Құқық Мәселе

Келес ауданында бала құқын қорғау туралы жиын өтіп жатқанда…

баланың құқы бұзылды

                              

«Халыққа бір тиын пайдасы жоқ ай сайын бас қосқан жиын болады…». Мұны айтқан ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Мөңке би. Болашақты дәл болжаған бабамыз ай сайын жиын болады десе, қазір күн сайын, тіпті бір күнде бірнеше жиын болатын жағдайға жеттік. Ал пайдасы қане?

 Сөзімізге тұздық ретінде айтайық, осы жылдың 21 қыркүйек күні Келес ауданының орталығы Абай ауылындағы Ә.Кенжеев атындағы мәдениет сарайында Түркістан облыстық бала құқықтарын қорғау жөніндегі өкілі Гүлжан Вероцкаяның қатысуымен ауқымды жиын өткен. Аталған жиынға ауданның прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, бас полицей Болат Қаныбеков, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев және аудандағы барлық мектептің директорлары, орынбасарлары, психолог мамандары, бір сөзбен айтқанда білім ордасының жауапты қызметкерлері түгел қатысқан. Күн тәртібінде — бала құқының қорғалуы, қылмыстардың алдын алу. Мұндай жиынның өткізілуі қажет, әрине пайдасы болса. Өкінішке қарай, балалар құқын қорғауды мақсат тұтқан дәл осы жиын өтіп жатқан сәтте бала құқы тапталған оқиға орын алды.

«Қыркүйектің 21 күні сағат 10-12-лер арасында аудан орталығында үлкен жиын болып, мектептің басшыларының барлығы Абай ауылына кетті. Сол кезде мектепте балалар арасында жанжал шыққан. Салдарынан бір оқушы басқа мектептегі досын шақырып, балалар мектептен қайтар жолда төбелес орын алады. Одан кейінгі жағдай әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге белгілі болды. Жиналыс жасай бергенше нақты іске көшу керек емес пе? Бұлардың бітпейтін жиналыстарынан нәтиже шығар болса, осы кезге дейін қылмыс тоқтап, ел дамып кетер еді ғой. Енді келіп кінәні мектепке аударып, директор мен орынбасарларына шара көреді. Егер сол кезде басшылар жиналыста емес, мектепте болғанда бәлкім бұл жанжал болмас па еді? Прокурор, полиция, әкім ұстаздарды аудан орталығына шақырып алып емес, өздері мектептерге келіп, оқушылармен көзбе-көз кездесу өткізу керектігін неге осы күнге дейін түсінбей отыр?», — дейді өзін Қалдыбек деп таныстырған келестік азамат.

Өте орынды айтылған ұсыныс. Сол күні Көлтоған мектебінде өткен жиынға біз де қатысып, осы ұсынысты аудан прокуроры Н.Ешенқұлов, полиция басқармасының басшысы Б.Қаныбеков және аудан әкімі Ж.Ағыбаевтың өздеріне де айттық. Келіскен сыңай танытқан басшылардың біз айтқан ұсыныстан қаншалықты нәтиже шығаратынын уақыт көрсетер. Ал айтылған сөз, айтылған жерде қалып, пайдасыз жиындар жалғасын таба берсе, келеңсіздіктерге тоқтау болады деп сенім арту қисынсыз.

Келестегі келеңсіз оқиғаға қайта оралайық. Көлтоған мектебінің екі оқушысы өзара келіспей қалып, бірі Абай ауылындағы досын, №7 мектептің оқушысын көмекке шақырады. «Разборканы» шешуге араласуға №1 Омар Есімов мектебінің де екі оқушысы ниет танытқан. Болған төбелес әлеуметтік желі арқылы тарады. Еңгезердей бір оқушы екіншісінің бетінен аяусыз тепті. Тепкі жеген бала біраз уақытқа есін жоғалтып алды. Мұрнынан қан сау ете қалды. Кейін зәбір көрсеткендер топ болып қашты. Бірақ, ауыл тұрғындары оларды ұстап алып, мектепке алып барған екен. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция келген.

Жарақат алған оқушы аудан орталығындағы аурухананың жарақат бөліміне жеткізіліп, ем алуда. Ал әлімжеттік көрсеткен оқушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Мектепте өткен жиынға қатысқан облыстық жергілікті полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Асылхан Төреханов (?) тергеу аяқталып, кінәсі дәлелденсе оқушыларды қатаң жаза күтіп тұрғанын айтты. Оқушылардың алдағы уақыттағы іс-әрекеттері қатаң бақылауда болады екен.

Біз бұл оқиғаға оқушылары қатысқан үш мектепке де барып, басшыларын әңгімеге тарттық.

Қалдыгүл Тұрсынбекова, Көлтоған мектебінің директоры: «Оқиға болған жерге алғашқылардың бірі болып өзім жеттім. Ауыл тұрғындары қашып бара жатқан балаларды ұстаған екен, мектептің акт залына алып келдік. Таяқ жеген біздің мектептің оқушысы, ол туралы еш жаман сөз айта алмаймын. Сыныптасымен келіспей қалса керек, ол басқа мектептің оқушысын көмекке шақырған. Тергеу бәрін анықтайды».

Оқиғаға оқушыларының қатысы бар деген екінші білім ұясы — О.Есімов мектебіне бардық. Зұлпия Рақымова директордың қызметін уақытша атқаруға сол күні кіріскен екен, сол себепті сұрағымызға директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бердібек Бұқарбаев жауап берді. «Оқушылар төбелесіне қатысты деп мектебіміздің екі оқушысының есімі аталуда. Бірақ олар оқиға орнына бармаған. Жолда кетіп бара жатқанда жергілікті балалар ұстап, ұрсып, кері қайтарып жіберіпті. Қазір біздің оқушыларға қатысты тергеу тоқтатылды».

Ал оқиғаның негізгі кейіпкері, №7 мектептің оқушысы сол түнді уақытша тергеу изоляторында түнеп шыққан. Мектеп директоры қызметін уақытша атқарып отырған Гүлмира Өтебаева оқушыға қатысты төмендегідей пікір білдірді. «Мен оқушымен сөйлестім. Өзінің қатты өкінетінін айтып отыр. Енді ондай жерге бару былай тұрсын, қасынан жүрмеймін деп уәде беруде. Балалықпен барып қалса керек. Сабағы да жақсы, бұрын бұзақылығымен көзге түсіп жүрген емес еді. Керісінше, түрлі дебаттарға, олимпиадаларға қатысып, орын алып жүрген үлгілі оқушы. Бір қателесті. Сол күні полиция өкілінің қатысуымен ұлдар кездесуін өткізіп, онда тәртіп мәселесі туралы сөз қозғалған. Кездесуден шыққан сәтте хабар келіп, солай қарай кетіп қалып отыр ғой».

Аудандық ауруханаға барып, жәбірленушімен де сөйлеспек болдық. Бірақ онымен тілдесу мүмкін болмағандықтан, жәбірленуші жағдайын оның емдеуші дәрігері Махамбет Ерімбетовтен сұрап білдік. «Жағдайы орташа ауыр, миы шайқалған, – деді дәрігер. – Лор, окулист дәрігерлер тексереді. Әзірге мұрнының майысуы байқалып отыр. Дегенмен, жарақаты өміріне қауіп төндіріп тұр деп айта алмаймыз, сөйлеп жатыр».

Біз дәрігерлермен сөйлесу барысында аруханада жүрген бір топ адамның жәбірленуші баланың туыстары екенін білдік. Жәбірленушінің әкесін сөзге тарттық. «Балам қандай жарақат алып, қандай жағдайда жатса да мен үшін ауыр, – деді Намазбай Усманов. – Малды да олай теппейді. Оқиғаға қатысушылар саны көп екені бейнекөріністе көрінеді. Алайда, екі балаға ғана айып тағылуда. Басқалар «сүттен ақ, судан таза» болғалы тұр. Заң барлық адамға бірдей емес пе? Жазадан бүгін оңай құтылған адам ертең одан да сорақысын жасайтынын дәлелдеудің қажеті жоқ. Итке зәбір көрсеткен адам да жазаланып жатыр ғой, ал баланы ұрған жазадан осылай оңай құтылып кетпек пе? Сонда адамның құны хайуаннан да төмен болғаны ма? Мен оқиғаға қатысы барлардың барлығына шара көрілмейінше тоқтамаймын».

Әрине, «баламның аяғына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деп қорғаштап, мәпелеп өсіріп отырған ұлдарын аяусыз тепкілеп кеткен ата-ананың ашуын түсінуге болады. Оқиға әлеуметтік желіден кеңінен тарап кеткендіктен бұл Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынғаны түсінікті. Облыстық полиция департаменті басшысының өзі де жіті бақылауда ұстайтынын айтыпты. Сол себепті кінәлілер оңай құтылар деп ойлауға негіз жоқ. Солай болуы тиіс. Ал егер тәртіп сақшылары тарапынан «бармақ басты, көз қыстыға» жол берер болса, онда елімізде полиция қылмыс атаулыны құрықтап, оның алдын алады деп сену – балаға айтылған ертегіге сенумен бірдей. Осыдан кейін бұзақылар, қылмыскерлер білгенін істемесіне кім кепіл? Ішкі істер министрлігі халықтың сенімін жоғалтқысы келмесе мұндай сорақылыққа жол бермейді деп сенеміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *