Сингапурдың оқу жүйесі қандай?
Еліміздің білім саласы жиі реформаланады. Өзгеріс көп. Оқушының киімін өзгертеді. Бір жыл «Күнделік», келесі жылы «Білім» КЗ-ке өтеді. Әйтеуір тыным жоқ. Ал әлемде алдыңғы орындардан көрінген шетелдегі білім жүйесі қандай? Несімен ерекшеленеді?
Бұл жайында естігендерден емес, көргендерден сұраған жөн. Бүгін біз Сингапурда біліктілігін арттырып келген Шымкент қаласындағы №94 мектептің директоры Жәмила Сағынтайқызы Қаратаевамен осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбіттік.

— Жәмила Сағынтайқызы, Сингапурдың білім жүйесі жайлы не айтасыз?
— Сингапурде оқушылар ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуды 3-сыныптан бастайды. Ол стандарт талаптары негізінде міндетті саналады. Біздегідей академиялық білім оларда міндетті емес. Оқырманға түсінікті болу үшін нақты мысалдар келтірсем, мәселен бізде оқушылар Кенесарының туылған жылын білуі керек. Оларда мұндай датаны жаттап алу міндетті емес, қажет болса ғаламтордан кез келген уақытта көре салады. Бізде көбінше мұғалімнің, мектептің дәрежесі шәкірттерінің олимпиадалардан жеткен жетістіктеріне қарай анықталады. Сингапурде олай емес. Олимпиадаға қатысу баланың жеке шығармашылығы болып есептеледі. Яғни, ол өз білім деңгейін тексеру үшін ғана қатысады. Сол себепті, олимпиадаға қатысқысы келген оқушы өзі өтініш береді, оны мектеп әкімшілігі қарап, талқылайды. Содан кейін оған ментор (жетекші) белгілейді. Бірақ ол жетістікке жете ме, жоқ па ол маңызды емес.
— Мектептердің ахуалы нешік?
— Мектепте үлгі алатын жайттар жетерлік. Әсіресе, кітапханаларына риза болдым, біздегі спорт залдан екі есе үлкен. Ондағы кітаптың санын, оқушының оны оқуы үшін жасалған жағдайды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әдеби, ғылыми кітаптар, оқулықтар жарасымды сап түзеп, тізіліп тұр. Әуесің келіп, еріксіз қызығушылығың артады екен. Осы көріністің өзі оқушылардың кітапқа деген құмарлығын оятып, мотивация береді. Айрықша атап өтері – кітапхана әрдайым оқырманға толы болады. Оқушысы да, ұстазы да жиі бас сұғуды әдетке айналдырған. Баяу ойнап тұрған классикалық әуен әрі шабыт сыйлайды, әрі миды тынықтырады. Қаз-қатар қойылған әсем гүлдер жаныңды жадыратып қана қоймай кітапхана ішін керемет тәтті иіске толтырады. Ең маңыздысы, мектеп кітапханалары ғылыми дәрежеге ие.
Сингапурда халықтың 70 пайызы қытай ұлты. Халық қалың шоғырланған өңірлерде қытай, үнді, тай тілінде сабақ жүреді. Бірақ бұл тілдерде арнайы мектептер ашылмайды. Мысалы, қазақ көбейсе ана тілін ұмытып қалмас үшін қазақ тілі сабағын енгізгенімен, қазақ мектебі ашылмайды. Негізгі оқытылатын тіл — ағылшын тілі.
Бастауышқа 1-6 сыныптар кіреді. Бұл сыныптарда ағылшын тілі мен математикаға көп көңіл бөлінеді. 3 сыныптан бастап бала зерттеу жұмысының тақырыбын таңдайды. 6 сыныпты аяқтағанда жазбаша емтихан тапсырады. Кімнің, қандай лауазым иесінің баласы екеніне қарамастан сол емтиханнан өте алғандары ғана арнайы дарынды мектептерге қабылданып, жоғары оқу орындарына дайындалады. Өте алмай қалғандар қарапайым білім ордаларында білімін жалғастырады. Біздің тілмен айтқанда, колледжге кетеді.
Мектептердің өзі сан түрге бөлінеді екен. Біздің барған мектебімізде оқушылар 6 сыныптан кейін басқа мектептерге тарыдай шашылады. Ұстаздарға арнайы бекітілген киім үлгісі жоқ, әркім қалағанын киеді. 7-12 сыныптың ер балалары оқитын дарынды мектепке де бардық. Онда ұстаздар қара шалбар, көк футболкамен жүрді. Бір кереметі, 11-12 сынып оқушылары халықаралық деңгейде саяхаттарға шығады. Бұл саяхаттың қаржыландырылуы негізінен мектеп пен министрлік тарапынан жүзеге асырылады. Ата-аналар 400 Сингапур доллары көлемінде (шамамен 134 000 теңге) қаражат төлейді. Бұл үрдістің де өзіндік себебі бар. Сингапур шағын мемлекет болғандықтан, оқушылар ерте бастан елден тыс жерде жұмыс істеуге дайындалып, тәрбиеленеді. Өйткені, олардың жер көлемі шағын, ал халық саны көп. Сондықтан әлемде сұранысқа ие маман дайындайды. Мысалы, біз баланы өз елімізде қалдыруға тырысамыз ғой, Сингапурда оқушысының болашақта шетелге кеткені жетістік. Сол мақсатпен оқушыны шетелге шығарып, қызығушылықтарын арттырады.
Заңдары қатал. Есірткі тасымалдағандар өлім жазасына кесіледі. Дүкендерде ойыншық қарудың өзі сатылмайды, көбінше сөреден миды дамытатын құрастырма ойыншықтарды көресің.
— Демек, баланы жастайынан ғылымға баулу дәстүрі қалыптасқан екен ғой, осы жайында тереңірек айтып берсеңіз.
— Ғылым болғанда кішкентай баланы бірден ғылыми жұмыстарға жекпейді. Біртіндеп жолға салу, сатылап дамыту үрдісі қолданылады. Мәселен, біз арнайы барған мектептің зерттеу орталығы оқу корпусынан бөлек орналасқан. Онда кәдімгі LEGO конструкторлар, қайшы, желім, кортон, қағаз секілді қолмен қарапайым дүниелер жасайтын құралдардың барлығы бар. Осы заттардан неше түрлі қиялы бағындырған заттарды құрастырып үйренеді. Ол ойыншық та, басқа да түрлі заттар болуы мүмкін. Фантазиясын дамытуға күшті әсер етеді. Біз барған уақытта ойыншықтар апталығы өтіп жатыр екен. Балалар әртүрлі дизайнда ойыншықтар құрастырып, оны түрлі форматта көрсете алады. Сингапурде 3D форматтағы көріністер 7-сынып оқушыларының қолымен жасалуда.
Бір жерге келсек, оқушылар жатып алып шөпке үңілуде. Не істеп жатыр десек, өздерінде жиі өсетін гүлдердің табиғатына зерттеу жүргізуде екен. Біздегі оқушылар сарайында ән-күй, сурет секілді үйірмелер болады ғой, олардың мұндай орталықтары тек ғылыми зерттеу жұмыстарына арналған. Сенесіз бе, бұл елде ғылым жолы, яғни зерттеу жұмыстарының алғышарты баланың 2 жасынан басталып, мектеп бітіргенше жалғасады. 2 жастағы бала не үйренеді дерсіз? Қолмен ұстап сезінуді, заттарды ажыратуды үйренеді. Яғни, ыстық-суықты, темір мен ағашты ажырата біледі. Тәрбиешілердің кішкентай балаға осының барлығын ерінбей түсіндіргенін көріп, таң-тамаша болдық. Балаға балабақшадан бастап ыждаһаттылықпен ғылым үйрете бастағаны ой салады.
— Маман дайындау үрдісі қалай жүреді?
— Жоғары сынып оқушыларының арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарына бір жыл беріледі. Оқушы оның қорытындысын түрлі компанияларға жолдайды. Компанияда құрылған комиссия ғылыми жұмыстың өзектілігін сараптап, қызығушылығын тудырған ғылыми жұмыс иесін өздеріне болашақта маман етіп қабылдау үшін мектеп басшылығына тапсырыс түсіреді. Мектеп түлегі таңдаған саласы бойынша білімін университеттерде жалғастырады. Компанияларға білікті маман керек болғандықтан, тамыр-таныстыққа жол бермейді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана жұмысқа қабылданады. Сол үшін оқушы барынша сапалы білім алуға ұмтылады. Білікті маман даярлау — мектеп, университет, компанияның біріккен жұмысы есептеледі.
Жасыратыны жоқ, сингапурлық әріптестер бізге бар құпиясын ашып айтпайды. Байқағанымыз мектеп тегін. Мектептен тыс білімін арттырғысы келгендер қосымша ақылы курстарға баруға болады. Қалталы азаматтар үшін ақылы мектептер де ұйымдастырылған.
— Оқушылар қанша ауысымда оқиды?
— Тек бір ауысымда, сабақ таңертеңгі сағат 8-де басталып, 13:00-ге дейін жалғасады. Екі сағат түскі ас. Одан кейінгі 3 сағатта міндетті түрде үйірмелерге қатысу керек. Ал ұстаздар өз сабағына ғана келіп, біткесін үйлеріне қайтып кетпейді. Таңертең келгеннен кешкі 17:00-ге дейін жұмыста болады. Бос уақыттарында ертеңгі сабақтарына тыңғылықты дайындалады. Аптасына бір рет өзге мектеп ұстаздарымен тәжірибе алмасады және жылына 100 академиялық сағат біліктілікті арттыру курсынан өтуге міндетті. Ата-анаға сабақ кезінде баласы туралы сұрап, дәрісті бөлуге тыйым салынған.
Әрине, мектептерде барлық жағдай толық жасалған, мәселе түбіріне дейін шешімін тапқан десем, артық айтқан болар едім. Қиындықтар да жоқ емес. Сингапурда ауа райы ыстық. Сабақ барысында екі жақтама терезені де, есікті де ашып тастайды. Төбеде 4-5 желдеткіш тұрады. Сыныпты 40 балаға дейін отырады. Тақта екі жақтама орнатылған, мұғалім сабақты микрофонмен өтеді. Көмекші аралап жүреді. Айналмалы орындықта отыратын оқушылар екі тақтаға да кезектесіп қарап отыра береді. Сөмкелері әр жерде жата береді екен. Бір сөзбен айтқанда оқушыларға еркіндік жасалған. Ұстаз келіп, тыныш отырыңдар деп ескерту жасамайды.
Мен 7-сыныптың математика сабағына кіріп көрдім. Сабақ 1 сағатқа созылады. Математикада сызықтық теңдеулер деген бар, біз оны университетте өтеміз. Мұғалім тақтаға логикалық есепті жазып, шығаруды тапсырды да оқушыларды айналып қарап жүрді. Балалар бір-бірімен сөйлесті, ақылдасты. Оларға «неге сөйлеп отырсың» демеді. 12 минут өткенде бір бала шешімін тауып қол көтергенде, басқалары қол шапалақтады. Ол оқушы тақтаға шығып, есептің шығару жолын көрсетті. Соған қарап өзгелері дереу есепті шығаруға кірісті. Шығарып біткендер қолдарын көтерді. Бір-біріне көмектесуге мүмкіндік берді. Біздегі балалар кейде көршісінен көшіре салады ғой, олар көмек сұрауы мүмкін, бірақ өздері шығаруға дағдыланған. Сыныптасынан қалып қойғанына намыстанған балаларды көріп, риза болдым. Біз есепті шығара алмай, ұзақтау отырып қалған балаға өзіміз көмектесіп жібереміз ғой. Олар барлығын оқушының өздеріне шығартқызып, бір-біріне көмектесуге дағдыландырады екен.
Мектеп оқушыларының қолдарына байлап алған түрлі түсті жіптерді көрдік. Соған қарап оқушының деңгейі мен сыныбын анықтауға болады. Ең бастысы, шетелден қонақ келеді деп арнайы дайындалмаған. Күнделікті сабақ қалай өтеді, солай жалғасып жатты. Үлкен және кіші спорт залы, стадион бар. Аулада бос жер жоқ.
— Оқушылардың тамақтану жүйесі қалай екен?
— Бізде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша тапсырысты бір мердігер ұтып алады. Олардың мектептерінде 130-дан астам ұлт, түрлі дін өкілдері бар. Сондықтан олардың тамақтануы да әр түрлі. Түрлі фирма өз тағамын ұсынады, оқушы директормен келісе отырып, өзі таңдау жасайды. Бір мектеп бірнеше компаниямен жұмыс жүргізе береді.
— Ұстазға деген құрмет жоғары шығар…
— Бізден барғандар кездесулерде сыбайлас жемқорлық туралы сұрай берді. Бұл сұрақ олардың намысына тиеді екен. Жемқорлық болмағандықтан, ол сұраққа жауап та бере алмады. Мектеп директоры болу үлкен мәртебе және бұл лауазымда 8 жылдан артық отыра алмайды. «Ұстаз мәртебесі туралы» заң болмағанымен, мұғалімге деген елдің құрметі ерек. Өйткені, өз жұмысына деген жауапкершілік пен ынта жоғары. Әрбір сабақтарына тыңғылықты дайындалып, ізденеді. Олар оқушыларды «Сен Нобель сыйлығын алатындай жаңалық ашуың керек» деген ынтамен тәрбиелейді. Бізде, өкінішке қарай, мектептің де, ата-ананың да қоятын ең басты талабы – ҰБТ-дан жоғары балл жинау.
Мұғалімдердің орташа жалақысы 4-5 мың АҚШ доллары көлемінде. Бұл сингапурлықтар үшін тәуір жалақы. Жалпы, жергілікті тұрғындардың 80-85 пайызы мемлекеттік пәтерде тұрады. Киім, тамақ көп арзан. Тек шетелден барғандардың тұру ақысы қымбат.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Ұлықбек ҮМБЕТ.