Мәдениет және өнер

Кимешек – ұлттық болмыстың айнасы

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен бай мәдениеті ұлттың тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан және ұлттық киім үлгілерінен айқын көрініс табады. Халқымыз үшін әрбір ұлттық бұйым мен киімнің өзіндік орны, терең мәні, тәрбиелік маңызы болған. Солардың ішіндегі ең қастерлі әрі ерекше киімдердің бірі – кимешек. Кимешек – қазақ әйелдерінің, әсіресе тұрмысқа шыққан аналардың киетін дәстүрлі бас киімі. Ол тек күнделікті тұрмыста қолданылатын киім ғана емес, халқымыздың дүниетанымын, эстетикалық талғамын, инабаттылық пен даналыққа негізделген өмір салтын танытатын ұлттық мұра. Сондықтан кимешекті ұлттық болмыстың айнасы деуге толық негіз бар.

Кимешек көбіне ақ матадан тігілген. Ақ түс қазақ халқында тазалықтың, адалдықтың, пәктіктің, мейірім мен ізгіліктің нышаны саналған. Сол себепті аналардың басына ақ кимешек киюі олардың отбасындағы қадір-қасиетін, даналығын, аналық мейірімін білдірген. Кимешек әйел адамның басын, мойнын, иығын жауып тұратындықтан, ол ұяттылық пен әдептіліктің белгісі ретінде де бағаланған. Қазақ қоғамында әйел адамның ибалы, көргенді, тәрбиелі болуы жоғары бағаланғандықтан, кимешек осы асыл қасиеттердің сыртқы көрінісі саналған.

«Анамның ак жаулығы әппақ-әппақ,

Айналдым пейіліңнен қардан әппақ», — деп Қуаныш Қолқаев ақын ағамыз жырлағандай арын жаулығымен арқалап жүретін аяулы аналарымыз – өлшеусіз өнеге.

Кимешектің түрлері мен үлгілері әр аймақта әртүрлі болған. Оңтүстік өңірде кимешектердің кестесі мен өрнегі ерекше әсем болса, батыс пен солтүстік аймақтарда пішіні мен тігілу үлгісінде өзгешеліктер кездескен. Оның бет жағы ойылып, айналасы түрлі ою-өрнекпен, зерлі жіптермен сәнделген. Әрбір өрнектің де өзіндік мәні болған. Мысалы, өсімдіктектес өрнектер өмір мен берекені білдірсе, геометриялық өрнектер үйлесімділік пен тәртіптің белгісі болған. Бұл халқымыздың шеберлігі мен көркемдік талғамының жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.

Кимешек әйел адамның жас ерекшелігін, әлеуметтік орнын, отбасылық мәртебесін де аңғартқан. Жас келіншектердің кимешегі сәндірек, әшекейлі болып келсе, жасы үлкен аналардың кимешегі байыпты, қарапайым әрі салмақты үлгіде тігілген. Осы арқылы қазақ халқы адамның жасына қарай құрмет көрсетіп, әр кезеңге лайықты киім мәдениетін қалыптастырған. Бұл – халқымыздың тәрбиеге, әдепке, үлкенді сыйлауға ерекше мән бергенінің дәлелі.

Болмысына нәзіктік үйлеседі,

Әйел заты қазақи күй кешеді.

Әр ананың айрықша орны бөлек,

Әр ананың сөйлейді кимешегі.

Бойжеткен аруларымызға:

«Сәукеле киген сұлуым,

Кимешек киген жасқа жет!» — деп өсиетті қазына қарияларымыз ұзатылар қыздарымызға ақ батасын беріп жатады.

Қазақта кимешекті ерекше қастерлеп қасиет тұтып, төмен жерде тұрса жоғары алып қойып, құрметпен қараған. Кимешек тек киім емес, ол – ана мәртебесінің символы. Қазақ халқы ананы тіршіліктің тірегі, отбасының ұйытқысы, берекенің бастауы деп қадірлеген. Сондықтан кимешек киген анаға ерекше құрмет көрсетілген. «Ақ жаулықты ана» деген қасиетті ұғым да осыдан шыққан. Кимешек ананың даналығын, мейірімін, сабырын, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін айқындап тұрған.

Сондықтан қыздарымызға әрбір басына жаулығын таққан өз аналары таптырмас тағылым, ғажап үлгі.

Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарға деген қызығушылық артып, кимешек қайта жаңғырып келеді. Ол түрлі мәдени шараларда, ұлттық мерекелерде, сахналық қойылымдарда, сән көрмелерінде кеңінен насихатталуда. Жас дизайнерлер кимешекті заманауи үлгімен үйлестіріп, ұлттық сәннің жаңа бағытын қалыптастыруда. Бұл – ұлттық мұрамыздың өміршең екенінің айқын белгісі.

Кимешек – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дүниетанымын, анаға деген құрметін және эстетикалық талғамын бойына жинаған асыл мұра. Ол – ұлт руханиятының бір бөлігі, ұлттық болмыстың шынайы айнасы. Кимешекті қадірлеу, зерттеу, кейінгі ұрпаққа таныту – ата-баба аманатына адалдықтың көрінісі. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау арқылы ғана біз өз болмысымызды сақтап, болашаққа нық қадам жасай аламыз.

Мәдина АХМЕТОВА,

           Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *