Олар ғана емес, тағы біраз азаматтар автобуста тегін жүруге құқылы болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындарға деген әлеуметтік қамқорлық, жайлы орта қалыптастыру, халықтың әлсіз тобына жататын азаматтарды қолдау, көмектесу шарасы аясында Шымкент қаласының әкімі арнайы шешім шығарып отыр. Енді мамырдың 1-інен бастап бірқатар азаматтар автобуста тегін жүретін болды.
Бұған дейін Шымкентте қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы І-топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс белгі иегерлеріне, Тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген. Ал 7-18 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына тарифтің 50 пайызын төлеу жеңілдігі, студенттерге 50 теңге төлеу қарастырылған еді. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлікте тегін жүретін санаттағы азаматтар қатарын көбейту туралы шешім қабылдады.
1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі жоғарыда аталғандардан бөлек, келесі санаттағы азаматтарға да қолжетімді болады:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
3) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
4) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар;
5) ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
6) 1941 жылғы 22 маусым — 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
7) саяси қуғын-сүргiн құрбандары ретiндегі адамдар;
8) екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
9) мүгедектігі бар балалар;
10) 70 жастан асқан зейнеткерлер;
11) оқушылар.
Айта кетейік, жолаушылар көлігінің сапасы қала басшысының жіті бақылауында. «Бұл қызметті жақсартуға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр» дейді салаға жауаптылар.