ОШымкенттегі иттерді уақытша ұстау пункті бір мезетте 252 итті «баптауға» мүмкіншілігі бар. Шымкент қаласының бас ветеринары Абунасыр Жанбатыров журналистермен өткізген брифингте осылай деді. Оның айтқанын негізге ала отырып есептеп көрейік. Бір лекті (252 итті) толық стерилизациялау үшін кем дегенде, қараңыз:
1. Аулау қызметі тарапынан жануарлардың жиналу орындарының мониторингі нәтижелері бойынша және азаматтардың өтініштері бойынша жануарлар ауланады. 1 күн делік.
2. Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады, клиникалық тексеру және деректер базасында тіркеу жүргізіледі. Тағы 1 күн.
3. Вакцинация жүргізіледі. 1 күн.
4. Қаңғыбас жануарды стерилизациялау туралы шешім қабылданады. Ветеринария саласындағы мамандары бойынша білікті тұлғаның шешімі қабылданғаннан кейінгі келесі күні стерилизация жүргізіледі. 1 күн.
5. Стерилизациядан кейін қаңғыбас жануарлар күтім жасау үшін қоршаулармен (тормен, бөліктермен) жабдықталған стационарда ұсталады. Күту ұзақтығы ұрғашылар үшін кемінде күнтізбелік 10 (он) күнді және еркектер үшін күнтізбелік 3 (үш) күнді құрайды. 10 күн екен.
6. Есепке алынады (чиптеледі). 1 күн.
7. Вакцинация және стерилизация шаралары аяқталғаннан кейін агрессивті емес қаңғыбас жануарлар олардың бұрынғы мекендеу орындарына қайтаруға жатады, — деді бас ветеринар. Соңғы 1 күн.
Сонда барлығы 16 күн керек екен. 2023 жылы 246 жұмыс күні бар болса, толық 15 лекті стерилизациялауға болады. Бұл идеал кезде, яғни барлық механизм сағаттай істеп тұрғанда. Бізде, әдетте, солай шығар.
Енді 15 лек дегеніміз, 252 ден есептегенде, 2023 жылы 3780 итті піштіруге болады. Ал спикер 20 000 дейді.
Әлде мен қателестім бе екен?
Бархан Қамзабекұлы,
Шымкент қаласы