Кейін кеш болмақ
Бүгінгі бала – ертеңгі елдің иесі. Біз балалардың тәрбиесіне ерте жастан назар аудармасақ, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Мектепте жүріп ұрлық жасайтын, басқа да қылмыстарға бейім бала болашақта кім болады? Оларға елдің ертеңін қалай сеніп тапсырамыз? Мұндай жағдайда ата-ана, мектеп, қоғам деп кінәні әркімнен іздеп уақыт өткізудің өзі артық. Кемшілік өзімізден.
Бала тәрбиесі жөнінде Мемлекет башысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ұстаздарға арналған Тамыз кеңесінде керемет айтты. «Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруіміз қажет. Біз жастардың құқықтық сауатын арттыруға баса мән беруіміз керек. Менің тапсырмам бойынша осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді», – деген сөзбен келіспеу мүмкін емес.
Жалпы, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бірақ көптеген жастар жасаған іс-әрекетінің түбі неге апаратынын білмей, қателікке жол беруде. Түсінгенде кеш болады. Осылайша заңға немқұрайлы қарап, түсінбей, заң талаптарын бұзып жүрген жастар сотталып, өз болашақтарына балта шабуда. Бұрынғылар «Балаңды аясаң, аяма» деген сөзді бекер айтпаса керек. Бүгін аяп, істеген теріс әрекеттеріне көз жұма қарау ертең орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Өкінішке орай, соны түсінбей, өз баласын қорғаштап, кінәсін жасырғысы келетін ата-аналар аз емес бүгінде.
Жуырда болған бір оқыс оқиға ауылдың ортақ чатында әжептәуір талас тудырды. 4-5 сыныпта оқитын екі бала кешқұрым көлік жуатын орынның ақша салатын құрылғысын бұзып, ішіндегі теңгелерді алып кеткені камераға жазылып қалған. Кәсіпкер әлгі балаларды тауып, бірден құқық қорғау органдарына емес, әуелі әке-шешесіне хабарласқан. Әрине, бұл – адамгершілік. Келтірілген шығын көлемі – 40 мың теңгенің шамасы екен. Ата-ана шығынды өтеп беретінін айтқанымен, уәдесін орындауға келгенде сөзі сұйылып, тіпті, кейін телефондарын да көтермей қойған. Кәсіпкер әлі де болса жанашырлықпен бейнетүсірілімді ауылдың чатына салған. Әлгіндей әрекеттерінен кейін құзырлы органдарға берсе де болар еді. Бірақ олай етпеді. Бұған рахмет айту орнына ашу шақырған әке «..Мойканың замогын ауыстыртып, пайдаланып қалайын дедің бе? Рас бала жүр екен, бірақ замогын ауыстырып, ақшасын төлейміз дедік. Алдыңнан өтіп, жауапкершілік алғанымыз кайда қалды?», – деп ауыр сөздер айтқан.
Баланың тәрбиесі жайлы айтудың орнына отқа май құйғысы келген әлдекімдер «Олардың рұқсатынсыз көпшілік чатқа салғаның үшін заң бар екенін есіңнен шығарма» деп ескерту жасайды. Әрине, көпшілік болғасын пікір де сан алуан. «Кәсіпкерге жекігенше бала тәрбиесін қолға ал» деп кеңес бергендер де болды.
Әрине, бала болғасын қателеседі, бірақ сол қателікті ата-анасы дер кезінде тоқтатып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ұғындырмаса, бүгін ұсақ ұрлық істеген адам ертең кез-келген ауыр қылмыс түрін жасаудан аяқ тартпасы анық. Кәсіпкер жігіттің де 40 мың теңгені дауламай-ақ қоя салуына болар еді, бірақ, біреудің перзенті ғой деп бала тәрбиесіне көз жұма қарасақ, қоғам болып атсалыспасақ, бүгін ине ұрлаған бала ертең түйені түгімен жұтатын болады. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Көзтаныс қой деп жылы жабуға болмайды.
Жалпы, балаға бос уақыт қалдырмаған жөн. Ал біз балалардың уақытын қалай өткізіп жүргеніне жіті назар салып, айрықша көңіл аударамыз ба? Біржақты «жоқ» деп айтудан аулақпыз, бірақ, көпшілігіміз бұған жеткілікті деңгейде көңіл бөле бермейтініміз ащы да болса ақиқат. Байқайтынымыз, балалар уақытының көпшілігін далада бос ойынмен, ерігіп қыдырумен өткізетін сияқты. Оған үйде ересектер тарапынан бақылаудың жоқтығы себеп болса керек. Көпшілік ата-аналар таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүреді. Бар ойлайтыны – балалар аш, жалаңаш қалмаса болғаны. Өкініштісі, мұндай көзқараспен, мұндай қарекетпен баланың рухани тәрбиесін құлдыратып аламыз.
Бақылаусыз бала өз-өзін тәрбиелеуге талпынбайды, керісінше, заңбұзушылықтарға баруға бейім болады. Ал оның соңы – жаза, қапас. Ата-ана сонда барып бармаған тістеп, өкінеді. Қай жерде қалай қателескеніне ой жүгірткенімен, ол кезде бәрі кеш болады. Сондықтан баланы жастайынан тәрбиелеудің әрбір ата-ана үшін, тұтастай қоғам үшін маңызы орасан.
Балқы БАЗАР.
