Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кешегі аптада Қытай Халық Республикасының Чанджи-Хуэй автономды округ губернаторының орынбасары Су Сяоли ханым бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, өзара сауда-экономикалық байланыс, әлеуетті инвестициялық жобалар талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездескенде қазақ-қытай ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеруге тараптар бар күшін жұмсайтынын айтқан болатын. «Қытаймен арадағы достық пен ынтымақтастықты нығайту біз үшін негізгі басымдық саналады. Жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды дамыту мақсатында Үкіметтің барлық ведомствосын ҚХР-дың тиісті мемлекеттік ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге бағыттаймыз. Екі елдің ынтымақтастығына, сауда-саттықты өркендетуге, Қазақстан экономикасында Қытай инвестициясының артып келе жатқанына нақты мысал көп» деген еді Президент.
Міне, сол келісімнің негізінде Шымкентке Қытай инвесторларын тарту жұмысы жандана бастаған. Шымкент қаласы әкімінің қабылдауынан кейін екі жақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатындағы кешенді шаралар «KIT» бизнес қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен форумға ұласты. B2B форматындағы жиында жергілікті кәсіпкерлер тамақ өнімдері мен полиэфир материалдарын өндіретін жеңіл өнеркәсіп бағытындағы қытайлық компаниялардың өкілдерімен ақпарат алмасты. Бизнес өкілдеріне тауарларын шет елге экспорттау, басқа да серіктес компаниялармен қарым-қатынас орнату мүмкіндіктері ұсынылды. Қытайлық 35 компанияның өкілдері қатысқан жиынның қорытындысында Шымкент каласы әкімінін орынбасары А. Кәрімов, Қытай Халық Республикасы ШҰАР Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы губернаторының орынбасары Су Сяоли, Қытай Халық Республикасының Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы сауда басқармасының партиялық тобының хатшысы Чэн Сяофэн коммерциялық құжаттарға қол қою рәсіміне куә болды.
Былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы тауар айналым 291,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір қала аумағында қытайлық инвесторлардың қатысуымен 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар, 60 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір инвестициялық жоба қолға алынуда. «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақташалар өндіретін зауыты 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.