Ел экономикасының дамуында инвесторлардың үлесі зор. Алайда, олардың жұмысы жергілікті халықтың денсаулығына зиянын тигізбеуі одан да маңызды. Ұлт саулығының маңызы жайлы Мемлекет басшысы өз жолдауында арнайылап тоқталғаны көзі қарақты оқырманға мәлім. Өкінішке орай, кей аудандарда ұлт саулығын жақсартудың орнына, кері әрекеттер орын алуда.
«…Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс. Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек…». Президенттің Жолдаудағы осы тапсырмасы барлық уақытта, барлық жерде бірдей орындала бермейтіні байқалады. Анығын айтқанда, осыдан біршама уақыт бұрын Жетісай ауданындағы Мақталы елдімекенінің тұрғындары ауылда жаңадан ашылған мия зауытының зияны мен одан шығатын сасық иіске қатысты наразылық білдіріп, құзырлы орындарға арызданған болатын. Зиянды қалдық салдарынан денелеріне жара шығып жатқанын айтып, дабыл қаққан-ды. Содан зауыт өз жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.

Араға біраз уақыт салып, зауыт жұмысын қайта бастағалы жатыр деген сөз шыққалы тұрғындардан қайта маза қашыпты. Редакциямызға хабарласып, жанайқайын жеткізген оқырмандардың өтінішіне бейжай қарай алмадық. Жетісай ауданына жол тарттық. Келгенімізде уақытша жабылды деген кәсіпорыннан ешкімді жолықтыра алмадық, зауыт басшылығымен тілдесу мүмкін болмады. Бірақ тұрғындар мен әкімдіктегі жауапты мамандардың уәжіне құлақ түрдік. «Өткен жылдың күз айында зауытты менің үйімнен 70 ақ метр жақын жерге салды, — дейді ауыл тұрғыны Перизат Тасқараева. – Алғашында ауылдан зауыт салынғанына, оның үйіме жақын орналасқанына қуандым. Өйткені, ол біздерге тұрақты жұмыс орны болуы мүмкін. Осындай ниетпен барып, зауыт ішіне кіргенімде сасық иіске тап болдым. Ұзақ шыдап тұру мүмкін емес. Жұмысшылар аммиак пен қышқылды (кислота) қосып, мияны жуып, сығып, өңдейтінін айтты. Мен иістен ауырып, ауа ауыстыру үшін Астанаға кеттім. Ауылдағы бала көтерген келінімнің үстіне белгісіз жара шыға бастады. Бұрын ондай болмаған. Күн жылығанда сасық иіс тіпті үдей түскен. Мамыр айында ауылға келгенде далада отыруға мүмкін болмай қалғанын байқап, таң қалдым».
Ауыл адамдарының шағымдары мұнымен бітпейді. Уайым арқалап, кімге шағынарын білмей жүргендер көп. Біз ауыл тұрғындарын мазалаған сауалдарды мамандарға қойдық. Солардың бірі, Жетісай су мекемесінің қызметкері Сәуле Сәменова сұрағымызға қатыстыбылай дейді: – Жер асты суын мұнараға жинап, ауылға таратамыз. Зауыттан шыққан қалдық су ауыз суды да ластаса керек, тұрғындарға жара шығып, астма ауруы асқынуда. Адамдардың тынысы тарылып, демала алмай қалуда. Бұл зауытты ашқанда, тұрғындарға тек шикізат аламыз деп айтқан. Алайда, оны алу үшін түрлі зиянды химиялық заттарды қолдануда. Балалар ауырып, өзіміздің тамағымыз бітуде. Аммиак жатқан жер тақырға айналып, жыңғылдар қурауда. Біздің алаңсыз өмір сүруіміз қиын болып қалды. Өткенде ауыл әкіміне, прокуратураға арыз жаздық, бірақ берген жауаптарына қанағаттанбадық. Аудан әкімін құлағдар еттік, тыңдамаса облыс әкіміне, нәтиже болмаса Президент әкімшілігіне де барамыз. Біз ұрпақ өсіріп, солардан үміт күтіп жүрген жандармыз. Жаңадан туылған шақалақтарға жара шығып жатыр. Бізге бірінші кезекте денсаулық, ұрпақтың амандығы керек.
Тұрғындар жанайқайына байланысты жергілікті билік өкілдері не дейді? Оны да назарларыңызға ұсынайық. «Бірінші кезеңнің аяқталуына байланысты әзірге зауыт жұмысы тоқтап тұр, — дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбетов. – Құрылыстың екінші кезеңі жүріп жатыр. Жалпы, зауыт құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. Біз өзіміздегі мәліметті тұрғындармен бөлісіп отырмыз. Қанағаттанбаған жағдайда құзырлы органдарға шағымдануына болады».
Ауданның кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев та білгенімен бөлісті. «Тұрғындар көтерген мәселе бойынша кәсіпкерден тиісті құжаттарды сұраттық. Қолдағы бар деректерге сүйенсек, кәсіпорынның құрылысты бастауға заңды құқы бар, яғни құжаттары заңдастырылған. Құрылысты бастау үшін тиісті мемлекеттік сараптамадан өткізіп, оң қорытынды алынған. Оның ішінде санитарлық, экологиялық талаптар көрсетілген. Бірақ кейбір талаптар орындалмаған екен, осыған орай тұрғындар экология департаментіне арызданған, солар жауап беруі тиіс», — деді бөлім басшысы.
Мамандар мен жергілікті билік өкілдері осылай деп отыр. Алайда, бізді тұрғындардың жанайқайы тыныш жатқыза алмады. Денеге шығып жатқан белгісіз жара жайлы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасын, дәлірек айтқанда, басқарманың ана мен баланы қорғау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Тыныштыханды хабардар еттік. Ал, сасық иіс пен орындалмаған талап жайын Түркістан облысы бойынша экология департаментінен сұрадық. Департамент басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Сыдықов тұрғындардан арыз түссе тексеретіндерін, сасық иіске қатысты тексеру үшін облыстық СЭС-ке хат жолдайтынын баян етті.
Зауыт басына барып көргенімізде кәсіпорын тарапынан заңбұзушылықтарға жол берілгені байқалды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің тұрғындарға ұсынған құжатта зиянды қалдықтар бетондалған жерде сақталып, қалдық арнайы көлікпен шығарылуы тиіс екені көрсетілген. Бірақ, біз барғанда зиянды қалдықтар бетондалған шұңқырға емес, кленка төселген көрдік. Тұрғындар сол ашық шұңқырға зиянды қалдықтар тасталғанын айтты. Олар қалдықтарды арнайы көлікпен емес, Камаз көлігінің үсті ашық жүк салғышына кленка төсеп шығарғанын көрген. Бұл енді тұрғындар денсаулығына ашық зиян келтіру емес пе? Жергілікті әкімдік пен жауапты бөлім мамандарының салғырттығы осы әрекеттің орын алуына себеп болып отыр. Ал, заңсыздыққа жол берілмеуін қадағалайтын прокуратура қайда қараған? Әлде инвесторларға заң бұзуға, тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруге бола ма?
Р.S. Бет қатталып жатқанда Түркістан облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкері Болат Оңалбаевтың Мақталы ауылына арнайы тапсырмамен барғаны белгілі болды. Не жұмыс тындырғаны жайында алдағы уақытта айтатын боламыз. Сонымен қатар қытайлық инвестордың үй үйді аралап, адамдарды жұмысқа алатынын айтып, рұқсат беруді сұрап жүргені де мәлім болды.
Ұлықбек ҮМБЕТ.
