Мәселе

Ауылдың ажары кірер еді

Үкімет халық үніне құлақ асып, Агро банк ашылса…

     Жасыратыны жоқ, бүгінгі ауылдың ажарын жекелеген кәсіпкерлер салған дүкендер ғана ашып тұр. Жұмыссыздықтан жүдеген ауыл халқы екі қолға бір күрек іздеп, қалаға ауғалы қаша-а-н. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып қайта сайланғаннан кейін алғашқы Жарлығын ауылға арнап шығарды. «Мен Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл – менің жаңа президенттік өкілеттігім басталғаннан кейінгі алғашқы Жарлығым. Келесі жыл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға арналады. Тұжырымдаманы әзірлеуге мамандарды, шаруаларды және жергілікті қоғам белсенділерін тарту қажет. Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткенді есіңе алмасаң болашақты болжау қиын демекші, Мөңке бидің бұдан 300 жыл бұрынғы болжамы тура келіп тұр. «Құрамалы қорғанды үйің болады, аумалы-төкпелі биің болады, осындай керлі заман келгенде оның түзелуі қиын болады» деген екен әулие бабамыз. Егемендік алғалы бері 30 жыл жемқорлар жайлаған заманның кесірінен ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпейтінін журналистер теледидардан айтып, газетке жазып жүр. Тіпті сарапшылардың пікірі де соған саяды. Бұл жерде ескерілетін нәрсе — егемендік алғалы бергі теріс ұғым, теріс саясат. Теріс ұғым дейтінім барлық бюджеттік қызметкерлер өзінен жоғары лауазымның құлы болып алған. Халықпен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жоқ. Ол туралы Президент жолдауында да айтты. Мемлекеттік қызметкерлер ықпалды адамдардың ығынан шыға алмай, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салуда. Бізге мұндай қызметкерлер керек емес, олар орнын босатсын деді.

Қай кезде, қай салада болмасын бірлік болмай жеңіске жету мүмкін емес, оған дәлелдер көп. 2003-2006 жылдары ауыл жылы деп аталғалы бері ауыл шаруашылығын көтеру туралы газет бетіндегі мақалаларды тізетін болсам, Лев Толстойдың екі томдық  кітабынан да асып түспесе кем бола қоймас. Бәрінде де ауылға кереметтей жағдай жасалып жатыр деген мәліметтер. Шындығында олай емес. Бәрі де әдемі сөз жүзіндегі ақпараттар. Егер де Президент пен Үкіметтің теледидардан айқайлап айтқаны, журналистердің жалаулатып жазғаны орындалмаса, сонда біз қандай дербес мемлекет болдық?!

 Мен де Президентке ұқсап өткенді еске алып қарасам, совет дәуірінде ауылда тұратын 40 пайыз қарапайым халықтың күнкөрісі қолындағы азын-аулақ малы мен колхоз, совхоздың қара жұмысы болатын. Сол кезде колхоз бен совхоз басшылығының қабылдаған шешімін Үкімет те, Министр де өзгерте алмайтын. Себебі ол қарапайым халықтың Үкіметке қол жаймай өмір сүру, өзін өзі асырау үшін қабылдаған шешімдері болатын. Ал 60 пайыз қала халқын бағу үшін ас атасы — нан және тағы басқа да азық түрлерін өндіру үшін колхоз жұмысын толық жүргізуге Агро банктен құрал-жабдықтарды қарызға алып, жыл соңында атқарылған жұмысының есеп-қисабын жасап, алдымен жұмысшылардың еңбек ақысын төлейтін. Одан қалғанын Агро банк алдындағы берешек қарызға құятын. Жетпеген ақшаны Агро банк дотациялап, жауып отырған. Міне, осы жүйе нағыз қарапайым халыққа қызмет жасайтын. Ал, қазіргі субсидия деген нәрсе жоғарыдан төменге қарай басқарылған теріс ұғым, теріс саясат дегенге дәл келіп тұр. Агро банк ашу ауыл қазағының арманы. Жаңа Қазақстанның жаңа қадамының бірі ретінде аудандарда Арго банк ашылар, халық үні Үкіметтің құлағына жетер деп үміттенемін.

Тұрдалы Сәуірбеков,

зейнеткер, Д.Қонаев 105 жыл медалінің иегері,

          Түлкібас ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *