Әлеумет

8 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛДЫ

Шымкенттегі Көрме орталығында өңіраралық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан да жұмыс берушілер келіп қатысты. Іс-шара кезінде барлығын қосқанда 8 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылып, таныстырылды. Бұл жөнінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлім етті.

Алғашында жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші қатысады деп жоспарланғанымен іс-шара барысында олардың саны 80-нен асқан. Ұсынылған бос жұмыс орындарының 4 мыңнан астамы солтүстік өңірлерден келген делегаттар тарапынан таныстырылған. Жәрмеңкеге жұмыссыз азаматтармен қатар жастар, зейнет жасына дейінгі тұрғындар, пробация қызметі есебінде тұрғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтар, алимент берешегі барлар – жалпы саны 1 мыңға жуық адам қатысқан. Олар ұсынылған мүмкіндіктермен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

«Өзге облыстардан келген делегаттар өңіраралық жұмыспен қамту тетіктері, ерікті қоныс аудару бағдарламалары, сондай-ақ өңірлердің географиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек солтүстік өңірлерден келген делегациялармен кездесіп, ұсынылған бастамалармен танысты. Ол ерікті түрде қоныс аударуға ниетті азаматтардың жаңа ортада өз әлеуетін жүзеге асыруына қолдау көрсету мақсатында бірлескен ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуге дайын екенін атап өтті.

Жәрмеңке нәтижесінде 96 адам тұрақты жұмыс орындарына, 17 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Пробация қызметінде тіркеуде тұрған 118 адамның 24-і жұмысқа орналастыруға жолдама алды. Алимент берешегі бар 38 азаматқа тұрақты жұмыс ұсынылып, оның 15-іне жолдама берілді. Сондай-ақ 422 қала тұрғыны ерікті түрде қоныс аудару мәселелері бойынша кеңес алды. Оның ішінде пробация есебінде тұрған 8 азаматқа толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілді». – делінеді жарияланған ақпаратта.

Аталған 422 шымкенттіктің 200-і Шығыс Қазақстан облысына, 72-сі – Солтүстік Қазақстан, 60-ы –  Абай, 50-і – Ұлытау облыстарына, 40 адам Павлодар облысына баруға ниет білдірген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *