарымен марапатталды.

.

Шырынбек Сусынұлы, сіз ұзақ жыл ішкі істер саласында жемісті қызмет атқарған, полиция полковнигі шеніндегі азаматсыз. Қатардағы тергеушіден бастап полицияның полициясы, яғни ішкі істер департаментінің өзіңдік қауіпсіздік басқармасын басқардыңыз. Отставкіге шыққаныңызға да біраз болды. Елдің басты телеарналарынан белгілі бір мәселеге орай заңгер сарапшы ретінде жиі көріп қаламыз. Жалпы, сіз қазір қайда жүрсіз? Қай салада еңбек етудесіз?

– Расында да Түркістан өңірінде ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет атқардым. Бірнеше ауданда басшылық қызметте болдым. Өзіңіз айтқандай, отставкіге шыққаннан соң жеке дара қорғаушы, артынан Шымқаладағы «Көрме орталығында» комплаенс-офицер мен заңгерлік қызметті атқарып, 2023 жылдың 10 мамырынан бастап ҚР ПІБ жанындағы «Парламентаризм институтының» комплаенс-офицері мен сот жүйесі мен құқық қорғау органдары орталығының сарапшысы лауазымын атқарып келемін. Яғни, өзіме етене таныс саладан алыстап кете қоймадым.

ҚР ПІБ жанындағы Институттың басты миссиясы — Парламенттің өкілді және заңнамалық рөлін нығайту арқылы Қазақстанда парламентаризмді дамыту.

Институттың қызметі депутаттарға олардың заңнамалық бастамаларын іске асыруға, заң жобаларын сараптауға, қолданыстағы заңнаманың тиімділігін талдауға жәрдемдесуден тұрады. Сайып келгенде — заңдардың сапасын арттыру.

Сондай-ақ, Институт үшін заң шығармашылық процесінің азаматтық қоғам үшін ашықтығын қамтамасыз ету, заң жобаларын талқылауға, ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге сараптамалық және ғылыми қоғамдастықты, ҮЕҰ-ның, бизнестің, салалық қауымдастықтардың өкілдерін тарту маңызды міндет болып табылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде құрылған ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты депутаттардың заң шығару бастамасы құқығын іске асыруына жәрдемдеседі. Осылайша, Қазақстан Республикасы Парламенті қызметінің тиімділігін күшейтуге жұмыс істейді.

 –Деседе де қарапайым оқырманға әлі де болса түсіндіре кетсеңіз, Парламентаризм институты не шеше алады?

–Парламентаризм институты – бұл парламенттік жұмысқа және заңнамалық үдеріске қолдау көрсететін ғылыми-талдамалық, сараптамалық, әдістемелік орталық. Ол парламент депутаттарына заң жобаларын әзірлеу мен талқылауға, құқықтық зерттеулер жүргізуге, заңнамалық процестегі тиімділікті арттыруға көмектеседі.

Депутаттардың кәсіби біліктілігін арттыру, оларға заңнамалық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру, Парламентаризм институты тікелей шешім қабылдамаса да, ол арқылы әзірленген ұсыныстар мен сараптамалық материалдар парламентте қаралып, заң шығару процесінде ескеріліп, шешімдер қабылдануы мүмкін.

Депутат сайлауы – бұл халықтың өз өкілдерін заң шығару органына таңдау процесі. Қазақстанда Парламент Мәжілісінің депутаттары тікелей сайлау арқылы таңдалады, ал Сенат депутаттары жанама сайлау (мәслихаттар арқылы) негізінде таңдалады. Сайлауда халық өз өкілдерін таңдауға құқылы, бұл өкілдер заң шығарумен және мемлекеттік саясатқа ықпал етумен айналысады.

Депутаттар өз сайлаушыларымен тұрақты байланыста болуы керек, олардан түскен сауалдар мен өтініштерді қарастыруға міндетті.

–Сөзіңіз аузыңызда, Сіз «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің партиялық тізімі бойынша XVIII шақырылымының депутаттығына резервте тұрған кандидатысыз. Айтыңызша, көп депутат сайлауалды бағдарламасындағы уәделерін орындай алмай жатады. Содан да болар, елдің депутаттарға деген сенімі азайған сыңайлы. Оларды «уәде бергіш» сенімсіз адам ретінде көретіні де жасырын емес…

–Сайлаушылар алдындағы жауапкершілік депутаттар үшін өте маңызды болуы керек. Себебі олар халықтың сеніміне ие болып, сол сенімді ақтау үшін қызмет етуге нартәуекел етеді. Ол үшін әрбір депутаттың бойынан жауапкершілік қасиет табылғаны ләзім. Бұл орайда әрбір депутат өз қызметі туралы ашық мәлімет беруге және халыққа есеп беруге міндетті. Бұл оларға деген сенімділікті арттырады.

Уәделерді орындау – бұл олардың адалдығын және жауапкершілігін көрсетеді. Депутат сайлаушылардың сенімін қорғау үшін жоғары этикалық және моральдық стандарттарға сай әрекет етуі тиіс, ол өзінің өкілеттілігін жеке мүдде үшін пайдаланбауы керек.

Әрбір әрекеті халық мүддесіне қызмет етуге бағытталуы керек. Олар маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге назар аударып, тиісті заңдарды қабылдауда халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлуі тиіс.

Мұның барлығы депутаттың тек өкілетті тұлға ғана емес, сонымен бірге қоғамның мүддесін қорғаушы, халықтың сенімін ақтауға міндетті тұлға екенін көрсетеді.

Сол сияқты мәслихат депутаттары да жергілікті деңгейдегі өкілді органның (мәслихаттың) сайланған мүшелері ретінде  өз аймағының (қала, аудан, облыс) мүддесін қорғауға, жергілікті мәселелерді шешуге қатысатын халық өкілдері болып табылады. Мәслихат депутаттарының қызметі жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға және жергілікті деңгейдегі басқару шешімдерін қабылдауда халықтың мүддесін ескеруге бағытталған.

–Мәслихат депутаттарының негізгі міндеттеріне не кіретінін айта кетсеңіз…

–Мәслихаттар өз аймағына байланысты нормативтік актілер мен шешімдерді қабылдайды, мысалы, жергілікті бюджеттерді бекіту, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын мақұлдау. Өз өңірінің тұрғындарының қажеттіліктері мен мәселелерін зерттеп, оларды шешу үшін ұсыныстар енгізеді. Бұл мәселелерге жолдар, коммуналдық қызметтер, мектептер мен ауруханалар жағдайы, қоршаған ортаны қорғау сияқты жергілікті маңызы бар сұрақтар кіреді.

Олар жергілікті атқарушы органдардың, мысалы, әкімдіктердің қызметін бақылауға құқылы. Әкімдердің есебін тыңдап, атқарушы органдардың жұмысын бағалай алады.

 Мәслихат депутаттары өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болуға, олардың пікірін тыңдауға және туындаған сұрақтарды қарастыруға міндетті. Олар жергілікті тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жауап беріп, оларды өз шешімдерінде ескереді.

Депутаттар өз аймағының тұрғындарының мүдделерін бірінші орынға қоюға міндетті. Олар тұрғындардың мәселелерін шешуге бағытталған тиімді ұсыныстар енгізуге және әрекет етуге жауапты. Сондай-ақ, халыққа өз жұмысы туралы есеп беруге, ашық және жауапты болуға міндетті. Олар өз шешімдерін түсіндіріп, сайлаушылардың сеніміне ие болу үшін ашықтықты сақтауы керек.

Аудан, қала, облыс депутаттары жергілікті әлеуметтік мәселелерге, мысалы, тұрғын үй, жұмыссыздық, инфрақұрылым жағдайына назар аударып, тиісті шешімдерді қабылдауға ықпал етуі тиіс. Мәслихат депутаттары өз сайлаушыларының сенімін ақтау үшін жоғары жауапкершілік танытуы керек. Олар өз өкілеттілігін жеке немесе тар мүдделер үшін емес, қоғамның игілігі үшін пайдалануы қажет.

Осылайша, мәслихат депутаттары жергілікті деңгейдегі маңызды шешімдерді қабылдауда және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда үлкен рөл атқарады.

ҚР Президент Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі және ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі бірлесе Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының мәслихаттармен өзара іс-қимыл бағдарламасы аясында алғашқы мәслихат депутаттарына арналған тренингті Семей қаласынан бастады. Оған Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының мәслихаттарының депутаттары қатысты. 2-ші тренинг Қарағанды қаласында өтіп, оған Қостанай, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының мәслихат депутаттары қатысты. 3- тренинг Орал қаласында өтіп, бұл Іс-шараға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының мәслихатының депутаттары қатысты. Бұл Тренингтердің басты мақсаты – халық қалаулыларының кәсіби біліктілігін жетілдіру және заң шығармашылығы мен құқық қолдану саласындағы тәжірибелік көмек көрсету болды. Менің тарапымнан осы депутаттарға «Әкімшілік аумақта (аудан, қала, облыс) қоғамдық құқықтық тәртіптіқамтамасыз ету мәселелері: жай-күйі, міндеттері, проблемалары» жайлы тақырыпта баяндамалар жасадым.

–Парламентте қабылданған заңдар орындалуымен маңызды деп ойлаймыз. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер сол заңды білмеуден, заң талаптарының орындамаудан, орындалуын қадағалау жоқтықтан болып жатқан жоқ па?

–Иә, қабылданған заңдардың орындалуы – заңнаманың тиімділігінің басты көрсеткіші. Қандай да бір заң қабылданғанымен, ол іс жүзінде орындалмаса немесе тиімді түрде қолданылмаса, қоғамда сол заңға қатысты мәселелер туындайды. Заңдардың орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғам тарапынан жүйелі қадағалау және халық арасында заң нормаларын түсіндіру маңызды.

Кейбір жағдайларда қоғамдағы келеңсіздіктердің туындауының негізгі себептері расында да заңды білмеуден туындайды. Заңды білмеу – көптеген құқық бұзушылықтардың негізі. Көп адамдар өз құқықтары мен міндеттерін толық білмей, заңға қайшы әрекеттерге барады. Бұл, әсіресе, құқықтық сауаттылық төмен аймақтарда өзекті. Сондықтан азаматтарды құқықтық біліммен қамтамасыз ету, яғни заңдарды түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек.

Кейбір адамдар заңды білсе де, оны орындамайды немесе елемейді. Бұл көбінесе заң бұзғаны үшін нақты жауапкершілікке тарту механизмдерінің әлсіздігімен байланысты. Егер заң бұзған адамдар жазадан оңай құтылып кетсе, бұл қоғамда құқықтық мәдениет пен заңға деген құрметті төмендетеді.

Заңдардың орындалуын қамтамасыз етуде қадағалау органдарының ролі өте маңызды. Егер бақылау мен қадағалау дұрыс ұйымдастырылмаса, заңдардың орындалуы қағаз жүзінде ғана қалып, іс жүзінде орындалмауы мүмкін. Бұл әсіресе сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары немесе бақылау органдары әлсіз аймақтарда байқалады.

Жасыратыны жоқ, бізде әлі де болса, құқықтық мәдениет төмен. Қоғамда құқықтық мәдениеттің жеткіліксіз деңгейі де заңның орындалуына кедергі келтіреді. Егер қоғам мүшелері заңды құрметтеуге, оны орындауға жауапкершілікпен қарамаса, бұл түрлі келеңсіздіктерге, құқық бұзушылықтарға әкелуі мүмкін.

Осыған орай, заңдардың орындалуын қамтамасыз ету үшін құқықтық білім беру жұмыстарын күшейту керек. Халыққа заңдардың мазмұнын түсіндіру және олардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беру маңызды.

Жауапкершілік пен жазалау механизмдерін күшейту қажет, сонда заңды бұзғандар жазадан құтылмайтынын түсінеді. Қадағалау жүйесін жетілдіру қажет, әсіресе атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды.

–Сіз айтып отырған құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін не істеу керек?

–Құқықтық мәдениетті дамыту үшін қоғамдық бастамаларды, құқықтық оқыту бағдарламаларын енгізу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет. Заңдардың орындалуы – қоғамның құқықтық мәдениеті мен мемлекеттің тиімді қадағалау жүйесіне тікелей байланысты. Заңның орындалуы арқылы ғана әділдікке қол жеткізуге, қоғамдағы келеңсіздіктерді азайтуға және азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге болады.

–Сөз басында айтқанымыздай, ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет атқарған жансыз. Айтыңызшы, адал, әділ полиция имиджін, халыққа жақын, қорлаушы емес, қорғаушы ретіндегі бейнесін қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

–Әрине тәртіп бұзушы үшін жауапкершілікке тартқан адам жексұрын көрінетіні рас. Полицияны сол үшін де жақтырмайтындар бар. Десе де полицияның қоғамдағы рөлі айрықша: олар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, құқықтық тәртіпті сақтайтын және қоғамға қызмет ететін орган болып табылады.

Иә, сіз айтып отырғандай өзі заң бұзатын полиция қызметкерлері де жоқ емес. Бар. Сол үшін де сала мамандарының халық арасындағы беделі мен сенімі жоғары болуы үшін оның бейнесін қайта құру үшін бірнеше маңызды қадамдар қажет. Мысалы, полицияның ашық және есеп беруші құрылым ретінде әрекет етуі халықтың сенімін арттырады. Бұл үшін полиция қызметінің нәтижелері туралы ақпарат беру, есеп беру рәсімдерін ретке келтіру, азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын қарастыру жүйесін құру маңызды. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін қоғамдық тыңдаулар өткізу, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері мен шешімдерін халыққа түсіндіріп отыру қажет.

Полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейі мен моральдық стандарттары олардың халықпен қарым-қатынасына тікелей әсер етеді. Құқықтық білімділікті арттыру, этикалық нормаларды сақтау және адамдарға ізгі ниетпен қарау сияқты қасиеттерді насихаттау полиция қызметкерлерінің беделін арттырады. Олар халыққа қызмет көрсетуші ретінде өздерін тануы керек және кез келген жағдайда да сыйластықты сақтай білуі тиіс.

Полиция қызметкерлері қоғаммен ашық және түсінікті қарым-қатынас орнатуға тырысуы қажет. Бұл үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әрбір полиция қызметкері кез келген азаматқа мейірімді әрі қолжетімді болуы тиіс. Мысалы, полицияның қызмет көрсету орталықтары, арнайы ақпараттық платформалар құру, халыққа арналған ашық есік күндерін өткізу арқылы полиция қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды.

Полиция қызметкерлерінің қатысуымен түрлі қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру және қоғамға пайдалы бастамаларды қолдау арқылы халыққа жақын болу мүмкіндігі артады. Мысалы, жергілікті мектептерде құқықтық білім беру, қоғамдық қауіпсіздік шаралары бойынша тренингтер өткізу, қарттарға немесе балаларға көмек көрсету арқылы полицияның халыққа қамқоршы екенін көрсетуге болады.

Құқық қорғау мәдениетін арттыруда өз міндеттерін тек заң аясында орындауы, адам құқықтарын қорғауға мән беруі және қоғамның құндылықтарын құрметтеуі полицияның шынайы қорғаушы ретінде көрінуіне септігін тигізеді. Әрбір азаматтың құқықтары мен бостандығын сыйлау полицияның кәсіби міндетінің ажырамас бөлігі болуы керек.

 Егер полиция қызметкері өз міндеттерін асыра пайдаланса немесе заңды бұзса, ол жауапкершілікке тартылатынын білуі керек. Бұл – қоғам алдындағы әділдікті орнатуға қажетті шарт. Полицияның өз ішінде жазалау және көтермелеу жүйесі әділ және ашық болуы тиіс. Тек осы арқылы қызметкерлер арасында жауапкершілік сезімін арттыруға болады.

Полицияның күнделікті жұмысы қиын әрі психологиялық жүктемесі жоғары болғандықтан, қызметкерлерге тұрақты психологиялық қолдау көрсету қажет. Полиция қызметкерлерінің стреске төзімділігін арттыру, дағдарыс жағдайларын басқару бойынша тренингтер ұйымдастыру олардың өздерін жақсы сезініп, қоғаммен тиімді қарым-қатынас орнатуына көмектеседі.

Полицияның беделін көтеру және оны халыққа жақын, сенімді орган ретінде көрсету – көп қырлы міндет. Бұл жерде тек полицияның кәсіби деңгейін арттыру ғана емес, сонымен қатар халықпен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату маңызды. Әрбір полиция қызметкері өз әрекетімен халықтың сеніміне ие болуға тырысуы тиіс. Осылайша, полиция шынайы қорғаушы рөлінде танылып, қоғам үшін маңызды тірекке айналады.

Өз тәжірибемнен бөліссем, қай жерде қызмет жасасам да сол жердегі жергілікті БАҚ өкілдерімен қоян-қолтық полициядағы болып жатқан оқиғалар мен қылмыстарды тілшілерге (журналисттер қауымына) қалың қоғамға жеткізу үшін сұхбаттар беріп отырдым. Айталық, Сайрам ауданында «Сайрам ақшамы» деген телеарна апта сайын қылмыстар хроникасы мен болып жатқан қылмыстық оқиғалар жайлы жиі түсірілімдер жасады. Халық оны көруге ынталы болғандықтан телеочерктер шығара бастадық. Ол журналистердің ішінен Илхам Ибрагимов қазір республикалық телеарналардың бірінде басшылық етуде. Сонымен қатар, Зульфия, Жандос сынды журналистер есімнен шыққан жоқ. Олар нағыз мамандар. Ал газеттерден «Мәртөбе», «Сайрам садоси» жиі полициялар жайлы мақалалар жариялап отырды.

Шымқалада да БАҚ өкілдерімен жиі кездесіп, олар полицияның имиджін көтеретін жарияланымдар жасады. Айталық, «Оңтүстік Қазақстан», «Рабат», «Оңтүстік Рабат» газеттері мен «Отырар» телеарнасында жарияланымдар жиі болды.

Ал Келес ауданында полицияның имиджі жоғарғы деңгейге көтерілді десем жаңылыспаймын. Ең бастысы халықпен тікелей байланыста жұмыстар жасалды. Ол жақтағы ардагер абыз ағаларды ешқашан ұмыта алмаймын. Олардың қолдауы маған қанат бітірді. Әрбір ауыл округінде аудан әкімімен тізе қоса құқық қорғау басшылары бірлесе халықпен жиі кездесулер өткіздік. Сол округтің учаскелік инспекторлары халық алдында есеп беруді үйренді. Аса ауыр, ауыр қылмыстар ашылмай қалған жоқ. Соның бәрі де елмен етене жұмыстың нәтижесінде қол жетті.

Сарыағаштың «Сәт» телеарнасы жиі Келес ауданында репортаждар жасады. Жергілікті «Келес келбеті» апта сайын ауданда орын алған оқиғаларды жариялап отырды. Аудан халқы қандай құқық бұзушылықтардың орын алып жатқандығы жайлы БАҚ беттерінен, ТВ-дан көріп отырды. Тіпті “Оңтүстік” ТВ арнайы түсірілім жасап, облыс халқы хабардар болды.

Мен бұларды мақтаныш үшін емес, полиция халық үшін жұмыс жасауы тиіс деген мақсатта айтып, құқық қорғау органдары елге ашық болуы тиіс деген пікірімнің нәтижелі екені үшін мысалға келтіріп отырмын.

–Сұхбатыңыз үшін көп рақмет.

Сұхбаттасқан Ж. ЕРЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *