Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларды жүзеге асыру бойынша арнайы жұмыс жоспары түзілді. Нақты 53 тармақтан тұратын бұл құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірге дайындаған.
Естеріңізде болар, наурыздың 14-інде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысып, сөз сөйледі. Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары еліміздің ұзақ мерзімге арналған даму бағдарына айналмақ.
Сонымен Жоспарда не қамтылды?
Мемлекет басшысының гуманитарлық бастамаларын жүзеге асыру үшін:
● «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу;
● Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту;
● Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын қабылдау,
● Ұлттық цифрлық архив құру;
● бизнес өкілдерін тарта отырып аймақтарда театрларды салу және дамыту, сондай-ақ ұлттық театрларға қолдау көрсету;
● Шетелде Абай институтын ашу;
● Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру қарастырылған.
Ерлан Қарин әлеуметтік-экономикалық жобалардың ішінен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, үш жылда 1300 мектепті жаңғырту, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын ашу, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру, Өңірлерді дамыту тұжырымдамасына қатысты тың тәсілдерді енгізу барын айтады.
2025-2026 жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолын салу және жаңғырту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру және жаңа аэровокзал кешенін салу, алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу. Сонымен қатар шекара маңындағы аудандарды дамыту, ғылым қалашықтарын құру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы жеке заңдар қабылданатын болады.
Ұлттық құрылтай бір күндік отырыспен бітетін жұмыс еместігін алға тартқан мемлекеттік хатшы пленарлық отырыстан кейін де көтерілген мәселелерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар қолға алынатынын атап өтті.
«Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі сол – белгілі бір мерзім ішінде, қандай жағдай болмасын орындау керек деген түсінік жоқ. Әрдайым әріптестеріме де ескертіп отырамын. Нақты мерзім ішінде орындау – басты мақсат емес, ең маңыздысы – оны сапалы орындау. Егер қандай да бір мәселені тереңірек қарастыру қажет болса, оны жан-жақты зерттеу керек. Ал шешімді кейінге қалдырмай қабылдауға мүмкіндік болса, онда кідірмеу қажет.
Біздің басты ұстанымымыз — көптеген мәселе бойынша шешім қабылдап қана қоймай, оларды жүзеге асыру. Ұлттық құрылтайдың жұмысы тек пленарлық отырыспен шектелмейді. Отырыстан кейін оларды жүзеге асыру кезеңі басталады. Біз нақты нәтижеге ұмтыламыз. Мемлекеттік органдардың барлығы осындай ұстанымда, нақты нәтижеге жетуді көздейді деп ойлаймын», — деді ол.