Репродуктивті денсаулықты сақтау дегеніміз — сау ұрпақты көбейту функциясын қалпына келтіруге және сақтауға көмектесетін шаралар. Мұндай шараларға мыналар жатады: салауатты өмір салтын ұстану және жаман әдеттерден бас тарту; жыныстық өмір ережелерін сақтау; жүйелі түрде тест тапсыру және жыныс жүйесінің саулығын бақылау; демалыс пен еңбек арақатынасын сақтау, стресстен аулақ болу және қалыпты психоэмоционалды күйде болу.
«Денсаулық» ұғымында репродуктивті денсаулық маңызды болып табылады. Адам денсаулығы — мемлекеттің игілігі. Әрбір адам өз денсаулығына саналы түрде қарауы керек. Ең бастысы, аурудың алдын алған жөн. Дене жаттығуы және ағзаны шынықтыру арқылы ең жақсы нәтижеге жетуге болады. Дұрыс тамақтануды да естен шығармауымыз керек. Бұның барлығы адамның жұмысқа қабілеттілігін арттырады және оның қорғаныш-бейімделу әрекеттерін жаттықтырады. Дене тәрбиесімен, спортпен айналысу және дұрыс тамақтану әртүрлі аурулардың алдын алады.
Репродуктивтік денсаулық – өмірдің кез келген өсімпаздық жүйенің ауру-сырқаттары болмаған жағдайдағы толық физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік саулығы. «Репродуктивтік денсаулық» деген түсінікке жыныстық даму, жеке гигиена жатады. Жыныстық даму — адам ағзасының генетикалық тұрғыда табиғи өзгеру кезеңі. Ол физикалық қана емес, моральды және эмоциялық тұрғыда өзгереді. Бұл кезеңде бала есейіп, қарама-қарсы жыныс өкіліне деген қызығушылық туындайды. Жыныстық жетілудің негізгі ерекшелігі жыныстық белгілерінің дамуы болып саналады. Ұл балалардың беттеріне түк шыға бастап, дауысы өзгеріп, дене бітімі шымырлана түседі. Қыз балаларға етеккір келіп, сүт бездері қалыптасады, дене бітімдері толықси бастайды. Бұл процестердің барлығы адам баласының ұрпақ жалғастыруға бағытталған табиғи қажеттілігі. Бұл ұл бала мен қыз балалардың болашақ ата-ана болып қалыптасуының бірінші кезеңі.
Репродуктивті денсаулықты қорғау, отбасын жоспарлауға көмек, ерлі-зайыптыларға немесе болашақ ата-аналарға маңызды болатын түрлі ақпарат беру, осылардың барлығы — іргелі адам құқықтарының санатына жатады. Әр адам өз отбасын жоспарлау үшін мамандардың көмегіне жүгінуге және ғылыми прогресті қолдануға құқылы. Осы кезеңде сен өз денсаулығың үшін жауаптысың. Жыныстық қатынасты бастамас бұрын, оған қаншалықты дайын екеніңді ойлап көр. Жыныстық қатынас туралы неғұрлым көп білсең (жүктілік, әртүрлі аурулар, сақтанудың түрлері және т.б.) келешек өмірің де соғұрлым тыныш және қауіпсіз болады. Репродуктивтік денсаулықты сақтауда жеке гигиенаның маңызы ерекше.
Есіңде болсын: жеке гигиенаны сақтасаң — өзіңнің және болашақ ұрпағыңның денсаулығының сау болуына жол ашады.
Г. Марқабаева,
«Мырзакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының гинеколог дәрігері.
