Мәселе

Сатып алу конкурсы неге кешеуілдеді?

жаңа оқу жылына дейін мектептер жөнделіп үлгере ме?

Он күннен кейін республикада маңызы бар Құрылтай сайлауы өтеді. Бұған ел болып дайындалуда. Қателеспесек, сайлау учаскелерінің 90 пайызы білім ошақтарында орналасқан болуы мүмкін. Шынтуайтына келсек, сайлау да өтер, ол бір күндік іс-шара ғой. Бірақ одан кейін, араға бір апта салып жаңа оқу жылы басталады. Оқушылар барғанда мектеп алқам-салқам болып жатпай ма? Өйткені, көптеген мектептерге әлі жөндеу жұмыстары жүргізілмегені жайында редакциямызға жан-жақтан азаматтар хабарласуда.

Әсіресе, Сайрам ауданынан мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарлары мен қарапайым ұстаздар хабарласып, жөндеу жұмыстарына қатысты алаңдаушылығын жеткізуде. «Сабақ қалай аяқталды, мектебіміз сол күйінде тұр. Жылда бұл уақытқа дейін сырлап, ақтап қоюшы едік. Биыл әлі қаражат бөлінбепті. «Завхозымыз» «Краска, әк және басқа да керекті заттарды өзіміз ала берейік, ертең тендер өтсе ақшаларыңды қайтарып бергізем», – дейді. Біз келіспедік», – дейді өзінің толық аты-жөнін және қай мектептен екенін айтпауымызды өтінген (себебі түсінікті) Элдора есімді ұстаз.

Осы мағыналас мәселені тағы бір мектептің «завхозы» да айтты. «Бізге мектепті жөндеу үшін ақша жинауға тыйым салынған, – деді ол кісі де өзінің аты-жөнін айтқысы келмей. – Бірақ жаңа оқу жылына дайын болу керектігі жөнінде тапсырма берілді. 10-15 мың теңгенің жұмысы болса қалтамнан-ақ шығара салар едім, бірақ оған көп ақша керек қой».

 «Мемлекеттік сатып алу басқармасы конкурсты кешіктіруіне байланысты мектептерді әктеп, сырлау жұмыстары тоқтап тұр, ал біз мұғалімдерден ақша жинап жөндеуге қатаң тыйым салғанбыз, – деді Сайрам аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ердос Нышанов. – Конкурс шілденің ортасында, одан кейін соңында бітеді деп еді, болмады. Енді жақын күндері конкурс өтіп, хаттамасын жібереді деп отыр. Сол күннен бастап мектептерді қысқа мерзімде дайындап үлгереміз. Облыс бойынша екі-үш ауданда ғана мәселе толық шешілген, басқаларының барлығы біз секілді конкурстың өтуін күтіп отыр».

7 тамыз күні Сарыағаш ауданына барғанымызда білім бөлімінің басшысы Айсұлу Қалдықараева құрал-саймандардың әкелінгенін, мектептерге таратып жатқанын айтты. Демек, аудандарда мектептерді ұсақ жөндеуге қаржы енді бөлінген. Соған қарамастан біршама мектеп басшылары жөндеу жұмыстарын ойдағыдай атқарып қойғандарын айтады. Бірақ қалай, бәлкім демеушілер тапқан болар, мұндай жағдайда Үкіметтен бөлінген қаржы қайда жұмсалады, оны кім алады деген сұрақ туындайды.

Осы мәселе бойынша Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанхановқа хабарласқанбыз, ол кісі бұрынғы әдетінше «анықтап беретінін» айтты. Бірақ, қайта хабарласпады. Содан соң Түркістан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақәділ Сатыбалдыға (суретте) хабарластық. «Біз мектептердің күрделі және ағымдағы жөндеу мәселесін шешіп қойғанбыз, – деді басқарма басшысы. – Бұл жерде мәселе жөндеу емес, тауарға қатысты болып тұр. Тауар дегеніміз – краска, әк, щетка секілді ұсақ-түйек заттар. Оныншы тамыз күні бұл мәселе шешілді. Құжат менің алдымда жатыр. Сайрам ауданына конкурсты өздерің өткізіңдер дегенбіз, олар бізге қайтарып берді. Содан уақыт өтті. Сайрамға 150 миллион теңге қарастырылған. Өздері тапсырысты кеш берген. Техникалық сипаттама, қандай зат, оның құны қанша екенін жазып беру керек еді, соны кешіктірді. Мақтаарал, Отырар, Қазығұрт, Созаққа да линолеум секілді заттар керек. Олардың да мәселесі шешілді».

Байқап отырғандарыңыздай, 10  тамыз күні мемлекеттік сатып алу конкурсы өткен. Енді ауданға хаттамалар жолданады. Басқа да жұмыстар бар. Мердігер мектепке керекті заттарды апарып беруі үшін тағы уақыт керек болары анық. Осылай созбалаңға салынып жүргенде сайлау күні жақындап, мектептер жаңа оқу жылына дайын болмай қалмаса жарар еді…

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *