Оқшау ой
Жаратушы Иенің адам баласының
бойына берген қасиеттерінің қайырымдысы – Мейірім. Құдай сол қайырымды қазынаны
қазақ ұлтына қаншалықты дарытқанын ата дәстүріміздің ұрпақ өрбітудегі ұлағатты
үлгілерінен байқауға болады.
Ұлтымыз үшін ұрпақ сүю бар байлықтың төресі. Ұлт құндылықтарының қазіргі қоғамда ұмыт бола бастаған ұрпаққа қатысты дәстүрінің бірі — құрсақ шашу. Әңгіме басында сөз еткен мейірім деген қасиет құрсағына құт дарып, аяғы ауырлаған жас Ана мен Ене, абысын-ажын арасында өрбитінін осы дәстүрден аңғарсаңыз болады. Ішінде «көжесі бар» келіннің жақсы жаңалығын жақындарына жәрия еткісі келген Ене алдымен үйдің оң босағасына үлкен ақ орамал байлап, үй тұсынан өткен аттылы, жаяу кісілерге жәй жүруін ескертіп, хабардар етеді. Құрсақ тойға келген жанашыр әйелдер әртүрлі дәм даярлап, жас келіннің жерік асын табуға тырысады.
Бұл дәстүр қазіргі уақытта өзгеріске ұшырағанына дәлел көп.
Жастардың «gender party» дейтін той өткізіп, құрсақтағы баланың жынысын анықтайтын амал-шарғылары — шар жару. Тарсылдаған шардың даусы шаранаға қалай әсер етерін ойлайтын пенде болсашы?! Ал, бұрынғылар келіннің отырып тұрғанынан-ақ білетін болған. Келін оң жағымен тұрып, отырса ұл деп, сол жағымен бейімделсе қыз деп болжаған. Міне сізге тегін УЗИ.
Әжелеріміз баланың жынысын білсе де жасырған екен. Бүгінгілер жасыру былай тұрсын, «көрдің бе?» дегендей кіндігінің ізін көрсетіп, тырыстырып көйлек киіп, үлкен-кішінің алдында көлбеңдеп жүреді. Онысын «ең сұлу әйел — екіқабат әйел» деп әспеттейді.
Той мен бойдың сәнін келтіреміз деп жүріп, ата дәстүрдің мәнін жоғалтып алмасақ жарар еді.
Ақмарал ЛЕУБАЕВА,
ақын, композитор.