Шымкент

ШЫМКЕНТТЕ ҚАНША СУБҰРҚАҚ БАР?

Шымкент жылдан-жылға ажары ашылып, келбеті көріктеніп келеді. Жұрт серуендейтін, саялайтын жерлер баршылық. Жазы аптап ыстық әрі ұзаққа созылатын Шымқалада субұрқақтардың көп болуы маңызды. Олар қала тұрғындары мен қонақтарының жайлылық сезінуіне жақсы қызмет етуде. Жалпы, Шымкентте қанша субұрқақ бар? Біз осыған байланысты қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына хабарласқан едік. Төменде басқарма тарапынан келген жауапты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде 42 нысандағы 56 субұрқаққа жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Басқа да мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлердің теңгерімінде шамамен 100-ден аса субұрқақ бар. Олар көктемнен бастап қазан айына дейінгі аралықта жұмыс істеуде. Аталған жұмыстар бойынша 2026 жылғы 23 ақпанда №16401483-1 мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы өткізілді. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз болып «Adilkhan West Group» («Адилхан Уест Групп») ЖШС айқындалды. Қала аумағындағы субұрқақтардың жұмыс істеу режимі: Сағат 8.00-10.00, 11.00-13.30, 15.00-17.00, 18.00-20.00 және 21.00-00:00 уақыт аралықтарында қосылып, жұмыс жасайды.

2025 жылы құрылыс басқармасы тарапынан 50 субұрқақ салу жоспарланған, оның 18-і салынып, пайдалануға берілді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қала аумағында жаңадан заманауи субұрқақтар салу қарастырылады. Мердігер мекеме қала аумағындағы әр субұрқақты айына кемінде 3 мәрте жуып-тазалау, суын жаңарту және сынған бөлшектері мен гранит тақтайшаларын алмастыру, істен шыққан сорғылар мен жарықшамдарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді».

Субұрқақтар қаланың ажарын ашып, тартымдылығын арттыра түсетіні талассыз. Жаздың аптап ыстық күндерінде оның салқын лебін сезініп отырудың өзі бір ғанибет. Ал мұндай «фонтандардың» қазір қалада музыка ойнайтыны, түрлі-түсті құлпыратыны, билейтіні сияқты түр-түрлері бар. Жай субұрқақтың өзінен шыққан судың құлаққа жағымды дауысын тыңдап отырып та адам кәдімгідей тынығып қалады. Жұрттың субұрқағы бар саялы аумақтарға құмартатыны да содан ғой. Туристерді көптеп тартатыны да түсінікті. 

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *