Биыл ауа райының құрғақ болуына байланысты судан тапшылық көп сезілуде. Суы қанша мөлшерде азайса да арнасы дәл бүгінгідей кеппеген Сырдария өзенінің бойындағы Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Арыс аудандарының диқандары қатты қиналып отыр. Ала жаздай қанып су ішпеген егіс өнім бере ме деген ой маза бермейді.

Сырдариядағы судың азаюы «Шардара» су қоймасындағы ахуалды бұрын соңды болмаған күрделі күйге түсірді. Судың жағалаудан 80-100 метрге дейін шегінгенінің салдарынан жасанды теңіз ортасында аралдар пайда болуда. Ал бұл егінді айтпағанда, ауыз су мәселесін де күрделендіріп жіберді. Салдарынан шардаралықтар тіршілік нәрін іздеп, табаннан тозуға мәжбүр. Ресми мәліметке сүйенсек, Шардара қаласында 31883 тұрғын, 6520 абонент, 85 көпқабатты үйде 1687 пәтер және 4833 жеке тұрғын үй бар екен. Есік алдынан құдық қазып алғандар мен бұрыннан ұңғыма суын пайдаланатындарды есептемегенде, Шардарада су тасымалдауды 85 көпқабатты үйде тұратын 6748 және 64 жеке үйдегі 332 адам қажет етеді. Халықтың ауыз сусыз қалмауына алаңдаған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жағдайды өз бақылауына алған. Нұралхан Оралбайұлының соңғы үш аптада төрт рет Шардараға табан тіреуі осы сөзіміздің айғағы болса керек. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің де екі рет арнайылап жұмыс сапарымен келіп, мәселені өз көзімен көріп, бақылауға алуы шардаралықтардың жағдайы Үкіметтің назарында екенін көрсетсе керек.
Су ведомствосының басшысы Шардара ауданындағы су тапшылығын жою мақсатында ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды қадағалады. Шардара қаласының бас су торабында мамандармен кеңесіп, тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін жаңа ұңғыма қазу, су тапшылығының алдын алу жұмыстарын көріп, маңызды істің басы-қасында болды. Сондай-ақ министр тығырықтан шығу жолын да қарастырды. Осы орайда Түркістан облысында суды өте көп қажет ететін күріш егу жоспары жылдағыдан 3,3 еседен асып кеткені анықталды. Су тапшылығы қаупіне және 4000 гектардан асырмау керектігіне қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13258 гектар күріш алқаптарын суаруға 1047 келісімшарт жасасқан. Бірақ бұл мәселенің бір жағы ғана.

Шығынның көп болуы, Өзбекстаннан келетін су көлемінің күрт кемуі жасанды теңіздегі тіршілік нәрінің азаюына себеп болуда. Сондықтан да облыс әкімінің тапсырмасымен қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітіліп, арнайы штаб құрылды. Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан «Абай», «Қызылжар», IV және «Асем-ай» шағынаудандарына 2 тонналық 28 дана су жинау ыдыстары орнатылып, оларға су толтырылуда. Осы мақсатта 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылған. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылуда. Жекеменшік 3 ұңғыма және су тасымалдайтын 15 «водовоз» иелеріне су бағасын көтермеу түсіндіріліп, келісім түзілді.
Айрықша ескеретін бір жайт, 4 тамыз күнгі мәлімет бойынша «Шардара» су қоймасындағы судың көлемі 401 млн. текше метрді құрапты. Сол кездегі кіріс -144 м3/сек, шығыс — 331 м3/сек. болған. Мамандар есебі бойынша қоймадағы су мөлшері 500 млн. текше метрден азайған жағдайда, балықтардың өмір сүруіне қауіп төнеді екен. Сол үшін теңіз суына тиісуге болмайды. Алайда, таразының екінші басында адам өмірі тұрғандықтан, бұл қағидаға қатып қалуға болмайды. Балықтың жағдайын ойлап жүргенде халықтың ахуалын қиындатып алмау керек. «Өрге салсаң – өгіз өледі, еңіске тартсаң – арба сынады» деген осы болса керек.
Су көлемінің күрт төмендеуінен тағы бір күрделі мәселенің құлағы қылтияды. Нақты айтқанда, облысымыздың оңтүстік аудандарын, яғни Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Шардара, Арыс, Қазығұрт аудандарын жарықпен қамтамасыз етіп отырған ГЭС Шардарада орналасқан. Демек, жасанды теңіздегі судың азаюы ГЭС-тің де жұмысын ырғақтан шығарып, тығырыққа тірелуіне басты себеп. Осы тұрғыдан алғанда «Шардарадағы» су деңгейінің күрт төмендеуі аудандық немесе облыстық емес, халықаралық деңгейдегі күрделі мәселе. Ендеше, бұл іске Үкімет басшысы немесе Президенттің өзі тікелей араласу қажеттігі байқалады. Бұған дейін вице-министр Н.Алдамжаровтың өңірге бірнеше рет келіп, Өзбекстанға барып, тиісті сала мамандарымен кездесуі оң нәтиже бере қоймағаны анық.
Қорыта айтқанда, Шардара теңізі жағалауының кейін шегінуін болдырмау, жалпы су жеткіліксіздігін тоқтату аудан мен облыс басшылырының құзырындағы дүние емес. Сондықтан бұл мәселені министрлік жіті қарап, қолға алынып жатқан жобаларды жүзеге асыру Республикалық бюджеттен тікелей қаржыландырылмаса, жағдай алдағы жылдары бұдан да қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан Шардараны ауыз сумен қамтамасыз ететін «Тама-Тастанбек» жобасын жеделдету қажет. 30 мыңнан аса тұрғыны бар қаланың тағдырын бір «Шардара» су қоймасымен байланыстыру қауіпті екенін биылғы жағдай көрсетті. Енді содан сабақ ала білу керек.
Ұлықбек ҮМБЕТ.
