Басты жаңалықтар Мәдениет және өнер

Сыршыл ақынның «Көңіл көктемі»

Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының (ҚЖО) мүшесі, сыршыл ақын, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, профессор Әбілсапар Тұрғынбаевтың 75 жас мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.

Ә. Тұрғынбаев 1951 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1973 жылы Сарыағаш ауданындағы «Қызыл Ту», қазіргі «Сарыағаш» аудандық газетінде әдеби қызметкерден бастап, тілші, бөлім басшысы қызметтерін сегіз жыл атқарып, біраз тәжірибе жинаған қаламгер аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысады. Бес жылдан кейін арнайы жолдамамен Алматыдағы Жоғары саяси партия мектебін бітіріп, аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінде идеология бөлімінің жауапты қызметкері болып жұмыс істейді. Партия тараған соң Сарыағаш ауданы әкімдігінде аппарат басшысы, одан кейінгі жылдары N20 кәсіптік-техникалық училищеде директор, N5 оқу-өндірістік орталығын құрып, осы базада N71 Ұлттық кәсіптік бағдар мектебін ашып, басқарады. 2006 жылдан N4 Ю.Гагарин атындағы мектепте директор қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты. «Қазақстанның білім беру ісінің үздік қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атақтарын иеленеді.

Ақынның «Жүректегі жазулар», «Өзім және өзгелер», «Сезім сыры», «Қаратөбеден қарасаң…», «Ауылдың адамдары» секілді сегіз жыр-сұхбат, естелік және тағы басқа әдеби жинақтары баспадан шыққан. Бұл шығармалардың өн бойынан туған жерге деген сағыныш, адам жанының иірімдері, өмір мен уақыттың сырлары сезіледі.

Ел-жұртқа танымал қарымды қаламгер Әбілсапар Мырзақұлұлы қазіргі күні де көппен бірге қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, түрлі мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жыр әлемінде сыршыл сезім мен терең ойды тоғыстырған ақынға биыл ҚЖО Басқармасының шешімімен «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы берілді.

Алматыдан Сарыағашқа арнайы келген ҚЖО Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақиық ақын Қасымхан Бегманов, аудан басшылығы, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері және жастар Әбілсапар Тұрғынбаевтың бір күнде үш бірдей іс-шарасына қатысты. Алдымен қадірменді қонақтар ақынның «Көңіл көктемі» атты жаңа кітабының тұсауын кесті. «Қалам қуатымен дараланған дарын» атты кітап көрмесі қойылып, мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби шолу жасалды. Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің драма ұжымы мен аудандық орталық кітапхананың бірлесе ұйымдастырған ақынның мерейлі 75 жасына арналған «Сыршыл ақын сырлары – жырларында» атты поэзиялық кештің шымылдығын Қ. Бегманов ашып, ҚЖО Басқарма төрағасының құттықтау хатын оқып, мерейтой иесінің иығына заманауи шапан жапты. 

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Талипов әкімінің атынан ақынға дайындалған адресат пен марапатын тапсырып, сый-сияпат жасады. Мерейтойға келген көпшіліктің өтініші бойынша ақиық ақын Қ.Бегманов өлең оқып, оқырмандарын риза етті. Сонымен қатар, ҚЖО Түркістан облыстық филиалының директоры Айдар Сейдазым мерейтой иесіне облыс басшысының құттықтау хатын тапсырып, қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Әдеби-сазды поэзиялық кешке Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының аудандарынан келген қонақтар және жергілікті көрермен қауым ақынның сырлы да сырбаз әлеміне сапар шегіп, қарымды қаламынан туған жыр жауһарларымен қауышып, өлеңдеріне жазылған әсем әндер әуеледі. Жиында сөз алған Ә.Тұрғынбаевтың әріптестері мен достары, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматтары, дәрігер-қаламгер Айтбай Тәсілов, Жарылқасын Ергешов, Мұстапа Сүлейменов, Өмірзақ Байболатов, Асқар Байзахов, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын әрі сазгер Әлібек Тойлыбай, ардагер ұстаз басшылар Өмірбек Бекмұрзаев, Төлеген Көкетаев, журналист-жазушы Көшкінбай Елікбаев, ақын-драматург Сайлаухан Жоланов, ақын әрі термеші Айболат Маймақов, тағы басқа азаматтар құттықтады. Алыста іссапарда жүрген қоғам қайраткерлері, Әбекеңнің жақын достары, ақын Әкім Ысқақ, заңгер ғалым Есберген Алауханов, жазушы Шойбек Орынбай арнайы құттықтауларын жолдапты. Бұл кеш – бір адамның мерейтойын ұлықтаудан гөрі, тұтас бір шығармашылық ғұмырдың өнегесін, өлеңге айналған өмір жолын, ұлт руханиятына сіңірген еңбегін ардақтаған тағылымы мол басқосу болғаны анық. 

Кештің мазмұнын аша түскен ерекше сәттердің бірі – аудандық мәдениет үйінің драма ұжымы сахналаған «Абылайұлы Пошан датқа» әңгімесінен қойылған көрініс болды. Сахналық қойылым арқылы тарихи тұлғаның болмысы мен елдік рухы көрерменге әсерлі жеткізілді. Әдеби-сазды поэзиялық кеште, сондай-ақ, өлең оқылып, ән шырқалып, естелік айтылды. Бұл рухани кештің мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары болғанын сезініп, әдебиетке, ақынға деген құрметтің, ізеттің әдемі көрінісі мен үлгісін көрдік.

Ақын Әбекең кештің жылышырай өтуіне атсалысқан өнерпаздар мен барша қатысушыларға өзінің жаңа «Көңіл көктемі» кітабын сыйға тарту етті. Поэзиялық кештің соңы мерейтойлық салтанатқа ұласып, ақынның еңбегін елеп, қадір-қасиетін бағалаған аудан халқы мерейтой иесіне ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Бұл – ақынға, оның шығармашылығына, азаматтық болмысына, ел руханиятына сіңірген еңбегіне деген халықтың шынайы ықыласының белгісі деп білдік.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

журналист-жазушы, қоғам қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *