Басты жаңалықтар Мәселе

Келесте директор мен мұғалімнің теке-тіресі сотқа дейін жетті

         

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Жалған диплом жарға жығады» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Онда Шардара ауданындағы «Жаушықұм» және Келес ауданындағы «1 мамыр» мектептерінің директоры еліміздегі жоғары оқу орындарына сұрау салу арқылы әр мектептен бірнеше жалған дипломмен жұмыс істеп, «жалған ұстаз» атанып жүргендерді анықтағанын айттық. Мақала соңында «осы бастама басқа білім ошақтарында да жалғасын тапса жөн болар еді» деген ниет танытқанбыз.

Біздің жазбамыз түрткі болды ма, әлде тиісті мамандар тарапынан «жалған ұстаздармен» күрес күшейді ма, әйтеуір осы сарындағы тірліктің «тамырына қан жүгіргені» байқалады. Жуырда редакцияға Келес ауданынан тағы бір мәлімет жетті. Онда аудан орталығындағы С.Сейфуллин есімін иеленген мектепте осы кезге дейін үш адам жалған дипломмен жұмыс істеп келгені айтылады. Әрекеті әшкере болған мұғалімдердің бірі машайықтан қашайық деді ме, ың-шыңсыз жұмыстан кетсе, екіншісі өзіне директор тарапынан негізсіз қысым жасалып жатқанын айтқанға ұқсайды. Анық-қанығын білмек мақсатта өткен аптада аталмыш ауданға бардық. Аудандық білім бөлімінің басшысы, орынбасары және кадр жөніндегі бас маманы іссапарда болғандықтан ол кісілерден нақты мәлімет алу мүмкін болмады. Сондықтан, мектепке бардық. Білім ордасының басшысы Гүлжамал Былқиева бастапқыда бұл тақырыпта сөз қозғағысы келмегенімен, кейіннен келісімін берді.

Жалған диплом қалай анықталды, енді осыған тоқталайық. Тамыз айында директор Г.Былқиева бірнеше жоғары оқу орындарына: «…мына төмендегі мұғалімдердің көрсетілген қызметтерге берілген жоғары білім туралы дипломды электронды базаға енгізуіңізді немесе растап беруіңізді сұранамыз» деген мәтінде сұраныс хат жолдайды. Тізімнің басына, тіпті, өз аты-жөнін де жазады. Арада бірнеше күн өткенде М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің бірінші проректоры К.Құрманбетов қол қойып, мөрін басқан жауап хат келген. Онда «Айжан есімді азаматшаның университетті бітірушілер тізімінде жоқ. Диплом көшірмесін жіберуіңізді сұранамыз», — деп жазылған.

Бұдан кейін іске құқық қорғау орындары араласып, қылмыстық кодекстің 385 бабы, 3 тармағымен Айжанға қатысты «Көрінеу жалған құжатты пайдалану» дерегі бойынша іс қозғалады. Полиция майоры Ж.Жайық азаматша Айжанға аталған жоғары оқу орны тарапынан дипломның берілмегені анықталғандықтан оған шара көруді аудандық білім бөліміне жолдайды. Білім бөлімінің басшысы Б.Әбдиев болса заң шеңберінде шешім қабылдауды мектеп басшылығына жүктейді.

Өз кезегінде Айжан директор Г.Былқиеваға алған дипломын жоғалтқанын, университеттен дубликатын алуға барғанда мұрағаттан түпнұсқасы табылмағаны жайында түсінік жазып берген. Бар нәрсенің жоқ болуы мүмкін емес. Егер мұрағаттан табылмаса университеттің тиісті мамандары жауап беруі керек. Құжатқа мұқият болу асқан жауапкершілік. 10-15 жыл бұрын университетті бітірген түлектің құжаты жоғалса, оған диплом иесі кінәлі емес. Әрине, сол жоғары оқу орнында білім алғаны ақиқат болса…

Сонымен не керек, білім бөлімінен келген ұсынысты негізге алған директор Айжанды жұмыстан босатады. Жалған дипломның жыры осымен аяқталды десеңіздер, қателесесіздер. Шым-шытырық оқиға осыдан кейін басталып отыр. Бәлкім, Айжанның да өз шындығы бар шығар, ақиқатқа жету үшін, дәлірек айтқанда, атқарып жүрген жұмысына қайта орналастыруды және еріксіз бос жүрген уақытына өтемақы төлетіп беруді сұрап облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының атына арыз түсіреді. Арыз аясында тексеріс жүргізген мемлекеттік еңбек инспекторы Ғ.Сапарқұлов «директордың бұйрығы жарамсыз деп танылып, қолданылмауға жатады» деген нұсқама береді. Өз кезегінде директор нұсқаманың күшін жоюды сұрап, сотқа шағымданады. Осылайша Келесте ұстаздар бір-бірімен соттасып жүргенде осы аудандағы бір мектептің оқушылары төбелесіп, салдарынан жеткіншек ажал құшты.

Біз осы мәселе бойынша облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшылығына хабарластық. Басқарма басшысы Берік Ибадуллаев мамандардың дипломның жалғандығын емес, бұйрықтың қаншалықты дұрыс шығарылғанын анықтағанын айтты. Ал аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Қаныбеков мерзімі өтуіне байланысты қылмыстық істің өндірістен қысқартылғанын мәлім етті. Шыны керек, бұл жайт бізге түсініксіздеу болды. Жалған дипломды анықтауға мерзімнің өтуі қалайша кедергі болады? Мәселеге осындай көзқараспен қарар болсақ, мектепте жалған диплом иелері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетпесіне кім кепіл? Онда мұрағатта ұзақ жылдар құжат сақтаудың қандай қажеттілігі бар? Жалған ұстаздар жайлаған жағдайда өз балаларымыз, немере-шөберелеріміз, жалпы келер ұрпақ қандай сапалы дәріс алмақ?

Бір адамның басында екі, үш, тіпті төрт дипломы да болуы мүмкін. Бірақ оның біреуі жалған болса, иесі қылмыстық кодекстің 385 бабымен жауапқа тартылуы керек емес пе? Бұрын алған талай орден-медальдар мен атақ-марапаттарға қарамастан адамдардың жауапкершілікке тартылып жүргеніне ел куә. Полициядағы терегушілердің сөзіне сенсек, дауға себеп болған дипломды кімнің, қай оқу орнының бергенін анықтау мүмкін емес екен. Сонау репрессия кезіндегі қатаң түрде құпия сақталған құжаттардың өзі табылып, жазықсыз жапа шеккендерді ақтауға негіз болып жатқанда, бертінде берілген қатардағы құжатты таба алмау білімсіздік пе, әлде салғырттық па? Оның үстіне диплом иесі оны кімнің қолынан, қашан алғанын айдан анық білуі тиіс емес пе? Әлде ұмытып қалатындай Қазақстанда диплом базарда сатылатын дәптер секілді құнсыз болғаны ма? Есірткімен ұсталған адам оны кімнен алғанын білмеймін деп жазадан сытылып кетпейді. Сол секілді әрбір оқу орны өзі берген дипломның түпқасын тауып беруге, өздері ұсынған құжаттың жалған болмауына жауапты болуы тиіс. Тіпті, мұндай қылмыс үшін сол жылдары оқу орнын басқарған лауазым иелеріне де қатаң шара көру керек. Сонда ғана бұл қитұрқылықты құрықтауға болады. Іс бітті, қу кетті тірлікпен ешқашан алға баса алмаймыз. Білім саласында осындай қылмыс орын алып жатқан болса, өзге салалар жайында сөз қозғаудың өзі артық емес пе?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *