Ілгеріде «кіндік шеше» дейтін болушы еді. Бұл да қазақтың игі дәстүрінің бірі. Жұрт дүниеге келетін сәбиінің кіндігін кімге кестіретінін алдын ала ойланып, шешіп те қоятын. Кіндік шешелікке пысық, ашық-жарқын мінезді, абырой-беделі бар әйел таңдалынатын. Бала кіндік шешесіне тартады деген наным бар еді. Кіндік шеше абысын-ажын арасынан да, көрші-қолаң арасынан да таңдала беретін.
Кіндік шеше баланың екінші анасы іспетті болып та кететін. Өзі туғызып алып, қолына көтерген, кіндігін кесіп, алғашқы иткөйлегін өзі кигізгесін бала да оған етене жақындай болады. Бала есейгесін кіндік шешесін қуанту ниетімен арнайы амандасуға барып, сыйлық апаратын. Кіндік шеше мен бала арасында әдемі бір жарасымдылық, сыйластық болушы еді.
Менің Маржанкүл деген кіндік шешем болған. Бір үйде тоғыз бала өстік. Ағам мен әпкемнің, інілерім мен қарындасымның да кіндік шешелері кім болғанын білемін. Жарықтық, бәрі де жұртшылықтың арасында өзіндік орны бар сыйлы апалар еді. Бүгінде олар бақилық болып кеткен, Алла жандарын жәннатта еткей! Кейде бауырлар бас қосқан жерде сол кісілер туралы әңгіме айтылып қалатын кездер болады. Олардың жақсы мінезі, ізгі істері жайында еске аламыз. Бір-біріміздің бойымыздан әрқайсымыздың кіндік шешемізге қандай да бір ұқсастықты көргендей боламыз. «Қазір кіндік шеше деген бар ма өзі?» — деп сұраймыз бір-бірімізден.
Біздің бала кезімізде перзентхананың болған-болмағанын білмедім, есімде анық сақталғаны – анамыз үйде босанатын. Түннің ішінде немесе таң ата толғағы ұстағанда ұйқыдан оятып, өзі жақсы көретін, сыйласатын көршілердің бірінің үйіне жүгіртетін. Апыл-ғұпыл киініп, жүгіріп барып, оларды ұйқысынан оятасың. «Апам босанайын деп жатыр!» — дейсің сосын бір жағы қорқа, бір жағы қуана хабарлап. Ол үйдегі апа да екі сөзге келмей асыға көмекке ұмтылады.
Ал қазір әйелдің бәрі перзентханада босанады. Сәбидің кіндігін сондағы акушерлердің бірі кеседі. Барлық ана бірдей баласының кіндік шешесінің аты-жөнін сұрап жатпайтыны анық. Осындай болған соң кім кіндік шешесін іздеп, есте сақтап, атын айтып жүреді дейсіз. Осы жағын ойлағанда анашым мен оның сыйлас болған замандастары – біздің кіндік шешелерімізге деген ерекше бір сағыныш бойымды баурап алғандай болады. Бұл ғажайып дәстүр сол қимастарымызбен бірге бақи дүниеге мәңгілікке кетіп қалғандай сезіліп, көңілсіз күй кешем.
Ал сіздің кіндік шешеңіз бар ма? Сіз оның аты-жөнін, кім болғанын білесіз бе? Білсеңіз, оның хал-жайын сұрап, сыйлық жасап тұрасыз ба?
