Қоғам

ШАРДАРАДА АУҚЫМДЫ ШАРУАЛАР АТҚАРЫЛУДА

Шардара ауданында ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп те өркендеп келеді. Шағалалы өңірдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің барысы аудан әкімі Арман Қарсыбаевпен болған әңгімеде айтылды.

– Арман Романұлы, бүгінде ауыл халқының жағдайын жақсарту басты бағыттардың бірі екені белгілі. Ауыл шаруашылығын өркендету жолындағы жетістіктеріңіз қандай? «Ауыл аманаты» бағдарламасы қалай орындалуда?

– Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында биыл айтарлықтай шаруалар атқарылды. Жылдың алғашқы 6 айында өнім көлемі 9,6 миллиард теңгені құрады.  Өткен жылы 7,1 миллиард теңгеге тең болған, яғни 34,5 пайызға өсім бар.

Биыл 58 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 42,3 мың гектарына – жаздық, 1,4 мың гектарына – күздік егіс, 14,3 мың гектарына жоңышқа орналастырылды.

Бүгінде ауданымызда 302 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыс 96,5 пайызға орындалған. Аталған жобаға «Ислам Даму» банкінен 25,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, осы банктің қаражаты есебінен аудандық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізілген 8 ағын су каналына күрделі жөндеу жүргізілуде. 2027 жылға өтпелі бұл жобаның жалпы құны – 6,4 миллиард теңге.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту тапсырмасы бойынша 38 жаңа техника мен қосалқы агрегаттар сатып алынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдары 1 миллиард 315,5 миллион теңгеге 196 жоба жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған. 2026 жылдың 6 айында 263,5 миллион теңгеге 13 жобаны қаржыландырды.

– Тұрғындарды таза ауыз сумен, сапалы электр қуатымен, табиғи газбен қамтамасыз ету барысы қандай деңгейде?

– Аудандағы 22 елді мекеннің 20-сында ауыз су қолжетімді. Халықтың қамтылу деңгейі 99,7 пайызды құрайды. Тұрғын саны небәрі 128 адамды құрайтын Бозай, Бимырза елді мекендері халық санының аздығына және ауыл округтерінен шалғай орналасуына байланысты экономикалық жағынан тиімсіз деп танылып, тұрғындармен келісім хаттамасы түзілген. Басқарма тарапынан министрлікке хаттамалар толық ұсынылған. Ендігі мәселе – Егізқұм елді мекенінде ұңғыма суының сапасы нашарлаған. Алатау батыр, Ақалтын, Қызылқұм елді мекендерінде жүйелердің тозуына байланысты ауыз су беруде қиындықтар бар. Қазіргі таңда қайта құру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Биыл жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын Қоссейіт, Ұзыната, Сүткент, Достық ауылдарының су жүйелерін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. «Тама» құдығынан жоба бойынша диаметрі 560 миллиметрлік 39,3 шақырым полиэтилен су құбыры тартылды. 14 ұңғыма қазылып, 4 дана су резервуарының құрылысы аяқталды. 2 насос станциясының ғимараты салынып, әрлеу жұмыстары жүргізілді, су айдағыш насостар орнатылды. Су беру қуаттылығы тәулігіне 24 мың текше метрді құрайды.

Бұл жобаның конкурстық құны – 16,5 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарына 28 техника, 120 жұмысшы жұмылдырылған. Мердігер мекеме «Алтын Констрашн» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Тұран құрылыс» ЖШС, авторлық қадағалаушы «МПК ПРОЕКТ» ЖШС болып табылады. «Тама» құдығынан  су тарту арқылы мыңдаған тұрғын таза ауыз сумен қамтылды.

Аудандағы 22 елді мекеннің 21-і сапалы электр қуатымен қамтылған. Халықтың электр қуатымен қамтылу деңгейі – 99,8 пайызды құрайды. Бимырза елді мекенінің тұрғындары электр қуатын күн сәулесі батареясынан алуда. 2024-2025 жылдары Шардара қаласы «Наурыз» шағынауданындағы электр желілері толық ауыстырылып, трансформатор қондырғылары орнатылған.

Аудан бойынша 22 елді мекеннің 15-індегі 82,6 мың адам, яғни аудан тұрғындарының 98 пайызы табиғи газбен қамтылған. Газ бармаған Бимырза, Құйған, Қуанқұдық, Бозай, Айдаркөлқашар, Баспанды, Жоласар елді мекендерінде тұратын халық саны – 2068 адам. Бұл аудан тұрғындарының 2 пайызын құрайды. Қуанқұдық, Бозай, Айдаркөлқашар, Баспанды, Жоласар елді мекендеріне газ жеткізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Ал Құйған, Бимырза мекендерін газбен қамтамасыз ету экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып табылады, себебі олар шалғайда орналасқан, халық саны да аз.

– Ауданда өнеркәсіптің, кәсіпкерліктің дамуына қаншалықты жағдай жасалуда?

– Жылдың алғашқы 6 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 136,9 пайызға орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,8 пайызға өскен. Ауданымызға жеке кәсіпкерлер есебінен инвестиция тарту бағытында 2025 жылдың 12 айында жалпы құны 14,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылды. Бір қойма, үш күріш өндіру және өңдеу, бір жүгері өңдеу кәсіпорындары мен бір ет өнімдерін шығару цехы іске қосылды. Осының нәтижесінде 145 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды.

Биыл жеке кәсіпкерлер есебінен инвестиция тарту бағытында жалпы құны 15,5 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба іске асыру жоспарланған. «Шардара күріш» күріш өңдеу зауыты, күн қуатынан электр энергиясын өндіретін екі станция, мал бордақылау және ет өнімдерін терең өңдеу, ет өнімдерін өңдеу және шұжық дайындау, балық кептіру цехтары, заманауи мейманхана кешені, фитнес орталығы, жиһаз фабрикасы салынуда. Олар іске қосылғанда тағы 65 адам жұмыспен қамтылады.

– Жалпы, ауданның өңірлік өсімі қаншалықты деңгейге жеткені жөнінде деректер келтірсек. Қандай жетістіктер бар?

– 2026 жылдың 6 айында жалпыөңірлік өнім көлемі 46,5 миллиард теңгені құрады. Оның 9,6 миллиард теңгесі ауылшаруашылық саласына, 16,6 миллиард теңгесі өнеркәсіпке, 15,8 миллиард теңгесі құрылысқа, 4,5 миллиард теңгесі сауда саласына тиесілі болды. 2025 жылдың 6 айындағы өнім көлемі 36,3 миллиард теңге болған еді. Бұл бағыттағы өсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,1 пайызға артық. Биылғы жылға жалпыөңірлік өнім көлемін 149,6 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз.

2026 жылдың 6 айында жергілікті бюджетке түсім бойынша жоспардағы

3 миллиард 306,2 миллион теңгенің орнына 3 миллиард 326,1 миллион теңге түсіп, жоспар 100,6 пайызға асыра орындалды. Шығыстар бойынша жоспардағы 8 миллиард 364,3 миллион теңге 99,8 пайызға игерілді. 2026 жылдың 6 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 27,5 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі 120 пайызға орындалды. 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26,9 пайызға өсті.

– Бүгінде жолдардың жай-күйі де аумақтың әлеуетін танытатын бір көрсеткіш болып қалды. Аудан жолдарының жағдайы қандай?

– Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 727,53 шақырымды құрайды. Оның ішінде елді мекен көшелері – 379,83 шақырым. 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 481,4 миллион теңгеге 12,6 шақырымды құрайтын 15 көшеге асфальттау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 91,6 пайызға жетті. Биыл аудандық бюджет есебінен 366,8 миллион теңгеге 11 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Орташа жөндеу жұмыстары 2027 жылға өтпелі. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен «Жаушықұм – Қалғансыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 8 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.

Шардара ауданында 2025 жылы облыстық бюджет есебінен 8 шақырымды құрайтын «Жаушықұм – Қалғансыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу үшін қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Строительная компания «Строймонтаж» ЖШС-мен келісім-шарт түзілген. Жобаның жалпы құны – 483 миллион теңге. 2025 жылы жобаға сәйкес, су өткелдері, темір-бетон құбырлар орнату және жер тегістеу жұмыстары жүргізілген, нысан биылға өтпелі болған. Бүгінгі таңда 8 шақырым асфальттың бірінші қабаты төселген. «Ұлттық жол сапа» орталығы оның суға қанығуы мен тығыздығына сараптама тағайындаған, нәтижесі күтілуде. Төселген асфальт жабыны талаптарға сәйкес келген жағдайда екінші қабаты төселетін болады.

Аталған жобалардың құрылысы 2027 жылға өтпелі.

– Шардара облыс орталығынан шалғай жатса да аудан шаруалары өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда. Берекелеріңіз тасып, ел экономикасына қомақты үлес қоса беріңіздер. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
О. Тұрар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *