Бірі көшеде мылтық арқалап жүрсе, бірі адам өлтіріп,
мәйітін өз ауласына көміп тастаған
Шымкентте екі кештің арасында қала әкімінің орынбасарына оқ атып жарақаттады. Шырайлы Шымкенттің шырқын бұзғандай болған бұл оқиға елді елең еткізді. Түрлі қауесетті алға тартып, ел арасына ши жүгірткен, ердің намысына тиіп, сағын сындырмаққа әрекеттенгендер де табылмай қоймады. Бұл бұл ма, «Жер жәннаты – Жетісай» дескен аудандағы соңғы күндері орын алған қылмыс адамның төбе шашыш тік тұрғызды. «Күнгейде күнде суыт хабар» дегеніміздің мәнісі осы еді. Қылмыстың бұлайша өршуіне кім немесе не кінәлі? Қоғам тыныштығы күзетіндегі мамандардың өз ісіне салғырттығы ма әлде қылмыстың алдын ала алмайтындығы ма? Енді осы екі мәселенің мәнісін ретімен баяндасақ…
Шымкент: Берденовті не үшін атты?
Оқ тиіп жарақаттанған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жағдайы қазір бірқалыпты. Қалалық ауруханада 4 сағатқа созылған операция сәтті аяқталған. Оқ өкпесі мен бауырына тиген деген болжам бар. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі хабарлағандай, операция барысында қан кету тоқтатылып, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілген.
«Өміріне қауіп жоқ. Пациенттің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және барлық қажетті медициналық көмекті алуда» дейді басқарма мамандары.
Айта кетейік, Руслан Берденовке 2025 жылғы 21 сәуір күні кешкі сағат 20.30-да қарулы шабуыл жасалған. Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының іргесінде оқ атылып, қала әкімінің орынбасары жарақаттанған. «Қылмыс жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді». Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі осылай деп отыр.
Ал әлеуметтік желіде бұл оқиғаны сан-саққа жүгіртіп, түрлендіріп жатқандар аз емес. Бұл қастандықты «тұрмыстық сипатта, жеке себептермен, соның ішінде қызғаныш жағдайынан туындаған» деушілер де аз емес.
Бір анығы – Руслан Берденов Парламентте депутат болып отырғанда құмар ойынға тыйым салатын заңның қабылдануына белсене араласқан азамат. Ол «Respublica» партиясының өкілі. Қазір партиялас әріптестері бұл оқиғаның себебі оның қай істе болмасын заң аясында әрекет ететіндігі мен адалдықты талап етуінен орын алуы мүмкін деп отыр. «Құмар ойындарға тыйым салу туралы Заңды дайындау барысында құмар ойыннан миллиардтап ақша тауып жүрген букмекерлік конторалардың артында тұрғандар заңды болдыртпау үшін Русланға өте көп мөлшерде ақша ұсынған. Ал ол үзілді-кесілді бас тартқан. Болмаған соң өзіне, таныстарына әртүрлі жолдармен қоқан-лоққы да жасалған», – дейді белгілі теолог Қайрат Жолдыбай.
Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына жақында ғана тағайындалды. Өзара достарына: «Шымкентте жұмыс істеу оңай емес екен. Құрылыс саласында реттейтін жұмыс көп. Бұл саладағы лайықсыз бір адамды қызметтен шеттетудің өзі әжептеуір әурешілік. Адал жұмыс істеуге кедергі көп екен» дегенге ұқсайды.
Сонымен, Берденовке оқ атқан кім? Алдын ала таралған ресми мәліметте күдікті ретінде 1994 жылы туған Жиенбай Ернар Жиенбайұлы ұсталғаны айтылуда. Оның оқиға орнынан із суытып кетпеуіне әкім орынбасарының көлік жүргізушісі мұрындық болған көрінеді. Ернар Жиенбай – Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нде қызмет еткен. Әкімдік тарапынан жарияланатын мемлекеттік тапсырыстар аясында жұмыс істеп келген бұл серіктестіктен күдікті азамат жақында ғана қызметтен алынған екен. Ол Берденовке «Сайга-12» аңшы мылтығымен үш рет оқ атқан.
«Respublica» партиясының тең төрағасы, кәсіпкер Бейбіт Әлібековтің жазуынша, күдікті Ернар Жиенбай Руслан Берденовке тікелей қарасты салада қызмет атқарған. «Бұл жерде құрылысқа қатысты кемшіліктерді жою талабына бағынбаудың салдары болуы мүмкін» деген нұсқаны алға тартқан партияластары «тұрмыстық жағдай, әйелін қызғаныпты» деген нұсқалардың тіптен негізсіз екенін де жасырмайды. Айта кетейік, әлеуметтік желіде Берденовке оқ атқан күдікті «Берденов әйеліне қырындаған көрінеді, қызғаныштың салдарынан оқ атқан» деп шуылдағаны бар. Бейбіт Әлібеков бұл болжамның шындыққа жанаспайтынын айтты.
Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова өзінің «Фейсбугтегі» парақшасында «Только что в ДВД общалась с супругой задержанного. Женщина приехала для дачи показаний по делу. Она заявила, что с Берденовым лично не знакома.
В таком случае, о каких домогательствах может идти речь?» деп орыс тілінде жазба қалдырды. Ол онда күдіктінің әйелі тергеу амалдарына байланысты полицияға шақырылып, одан түсінік алынғанын, «Берденовті танымайтынын, үй шаруасындағы әйел екенін айтты» дейді. Ресми органдар әзірге қылмыстың себебін нақты айтқан жоқ.
Ал «Берденовке оқ атқан» деген күдікпен қамауға алынған Ернар Жиенбай жұмыс істеген «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС толығымен мемлекетке тиесілі мекеме. Онда шамамен 20-30 адам жұмыс істейді. Шымкенттіктер бұрын мекен-жай туралы анықтаманы осы мекемеден алатын еді. Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеумен, аула тазалықтарын сақтаумен, лифттерге қызмет көрсетумен айналысады.
Жиенбай Ернар бұл ЖШС-не басшы болып 2024 жылы шілденің 1-інде тағайындалған. Кәсіпорын мемлекетке 50 миллион теңге салық төлеп келген-ді, ал 2021-2023 жылдар аралығында бюджетке төлеген салық көлемі артқан. Мысалы, 2025 жылы 12 миллион теңге төлеген.
Сонымен бірге Шымкенттегі құрылыс саласындағы ең ірі тапсырыстар дәл осы – Тұрғын үй қорын жаңартып, тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үй салатын реновация бағдарламасы аясына жұмсалуда. Кеңестік кезеңде салынған апатты, ескі үйлерді жаңғырту бағдарламасының бірден-бір операторы да осы «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС.
Айтпақшы, дәл осы мекемені басқарған Мұхтар Мұхамеджан 2019 жылы істі болып, 8 жылға сотталған-ды. Оған «мемлекеттің 30 миллион теңгесін заңсыз иеленген» деген айып тағылған.

Жетісай – жер жәннаты ма?
Жетісай ауданы Алғабас ауылында 41 жастағы келіншектің айуандықпен өлтірілгені туралы ақпарат лезде тарады. Сауда-саттық жасап, қарт, мүгедек ата-анасын бағып-қағып отырған келіншек екі кештің арасында жоғалып кетеді. «Ертең ауыл маңында үлкен көкпар болады. Соған бәліш пісіріп алып шығайық, сауда жасайық» деп көрші ауылға қажетті азық-түлік алуға кеткен әйел қаскөй көршісінің қолынан мерт болды.
Оның өліміне себепші болды деген күдікпен бұған дейін де бірнеше қылмыс жасаған Ералхан есімді азамат қамауға алынған. Көршілерінің айтуынша, ол бұған дейін де әлгі келіншекке «саудадан түскен пайданың бір бөлігін беріп отырасың» деп қоқан-лоққы көрсетіп жүргенге ұқсайды. Оның озбырлығынан құтылу үшін тіпті ата-анасының алтын бұйымдарын да сатып «құтылуға» тырысқан кездері болған екен. Бұл жайлы марқұмның туыстары айтады. «Анама әперген алтындар жоқ боп кетеді. Сіңлімізді қорқытып, ақша талап етіп келген екен ғой…» дейді әпкесі.
Ертеңгісін болатын көкпарда сауда жасамақшы болған келіншекті ауыл-аймақ осылайша 12 күн бойына іздеген. Бұл аралықта ата-анасы полицияға да хабарлаған. «Алайда олардың дер кезінде әрекет етпеуі салдарынан 12 күн бойына мәйіті қылмыскердің ауласында жатқанын білмедік» дейді зар еңіреген туыстары.
Азық-түлік алуға кеткен келіншекті аңдып, қасындағы қарулы жігіттермен көлікке күштеп мінгізіп, өз үйіне апарып зорлап, зорлық-зомбылық көрсете отырып айуандықпен өлтірген Ералхан ештеңе болмағандай жүре берген. Салқынқанды қаскөй әйелдің мәйітін өз үйінің ауласына көміп, үстіне шөп-шалам төсеп, жылқысын сол жерге байлап қойыпты. Ат тұяғымен тапталған жерден мәйіттің бір қолы топырақ астынан шығып қалғанын Түркістан облыстық полициясынан келген маман іздестіру жұмыстары барысында анықтап, қылмыстық істің ашылуына мұрындық болған.
Айуандыққа барған деген күдіктінің сол ауылда «менің айтқаным болады, дегеніммен жүресіңдер» деп елді үркітіп ұстап келгенін тұрғындар жаппай баяндай бастаған. Осы кезге дейін одан үркіп келген елдің көңілдері әлі де алаң-елең. Себебі, күдіктінің туыстары мен ата-анасы әлі де өз үстемдіктерін сол аймаққа жүргізіп келе жатқанға ұқсайды.

Полиция неге қырағы емес?!
Байқасаңыз, екі оқиғада да қылмысқа барған күдіктілердің ешкімнен жасырынбай, тасаланбай, емін-еркін жүргендерін аңғаруға болады. Бірі еліміздегі үшінші мегаполистің бас билігі – қалалық әкімдік ғимаратының тап алдында, «Сайга» мылтығын қолтықтап келіп, «замәкімді» атып кете салады. «Өмір сүруге қолайлы орта құру, қауіпсіз қоғам қалыптастыру» жолындағы Мемлекет басшысының тапсырмалары қай деңгейде орындалып жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. «Қауіпсіз қоғам» деп баяндама жасап, есеп беруге келгенде тым шешен құқық қорғау органдарының жауапты шенділерінің де әуселесі білініп қалды. Әлеуметтің әлі де қорғансыз екені, қауіптің аяқ астында болатынын сездірген Берденов оқиғасы әлі көпке дейін ел есінен шыға қоймас.
«Тұрғындар тыныштығы күзетіндегілерге» үлкен сын болған бұл жәйт үшін, әрине, жауап беретін шеңді табылуы да неғайбыл-ау. «Қылмыскерді құрықтадық, жазасын бердік» деумен шектелетін әдеттегі әдістерімен әлеуметті әлі талай сендіреді ғой…
Екінші оқиға – Жетісайдағы қылмыс бойынша ауыл тұрғындары марқұм әйелдің еңбекқор, ата-анасына қамқор, саудамен шұғылданатын пысық келіншек болғанын айтады. Ол жоғалған күні Ералхан оны дүкен маңында ұзақ уақыт аңдып жүрген екен. Бірақ полиция бұл жайтқа мән бермеген. Істі облыстан келген тергеуші анықтап, ашқан. Ел болып ауылдастары жоғалған келіншекті іздеп жүргенде күдікті «Дубайға кеткен шығар қыдырып» деп іздеушілерді мазақ етіп күлгенін қайтерсіз?!
«Арада 12 күн өткен соң қанішердің үйінен сіңлімнің мүрдесі табылды. Сол қолы, дәлірегі, алақаны жер бетіне шығып қалған. Күміс сақинасы саусағында болған. Шөп шашып, үстіне ат байлап тастаған. Төрехановтың үйін полиция түгел қоршауға алды. Адамды кіргізбей, сіңлімді көмген жерден алып шықты. Сіңлім тыр жалаңаш, үсті топырақ, батпақ. Сол жақ құлақ шекесінен бастап арқасы түгел көгерген. Мұрнынан қан аққан. Білегінде үш жерден пышақтың ізі бар. Біреуі тереңдеп кесілген. Сол өлікті аулаларынан алып жатқанда Ералханның шешесі міз бақпастан қарап, ауласында тұрды, ал оның інісі бізді әбден боқтап, қорлады», – дейді марқұмның әпкесі Айсұлу Ақылбайқызы.
Күдіктінің елді үрейде көптен бері ұстап келген жан екенін көршілері жақсы білсе де жергілікті полиция бұл жайттан бейхабар болады. Бұл қалай? Әлде білсе де «білгенін істесінші» деп қарап отыру оларға да тыныш болғаны ма?!
Жалпы, бұл екі оқиға да бізде қылмыстың алдын алу шараларының жоқтығын көрсетті. Басқаша не деп баға беруге болады?!
Күнгейде өмір сүру күннен-күнге қауіпті болып барады…
Сая ЖҰМАҒҰЛОВА.