Жапонияда 45 жасқа толмаған адам мемлекеттік қызметке алынбайды екен. Ал бізде ше? Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысында 20-дан енді асқан жігіт ауыл әкімі болды. Сол кезде «ең жас әкім» деп, жарияға жар салып, мақтауын асырдық. Ал ол ауылдың ахуалын түземек түгілі, дұрыстап сұхбат та бере алмайтын еді. Әрине, бұл оның білімсіздігінен емес, тәжірибесіздігінен болса керек. Кейін мүлдем көрінбей қалды.
20 жасында ауылды, 30 жасында ауданды басқарып отырғандар бар. Олар қандай өмірлік тәжірибе жинай алды дейсіз? Өкінішке қарай, қазір қызметке сатылап жоғары қарай өрмелеп емес, тікұшақтан түскендей төбеден топ ете қалатын болды ғой. Төмендегі шыж-быжды көрмеген, ыстығына күйіп, суығына тоңып, саланың қыр-сырын ұғынбаған маман төбеде отырып, не тындыра алады? Өзі білмейтін салаға қалай басшылық жасайды?
Кеңес Одағын қазір жата кеп жамандаймыз. Әрине, одақтың қазаққа пайдасынан зияны басым болды. Бірақ, қолдауға, тәжірибеде қолдануға болатын кейбір жақсы жүйесі де жоқ емес еді. Мәселен, ол кезде қызметтік карьераны қуған адам алғашқы қадамын сонау комсомолдан бастайтын. Жоғары оқу орнын тәмамадап келген жас маман міндетті түрде төменгі сатыдағы қызметтерді атқаратын. Сөйтіп, совхоз директоры боламын дегенше жасы 40-тан асып қалатын. Міне, сонда нәтижелі жұмыс жүретін. Қазір жоғарыдағылар төмендегі ахуалдан бейхабар бола отырып түрлі бағдарламаларды жасай беретін болды. Қаншама бағдарламалардың орта жолдан ғұмыры үзіліп, жергілікті жерде жүзеге аспай, түкке тұрғысыз хал кешкені осыдан. Мұның барлығы көке-жәкесімен жастардың жоғары лауазымға жайғасып, ал нағыз майталман мамандардың қара жұмысқа жегілуінен болуда. Бұл әділетсіздік қана емес, мемлекеттің дамуына да көп кедергі келтіреді. Тамыр-таныстық, сыбайластық қолынан іс келетіндердің жолында кедергі болуда.
Осы олқылықты жою үшін мемлекеттік қызмет туралы заң қайта қаралу керек. Басы алтын болып жаратылса да, әкесі әкім немесе министр болса да жасы 40-қа толмаған адам басшылық қызметке алынбау керек. Керісінше бұл жасқа дейін тәжірибесін толықтырып, шыңдалуы тиіс.
Қанат Ақбала, Шардара ауданы.