Иә, ашылғанына көп бола қоймаған Қаратау дәстүрлі өнер мектебі енді ата-аналар мен балаларға ой саларлық кино түсіру ісін де қолға алып отыр. Нәтижесі жаман емес. Алғашқы кинотуынды ютуб каналда ғана көрсетілсе, екінші фильм көрерменге кинотеатрда ұсынылды. Өнер мектебінің жанынан құрылған «Qaratau films» балалар киностудиясының ашылғанына төрт-ақ ай болған. Ал студияның көпшілікке ұсынған «Нағыз жеңімпаз» атты екінші фильмі көрермендер тарапынан жылы пікірге ие болып үлгерді. Премьерасы 10 шілде күні Шымкенттегі белгілі сауда орталығының кинотеатырында өтті. Көрермен көп жиналды. Киноны кім түсірді? Кімдер ойнайды?
Бұл сұраққа Қаратау өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов былай деп жауап берді:
–Негізінен актерлеріміздің бәрі өзіміздің мектептің «актерлік шеберлік» сыныбында оқитын балалар. Бас режиссеріміз де өзіміздің мұғалім – Ғабит Сейдахмет. Осыдан бір жарым ай бұрын алғашқы кино туындымызды жарыққа шығардық. Шыны керек, бұл саладағы алғашқы жұмысымыз болғасын қобалжу басым болды. «Киномыз қалай шығады? Көпшілік қалай қабылдайды екен…» дегендей ой көп мазалады. Бірақ өзіміз күтпеген деңгейде жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Көрерменнің көңілінен шығып, ютуб арнамызда бір айда 170 мыңнан астам қаралым жинады. Бұл нәтиже бізге үлкен шабыт берді, әрі бұл ісімізді одан әрі қарай жалғастыруға тың серпін алдық.
Екінші фильм жайлы көрермендер тарапынан қолдау, қуаттау, жылы пікірлер қабылдап, мерейіміз өсіп жатыр. Көрсетілімнің аншлагпен өткеніне көпшілік куә. Біз киностудияның тұсаукесер рәсіміне орайластырылған премерьаға осынша халық жиналады деп ойламадық. Ойлы, тәлім-тәрбиені насихаттайтын, ең бастысы балаларды жалықтырмайтын киноны көруге кім кімде болсын асық екеніне көзіміз жетті.
Біржан Байтуовтың айтуынша мұндай киноларды түсіруге демеушілік танытатын азаматтар Шымкентте табылмауы мүмкін емес. Алғашқы туындыларға мекетептің ата-аналары, кастингтен өткен өнерпаздар демеушілік жасаған.
–Қоғамдағы келеңсіздіктерді жоюға кино тілімен әсер ете білсек, бала мен ата-ана арасындағы қарым қатынасты жақсартуға ойлы фильмдер арқылы ықпал етсек деген мақсатымыз бар. Ал ондай дүние жасау үшін әрине демеуші қажет. Болашақта демеушілік жасайтын қалталы азаматтар табылып қалар деген үмітіміз де жоқ емес,-дейді Б.Байтуов.
Расында да, жастар тәрбиесінде осындай фильмдердің алар орны ерекше. Түрлі акция, ұзақ-сонар пәлсафа айтылатын жиындардан гөрі, қоғамды жақсылыққа бастау үшін бірқатар мәселеге жастардың көзімен қарап, солардың талғамына сай келетін кино арқылы әрекет етіп көруде керек шығар…
Бастысы Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде бұған дейін ұлттық спорт түрлері, айтыс өнері, ақындық, әншілік, қолөнер шеберін шыңдау, т.б сыныптардан бөлек енді киноөнеріне баулитын сыныптың жұмыс істей бастағаны қуантады. Балалар бос уақытын пайдалы, өнегелі іспен айналысуға жұмсауы керек. Ал, оған осындай мектептерді айтып, бағыт сілтеу ересектердің міндеті.