Біле жүріңіз Мәдениет және өнер

«Асыл ана» әні қалай шықты?

Бір әннің тарихы…

Ақбота Керімбекованың репертуарындағы «Қош, махаббат», Сәкен Майғазиевтің репертуарындағы «Асыл ана», Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы «Махаббат бер маған» сияқты танымал әндердің авторы, өзін жарнамалағанды оншалықты ұната қоймайтын әнші-композитор Айгүл Бажановамен (суретте) таныстығымыз Бейсен Құранбектің «Айтуға оңайына» белгілі әндердің белгісіз авторы кейпінде шақырылып, бірге қатысуымыздан басталды. Атышулы хабарға «Қарабауыр қасқалдағымен» Лесбек Аманов, «Аллосымен» Құрал Молжанов, «Жас қаламымен» Қорабай Есенов, «Жанымымен» Өктем Алтай, Айгүл және мен қатысқан едік.

Ел ішінде айтылып жүрген әндерімізден хабардар болғанымызбен, алтаумыз да бір-бірімізді жыға танымайтын болып шықтық. Бейсеннің бір шыныаяқ кофесінің үстінде жақынырақ танысудың реті туды. Сол жолы Айгүл ашық мінезді, елгезек көрінгенімен, жеке өмірі мен ішкі жан дүниесін, талғам-таразысын аңқылдап сыртқа жая бермейтін біртоғалығы ұнаған еді. Хабардан соң Айгүлден баланың анаға деген махаббатына түйілген, сезім иіріміне толы «Асыл ана» әні жайында, оның шығуы төңірегінде айтып беруін өтіндім.

– Егер Алла маған құдырет берсе, бар әнімді де асыл анама арнаған болар едім, – деген еді Айгүл сол жолы. – Қазір ол кісі қартайды. Жүзінен қажығандықтың, шаршағандықтың белгісін байқаймын кейде. Бәлкім, бұл оның балалығының соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендігінен, өмір тауқыметін көп көргендігінен болар. Барлығына бірдей жетсін деп, қалың тулаққа бір уыс бидайды шашып жіберіп, таласа-тармаса теріп жеген, жалғыз құртты қиқымдап бөліп, соны күні бойы ұрттың астына сала сорып, талғажау еткен сәттерін жиі еске алып айтып отыратын. Бір жапырақ дәкені түске дейін өзі, түстен кейін сіңлісі бастарына байлап, бір керзі етікті кезектесе киіп, мектепке барып қайтатын жоқшылық заман жайындағы естеліктері ертегідей көрінгенімен, сай-сүйегімді сырқырататын. Менің анам кітапты, әсіресе тарихи романдарды көп оқитын. Зиялы адам. Тұрмысқа да ерте шықты. Әкем анамды алып қашқанда ол небәрі 14 жаста екен. Екі ененің тәрбиесінде өсті. «Бала емеспін бе, кейде қозы қуалап жүріп абысындарыммен ойнап, алысқа ұзап кететінмін. Енелерім келін екенімді есіме салған кезде балалық шақтың бал қызығынан айрылғанымды бір-ақ білдім» деп қызық күндерін еске алып отыратын. Бұл нәубет тек менің анамның ғана емес, бүкіл қазақ әйелдерінің басына түскен қасірет еді. Сондықтан осындай тағдыры ауыр асыл аналар жайлы бір ән жазуды көптен ойлайтынмын. Бір жағынан бұл ән анамның бала кезімде күншуақта тізесіне басымды қойып, шашымды саусақтарымен салалай сипап, емірене, айналып-толғана, мейірін төге ыңылдап айтқан халықтық әуендерінен негіз алған да сияқты.

…Самайдағы, ақ шашыңның әр талына қарызбын,

Еш нәрсемен өтелмейді парызым.

Жауаптымын, жанарыңнан сырғанаса тамшы жас,

Маған бәрі сын…

Ән сөзінің Айгүлдің өз қаламынан төгілуінің сыры да осы ана әлпешінде, ана мейірімінде жатса керек. Қалай болғанда да бұл әннің анаға деген шексіз құрметтен, баланың анаға деген махаббатынан туған перзенттік разылық туындысы екені ақиқат еді…

Бекжігіт Сердәлі,

журналист, композитор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *