Мәселе

Өзгеге өмір сыйлай аласыз ба?

Өлген адамның ағзасын өзгеге беру заңмен бекітілмек

Өткен аптада «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев қайтыс болған адамның сау ағзасын өзге біреудің өмірін сақтап қалу үшін пайдалану ісін жандандыру мәселесін көтерді. Ағза донорлығы мәселесі бұған дейін де аз айтылып жүрген жоқ. Десе де Жәмішевтің бұл жолғы ұсынысын, әсіресе дәрігерлер қызу қолдап отыр. Тіпті «Адам өмірін арашалап қалу ісін медицина маманы емес, Жәмішевтей қаржыгердің көтеруі бұл мәселенің қоғамда әбден пісіп-жетілгенін көрсетсе керек» дегендер көп.

Расында да бұл мәселені өзге емес, неге Болат Жәмішев көтеріп отыр?

                «Өлгім келмейді…»

Жыл өткен сайын Қазақстанда ағза ауыстыру операциясына тәуелді науқастар саны артып келеді. Біріне жүрек, екіншісіне бауыр, үшіншісіне бүйрек керек. Тағы бірі жазатайым жағдайда көзінен айрылып, көз қарашығына зәру. «Донор табылар ма екен…» деген үміттің жетегімен кезек күткен науқастар саны елімізде 4 мыңнан асады. Олардың 1 мыңнан астамы балалар екенін ескерсек, «балам үшін шыбын жаным құрбан» дейтін ата-ананың зарын елестетудің өзі ауыр. Ағза алмастыру операциясына заңдық негізде рұқсаты бар дәрігерлердің айтуынша біздің ел қажет ағзаны АҚШ-тан алдыртады екен. Әрине аз ақша тұрмайды. Қалталы адам дүниесін сатса да донор табар. Ал, қарапайым қаймана қазақ қайтпек керек?! «Өлгім келмейді» деп шырылдаған баласына, бауырына, ата-анасына қалай жәрдем бере алады? Құдай басқа салмасын, десек те әлеуметтік желіде күнделікті көріп жүргеніміздей «бізге донор керек. Оған түген теңге төлеуіміз қажет екен» деп көмек сұраған жандардан аяқ сүрінетін болды. Хәл үстіндегі баланың, ананың, әкенің суретін жариялап, қайырымды жандардан садақа жинайтындар көбейді. Көмекке зәру азаматтар «Қазақстан халқы» қорына жүгінуде. Біріне берсе, екіншісіне жетпейтін (шетелден ағза сатып алу өте қымбат тұрады) қаржының жайы өз алдына, сатып алуға лайықты ағзаның табылмай, донорды күтуден үміті үзіліп, кезегі келгенше өліп кетіп жатқан науқастар бар. Болат Жәмішев осы мәселені шешудің бірден-бір жолы өз ажалымен қайтыс болған адамдардың сау ағзасын алып, өзгенің өмірін сақтап қалуымыз керек дейді. Бұл орайда әрине, ең алдымен көлік апатынан, немесе мертігіп, түрлі жағдайда қайтыс болған адамның туыстарының ерікті түрде берген рұқсаты керек.

Б.Жәмішев

Мысалы, былтыр Асфендияров атындағы медицина университетінде мамыр мен желтоқсан айы аралығында көз жанарын қалпына келтіру бойынша 93 операция жасалған. Бәрінде де көз қарашығын шетелден сатып алуға тура келген. Кезегін күтіп, жарық дүниені, ұл-қызының дидарын бір көруге зар зағип жандар қаншама? «Міне осындай азаматтарға донорды өзімізден де табуға болатын еді. Дәрігерлер шетелден қымбат ағзаларды сатып алудың қажеті жоқтығын, тек біздегі заңды өзгертіп, оның талаптарын күшейтсек болғаны деп отыр», – дейді Б.Жәмішев.

«Қазақстан халқына» қоры қазір АҚШ-тан біздегі 304 науқасқа көз қарашығын сатып алу үшін келісім шартқа отырыпты. Жоғарыда айтылған 93 науқасқа жасалған операцияның бұл түрі 100 пайыз сәтті шыққан. Негізі «өлген соң сау ағзамды қажетсінген науқасты аман алып қалу үшін беруге қарсы емеспін» дейтіндер Қазақстанда некен саяқ болса да бар. Бірақ, олардың саны соңғы 5 жылда күрт азайып кеткен. Неге? Ол жайлы сәл кейінірек баяндаймыз.

«Донор болуға дайынмын»

Жақында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та «Ағзамды донор ретінде беруге келісемін» деп мәлімдеме жасады. Ол бұл қадамын тек медицина тұрғысынан ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да дұрыс деп санайды.

А.Ғаният

«Өлген соң сенің сау ағзаң өзге біреуге өмір сыйласа, бір адамның өмірін құтқарып қалуға септігі тисе несі жаман?! Өмір үшінгі күресте донор қажетсінген жағдай ет жақын туысымызда болуы әбден мүмкін ғой» деген министр донор қажетсінетіндер үшін электронды тіркеу жүргізіліп жатқанын айтты. Ел азаматтары электронды үкімет арқылы мәйіт донорлығына қатысты өз таңдауын білдіре алады. Қазірге дейін мұнда 40 мыңнан астам азамат өз ойын жазып қалдырған. Оның 15 пайызы өзін қандай да жағдайда қайтыс болған кезде «ағзамды басқа азаматтардың өмірін сақтау үшін алуға рұқсат етемін» деп жазыпты.

Қазақстанда, әсіресе, бүйрекке деген сұраныс жоғары. Донор іздегендердің 91,24 пайызы бүйректі күтіп отыр. Бауыр қажет етіп отырғандар – 4,6, жүрек – 3,7, өкпе – 0,4, өкпе-жүрек кешені – 0,1 пайыз. Бізде жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантациясы жасалады. Жалпы, 2012 жылдан бастап елімізде 2379 транспланттау жүргізілген. Оның ішінде тірі кезінде донорлардан пациенттердің 85 пайызы ағза алған. Қайтыс болғандардың арасында донор болғаны 15 пайыз ғана.

Министрлік қазір жаңа заң жобасын дайындауда. Біздің елде трансплантациялық операциялар жақсы нәтиже беріп отырғанын тілге тиек еткен министр екі айда екі донор тоғыз адамның өмірін сақтап қалғанын да айтты. Десе де өлген адамның ағзасын донорлыққа беруге қарсы адамдар көп.

М.Бердіқожаев

— Себебі олар еліміздегі медицинаның мүмкіндіктеріне сенбейді. Сыбайластық, жемқорлық жайлаған қоғамда донорлық трансплантацияда бармақ басты, көз қысты жағдай орын ала ма деп күдіктенеді. Сондықтан да бізге арнайы заң керек. Сонда ғана дертіне дауа іздегендер қоғамдағы қайырымды жандардан қаржы жинап алып, өте қымбат операцияларды шетелде жасатуға сабылмайтын болады. Ағза ауыстыру турасында күрделі операцияларды негізінен Үндістанда және Беларуссияда жасайды. Құны өте қымбат. Оған донор табуды қосыңыз. Дәл сондай операцияны өзімізде де жасай алатын білікті дәрігерлер бар. Мысалы, Қазақстанда жүрек ауыстыру бойынша 69 операция жасалған. Өкпе, бауыр, бүйрек ауыстыруға машықтанған клиникамыз бар. Сызғанов атындағы хирургиялық орталық, Шымкенттегі №1 ауруханада жасалып жатқан операциялар соның дәлелі. Әрине, ағза алмастыру операциясы қымбат қызмет түрі. Қаржысы бар азаматтар бәлкім шетелге барып жасатып алуға мүмкіндігі бар шығар, ал елдегі қарапайым адамдар ше? Оларға кім көмектеседі?

Мысалы, «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы мемлекетіміз бала сүйе алмай жүрген отбасыларға қуаныш сыйлау мүмкіндігін жолға қойды. Соның арқасында қазір жылына 7 мың отбасы сәбилі болуға квота ала алады. Дәл осындай мүмкіндікті ағза ауыстыру ісінде де қолданып көруге болады. Біздің ұлт өте бауырмашыл. Жақынына мейірімді. Қолынан келсе көмектескісі келіп тұрады. Содан да болар өзі күні ертең мүгедек болып қалу қаупі бола тұра бауыры үшін бір бүйрегін беріп жатқан азаматтар бар. Егер осындайда қайтыс болған адамның сау органын алып, науқас адамға салу арқылы оның өмір сүруіне мүмкіндік жасайтын болсақ, сап-сау адамның ағзасын алып, (бір бүйрегін, жарты бауырын) әуреленбес едік. Әрине, кез келген адамға қайтыс болған туысының ағзасын алуға рұқсат беруі қиын. Бұл мәселе өте ауыр тақырып. Діни наным-сенімге сүйеніп қарсы болатындар бар. Бірақ, білесіз ба, Ислам негізінде тіршілік ететін мемлекеттерде трансплантация жақсы дамыған. Мысалы, Иранда 4 жүрек, 23 бүйрек, 68 көздің роговицасын ауыстыратын орталықтар бар. Иран дегеніміз Ислам Республикасы ғой. Олай болса, ерте ме, кеш пе бізде де қайтыс болған адамның ағзасын донорлыққа қолданатын уақыт келеді. Тек сондай шешімге келгенге дейін талай науқастың өмірін құтқаруға үлгермей қаламыз ба деп уайымдаймын, — дейді белгілі нейрохирург, Қазақстан Республикасы Президент ісі басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев.

          Ағза ауыстыруға шариғат не дейді?

Муфтияттан бастап имамдар, мешіт жамағаты арагідік қан өткізіп, донор болып жатқаны туралы ақпаратты жиі оқимыз. Бұл істе имамдар бір рет тапсырған 450 мл. қан арқылы үш адамның өмірін құтқаруға септігі тиетіндіктерін айтады. Әрине, ниеттері шынайы жандардың «Алланың разылығы үшін» деген мақсатта жасалатын мұндай қайырымдылықты муфтият құптайды. «…бүкіл әлемнің Патшасы, ерекше мейірімді Раббымыз қасиетті Құран Кәрімде: «Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады» («Мәида» сүресі, 32-аят) деп, Өзінің құзырында адам өмірін сақтап қалудың қаншалық құнды екенін баяндайды» дейді. Ал, екі дүниенің сәруары, адамзаттың асыл тәжі, ардақты Елші (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «…Адамның қадірі мен құрметі Кағбадан да артық…», – дейді.

Жалпы, трансплантация жасау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі болсын) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда, бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат болып табылады. Усама бин Шәриктен жеткен риуаятта былай делінеді: «Шөл далада өмір сүретін бір араб келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» — деп, сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Оны білгені білді, білмегені білмеді», — деп жауап берді». Демек, трансплантация жасау да адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі.

Алла Тағала былай дейді: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең». Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені, өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі, өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді. Сонымен бірге, тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Себебі, тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттайды, жалғыз Жаратушыға құлшылық етеді. Ислам шариғаты бойынша ананың жанын сақтап қалу – жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген. Өйткені, ананың жанын сақтап қалуға мүмкіндік бар, ал баланың тірі туылуы екіталай. Міне, ана өмірінің жатырдағы баладан жоғары тұруы да тірі адамның мүддесі үшін өлі адамның ағзасын тіріге ауыстыруына рұқсат екендігіне дәлел. Және бұл әрекет өлген адамға зиян жасау немесе қорлау болып саналмайды.

Донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету шартымен, сауда-саттық, пайда табу секілді мақсаттар көзделетін болса трансплантация жасау рұқсат етілмейді. Ал, жалпылама алғанда, тіріден тіріге немесе өліден тіріге ағзаны ауыстыру үшін талап етілген шарттар толық болуы тиіс.

Ағза ауыстырудың өз шарттары бар

Тірі адамның ағза мүшесін екінші бір тірі адамға ауыстыру шарттары төмендегідей: 1) Аса қажеттілік, зәрулік болса. Яғни, сенімді, әділ медицина мамандарының шешімімен науқас адамды ауруынан айықтырудың жалғыз жолы – трансплантация жасау болған жағдайда. Сондай-ақ, ағзасын беруші балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, ерікті болуы шарт.

2) Ағзаны өзгеге салу отасы сәтті әрі толықтай пайдалы болатынына толықтай көз жетсе. Яғни, бос қинау болмауы керек. Өйткені, кейбір денелер басқа дене мүшелерді қабылдамауы ықтимал.

3) Донордың ағзасын алу отасы оған ешқандай зиян жеткізбейтініне немесе оның ертеңгі өмір тіршілігіне кері әсерін тигізбейтіндігіне медицина мамандарының нақты тұжырымдары болуы тиіс. Өйткені, науқастың мүддесі ағзасын беруші адамның мүддесінен жоғары тұрмайды.

4) Бұл амал ешқандай материалдық немесе рухани қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс. Яғни, ағзаны сату, пайда табу мақсатында берілмеуі тиіс.

5) Ең кемі үш адамнан (медицина маманы) құрылған әділ, сенімді әрі осы ота жасау арқылы пайда табуды көздемейтін коммиссия ота жасалмастан алдын осы емдеу жолының реципиентке (ағза мүшелері ауыстырылып жатқан адамға) нақты пайдасы тиетінін және келешекте донордың (ағзаны берушіге) денсаулығына, өміріне зиян тимейтіні жайлы жазбаша түрде нақты шешім шығарып, оны донор мен науқасқа беруі шарт.

6) Ауыстырылатын ағза ұрпақ тарату жүйесіне (жыныстық мүшелерге) байланысты болмауы шарт.

2. Өлінің ағза мүшелерін тірі адамға көшіру шарттары: 1) Шариғат көзқарасы жағынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлік болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл коммиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болу керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.

2) Трансплантация жасау, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын, әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс.

3) Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде, ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Өйткені, трансплантация жасау адамды қорлауға алып бармау керек. Яғни, өсиеті адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы тиіс. Себебі, бұл Құранда адамды ардақтап келген аятқа қайшы әрекет. Алла Тағала былай дейді: «Расында Адам баласын ардақтадық».

4) Өліден тіріге көшіргелі жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт. Яғни, ұрпақ таратуға атсалысатын адам ағзалары болмауы қажет.

5) Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Және ағзаны көшіру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс.

Міне, осы сияқты пәтуаны Мысырдың алдыңғы мүфтилері де шығарған, атап айтқанда, 1959 жылы Хасан Мамун, 1966 жылы Ахмад Хариди, 1979 жылы Жәддул Хақ Али Жәддул Хақ, 1989 жылы Мухаммад Сайд Тантауи. Сол сияқты «Әл-Азһар» университетінің бас шейхы Ахмет әл-Тайып және д. Али Жума».

Кімдер донор бола алады?

Дәрігерлер түрлі жағдайда қайтыс болған адамның сау ағзасын донор ету арқылы кемі 4 немесе 7 адамның өмірін сақтап қалуға болады деп отыр. Ендеше кімдер донор бола алады?

Электронды үкімет порталында донорға қойылатын талаптардың бәрі нақты жазылған. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің талаптарына сәйкес, тірі және қайтыс болған адам донор бола алады. Тірі кезіндегі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды. Теріс пиғылға жол бермеу үшін тиісті барлық құжат расталады. Қайтыс болғаннан кейінгі донор — 18 және одан жоғары жастағы, ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіні (тінінің бөлігі) реципиентке транспланттау үшін пайдаланылуы мүмкін. Бас миының біржола семуі расталған, яғни миы өлген адам донор бола алады.

Егер қайтыс болған адамның ағзасын транспланттау үшін алуға әйелі (күйеуі) туысқандары қарсы болса ол донор бола алмайды. Сонымен бірге, Қазақстанда донарлыққа ағзасын сатуға рұқсат жоқ. Заңмен тыйым салынған. «Қайтыс болғаннан соң ағзамды донорлыққа ала беруіне рұқсат» дейтіндер үйден шықпай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркелуіне болады. Мұндай өтініш мерзімсіз болады, яғни оны біраз уақыттан кейін жаңарту немесе растау қажет емес. 

Шешім адамның соңғы тіркелген өтініші негізінде қабылданады. Келісімді немесе бас тартуды кім тіркегені туралы ақпарат қолжетімсіз. Жабық ақпарат. Бұл деректерге тек республикалық үш үйлестіруші ғана қол жеткізе алады. Онда да келісімін берген адам қайтыс болғаннан кейін ғана ақпаратқа кіру мүмкіндігі ашылады. Ағзасын ауыстыруға өтініш беру, транспланттауды күту парағы елімізде ортақ. Күту парағына транспланттау қажеттілігі туралы нақты шешім қабылданған адамдар ғана тіркеле алады. Аймақтардағы дәрігерлердің шешімі, медицина ұйымының ұйғарымы сияқты құжаттарды тіркейді.

ТҮЙІН

Талқыға түсіп жатқан тақырыпқа әл-әзір түйін қоюға ерте сияқты. Себебі, қоғамда екіұдай пікір бар. Ортақ шешім заң жобасын талқылаудан өткізгенде белгілі болмақ. Сізге қояр сұрағымыз, қадірлі оқырман, сіз біреудің өмірін құтқару үшін өз ағзаңызды донор ретінде берер ме едіңіз? Пікіріңізді редакциямыздың хат қоржынына жазып жіберіңіз.

Ж. ШАЛАБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *