Осылай деген қала әкімі «нәтижесінде қалада жол жөнделіп, саябақтар салынып жатыр» деді. Мәселенің мәнісін сәл кейінірек айтармыз. Әзірге…
Аумақтарда өтіп жатқан тұрғындармен кездесуде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың назар аударуын өтінген көптеген талап-тілектер, өтінішер болуда. Жылдар бойына шешімін күткен кей мәселелерді тұрғындар ашына отырып жеткізеді.
– Мен орынды айтылған сынды әрқашан дұрыс қабылдаймын және нәтиже шығаруға тырысамын. Бұл менің берік ұстанымым. Кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған ең үлкен мәселенің бірі — жол сапасы болды. Басшылар бюджеттің ақшасын тиімсіз жұмсап, жолды сапасыз жөндейді деген пікір айтылды. Рас, бұған дейін мүлде жөндеу көрмеген, сапасыз жасалған көшелер бар. Бірақ мен маған дейінгі қала басшыларының әрекетіне емес, өз ісіме жауап бергенім дұрыс деп санаймын, — дейді қала әкімі.
Бүгінгі таңда қалада жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Жұмыстың сапасы да назардан тыс қалмауда. Биыл 21,8 шақырым жаңа жолды пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде оңтүстік айналма жолы бар. 17 шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 24,9 шақырым жолды реконструкциялау жоспарланып қойған. «Қала бойынша 345 көше жөнделеді, қазіргі таңда 185 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаладағы 450 мың шаршы метр шұңқырларды жамау жоспарланып, оның жартысы қазірдің өзінде жүзеге асты. Бұл былтырмен салыстырғанда бес есе көп», — дейді сала мамандары. Тұрғындардың талабы бойынша аз ғана уақытта 36 көшеге асфальт төселген. Сондай-ақ 11 орталық көшенің асфальті жаңартылыпты. Соңғы рет 2009 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Әл-Фараби алаңының да тозығы жеткені белгілі.
– Жыл сайын жолды жамай беру бюджетке тиімсіз. Сондықтан жол жамылғысын толық жаңарту жұмыстары жүргізілді. 35 шақырым тротуар салынды. Жол деңгейінен төмен немесе жоғары орналасқан 270 құдық қақпақтары (люк) ауыстырылды. Жол қауіпсіздігі үшін бұның өте маңызды екенін көлік жүргізушілері жақсы біледі. Қаладағы 190 бағдаршам заманауи әдіске көшеді, яғни «ақылды бағдаршам» орнатылады. Алдағы уақытта керексіз жобалар қайта қаралып, үнемделген қаражат жол жөндеу жұмыстарына бөлінеді. Бір ескеретін жайт, жұмыстардың барлығы бюджеттің қаражатына жасалып жатқан жоқ. Демеушілердің есебінен де біраз жоспар жүзеге асты. Мысалы веложолдар ашылып, асфальт төселіп, тротуарлар жаңарып, спорт алаңдары салынып жатыр, — деді Ғабит Сыздықбеков.
Демеушілер қаланың дамуына барынша атсалысып отыр. Неге олар аяқ астынан белсенділік танытып кетті? Осындай игілікті істерді атқарса бұрын қайда болған? Мұндай сұрақтардың туындайтынын қала әкімі де біліп отыр. Содан да болар ол халықпен кездесу барысында мәселенің мәнісін ашып айтты. «Себебі қазір қаланың дамуын тежейтін жемқорлық жоқ. Ешкім тендер үшін «откат» алмайды, ешкім тендер үшін процент сұрамайды. Сол себепті кәсіпкерлер қаланың көркеюіне шынайы үлес қосып отыр» деген қала әкімі мегаполисті дамыту жолында әлі талай тың жобалар жүзеге асатынын айтты.
Қала әкімі өткен аптадағы кезекті аралауы барысында Қаратау ауданындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметімен де танысты. Кітапхана басшылығына кітап қорын, оның ішінде шет тіліндегі балалар әдебиетін көбейтуді тапсырды. Ал А-2 автожолын қайта жаңғырту жұмысының 6-7 кезеңін және Өтегенов көшесінің жөндеу жұмыстарын көзбен көріп қайткан әкім сапаға мән беруді пысықтады. Мердігер ұйым өкілдеріне жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру мен көгалдандыруға баса назар аудару керек екенін айтты.
Бұдан бөлек, Тұран ауданы, «Жаңаталап» тұрғын алабындағы жаңа көпір құрылысын тексерді. Қазіргі таңда барлығы кестеге сай жүріп жатыр. Жауапты мамандарға жылдамдықты төмендетпей, жұмысты сапалы әрі уақытылы атқару міндетін жүктеді. Қала басшысы Тұран ауданындағы қоқыс полигонында да болып, жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын бақылады. Тиісті ведомство басшылығымен қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау және кәдеге жарату мәселелері талқыланды.
Қаланы жаяу аралау барысында әкім Әйтеке би, Төле би көшелерінің, «Ордабасы» алаңының, «Көл» және Шәмші Қалдаяқов саябағының санитарлық жағдайын тексеруді де ұмытпады. Аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына аумақтың санитарлық жағдайына назар аударып, кемшіліктерді тез арада түзету тапсырылды. Ал, Әл-Фараби ауданы, Жандосов және Диваев көшелерінде жүргізіліп жатқан екі гүлзардың құрылысын тексеру барысында жаңа қоғамдық орындар биыл пайдалануға берілуі керектігін жауапты мамандарға міндеттеді. Аудан әкімі мен мердігер компания өкілдеріне қолданылған материалдардың сапасына баса назар аударып, жұмысты мерзімінде аяқтау керек екенін айтты.
Абай ауданына қарасты «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын табиғи газбен қамтудың бірінші және екінші кезеңімен танысу барысында барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, «Самал-3» шағынауданы, Талапты көшесінің тұрғындарымен кездескен қала басшысы ирригация жүйесінің жұмысы, көшелерді жарықтандыру және қоқыс шығару мәселелері бойынша халықтың талабын орынды деп бағалады. Коммуналдық мекеме өкілдеріне бір ай ішінде барлық кемшілікті жою тапсырды. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда тиісті шара қолданылатынын ескертті.
Қала әкімі Б.Әлменов және С.Юсупов көшелеріндегі жол жөндеу жұмысымен де танысты. Бұдан бөлек, Абай ауданындағы жаңа әуежай терминалының ғимаратында болып, нысанның пайдалануға беру дайындығын тексерді. «Игілік» тұрғын алабында Кенесары Қасымұлы атындағы №82 орта мектептің бүгінгі жағдайы қала әкімін бей-жай қалдырмады. Жауапты басқармаға келер жылы нысанды күрделі жөндеуден өткізу жобасын қарастырып, ұсыныс енгізуді тапсырды.
Мегаполис аумағында заңсыз орналасқан құрылыс дүкендерін қала сыртына шығару аясында бірқатар жұмыстар жүріп жатқаны белгілі. Бұл орайда қала әкімі «Құрсай» тұрғын алабындағы базардың жұмысын текерді. Бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Жуық арада жауаптылар сыннан қорытынды шығаруы қажет. Тұран ауданындағы жылу магистралінің қазіргі жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Салалық басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеген Ғ.Сыздықбеков қыста тұрғындар сапалы жылумен қамтылуы қежеттігін ескертті.
«Достық» шағынауданының тұрғындары да қала әкімімен кездесуге асық болғандарын аңғартты. Тұрғындар қала әкімімен бірге асфальт төсеу, ішкі орам көшелерін жарықтандыру және қоғамдық көлік бағытын оңтайластыру сынды бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Жауапты мамандарға тұрғындармен бірге көшелердің тізімін жасап, алдағы жоспарға енгізуді тапсырды.
Халыққа қолайлы жағдай жасау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан Бәйдібек би мен Алпысбаев көшелерін қосу жұмысын бақылауға алған қала әкімі Әл-Фараби алаңына жол қозғалысын ұйымдастыру жоспарымен танысты. Еңбекші ауданы Елшібек батыр көшесінде салынып жатқан саябақ құрылысын мердігер компания сапалы әрі уақытында аяқтауы қажет. Жасыл желекті суару жүйесіне баса назар аудару керек. Қала әкімі тарапынан берілген тапсырма осындай. «Теріскей» шағынауданындағы тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығын тексерген ол тұрғындарға азаматтарды басқару органын – жылжымайтын мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) құруға шақырды.
Әл-Фараби ауданындағы «Фосфоршылар» мәдениет сарайының ғимаратын бұзу жұмысы жалғасуда. Орнына жаңа мәдениет сарайын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Айналасын саябақ, аллея, субұрқақ пен заманауи ойын алаңдарын құру арқылы абаттандыру жоспарланып отыр. Қала әкімі бұл жұмыстардың да барысын бақылап қайтты.