Салдарынан науқас инсульт алып отыр
Соңғы кездері денсаулық саласына қатысты сын жиі айтылып кетті. Тіпті, Парламент қабырғасында да бұл мәселе аз қозғалып жүрген жоқ. Мақсат Толықбай мен Асхат Аймағамбетов министрге бірнеше сауал жолдады. Бірақ, содан шығып жатқан нәтиже байқалар емес.
Асхат Аймағамбетов 9 қазан күні денсаулық сақтау министрі Парламентке келетінін айтып, өзекті сұрақтар болса жолдауды сұрады. Өзі де мәселе көтерді. Ал депутат Мақсат Толықбай халықтың көкейіндегі мәселені ашық айтты. Түсінікті болу үшін депутаттың сөзінен үзінді келтіре кетейік: «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ел неге наразы? Неге дер кезінде көмек алмай, адамдар ауруы асқынып, өмірден өтіп кетіп жатыр. Қысқаша айтқанда былай, түнімен жүрегің ауырып ауруханаға барсаң, сені кардиолог бірден қабылдамайды. Хаттама бойынша терапевттің қабылдауына кіріп, УЗИ, ЭКГ-ден өтуді міндеттейді. Оны бір апта күтесің, кардиолог дәрігердің кезегін екі апта күтесің. Ақшаң болса жақсы, жеке емханадан ем аласың, болмаса инсульт, инфаркт алып, қаншама адамдар өліп кетіп жатыр. Ауруханалардан сұрасаң «бізде бір айда 20 адамды қабылдайсың деп бекітіп қойған жоспар бар, одан аспау керек» дегенді айтады. Неге бұлай? – деді Денсаулық сақтау министріне сұрақ қойған Мақсат Толықбай.
Бұл халықтың көкейінде жүрген сұрақ еді. Ал оған министр Ажар Гинияттың берген жаттанды жауабы көпшіліктің көңілін көншітпеді. Себебі ауылдарда науқастардың уақтылы дәрігерлік көмек ала алмай көз жұмып, әупіріммен аман қалғандардың арасында мүгедек болып қалғандары кездеседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін редакцияға хабарласқан Сарыағаш қаласының тұрғыны Жәлел Қалтұрсыновтың басынан өткен жағдайға тоқталайық. «30 қыркүйек сенбі болатын, таңертең басым айналып, өзімді жайсыз сезінгендіктен жедел жәрдем шақырттым, – дейді Жәлел Қалтұрсынов. – Сағат 9-дар шамасында жедел жәрдемнің алғашқы көлігі келді, бірақ мені аурухана қабылдамайды деп тастап кетті. Олар кеткен соң өзімді тіпті ауыр сезініп, жүріп-тұруым қиындаған соң түс мезгілінде екінші рет жәдел жәрдем көмегіне жүгіндім. Бірақ жағдайымның ауырлығына қарамастан бұл жолы да үйде қалдырды. Басым айналып, аяқ-қолымнан әл кетіп, келесі таңды әзер атырдым.
Жедел жәрдемнен көңілім қалып, баламның көлігімен жеке дәрігерге бардым. Ол «тез арада ауруханаға бармасаңыз болмайды» деп қайтарып жіберді. Содан соң Сарыағаш қаласындағы бұрын өзім жұмыс істеген «Неромед» деп аталатын жеке дәрігерлік клиникасына бардым, олар да тез арада ауруханаға баруымды ескертті. Амал жоқтықтан сүйретіліп Сарыағаш аудандық ауруханасына бардым, қабылдау бөліміндегілер «инсульт» деген диагнозбен қабылдап, ем-домды бастады. Осы арада екі күн өтті. Қазір менің бір аяқ, бір қолым істемей қалды. Дәрігерлер «жедел жәрдем бірден бізге алып келгенде инсульттың алдын алуға болатын еді» дейді. Сонда мені жедел жәрдемнің дәрігерлері неге ауруханаға алып бармады, әлде оларға ақша беруім керек па еді? Олай болса ашық айтпай ма, қазір солардың кесірінен инсульт алып, денемнің бір жағы жансызданып қалды. Тілім күрметіліп, енді ғана сөйлей бастадым. Қайта өзім барғаным жақсы болыпты, әйтпесе бұдан да нашар халге түседі екенмін. Егер уақытында тиісті медициналық көмек ала алмасақ, біздің МӘМС-ке төлеген жарнамызды кім пайдаланады?».
Біз де осы сауалды еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Гиниятқа жолдағымыз келеді. Бірақ Мәжіліс депутаттарының сұрағына мардымды жауап бере алмаған министрдің біздің сауалға сапалы жауап қайтарады дегенге сену қиын. Бәлкім, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары жауап берер деген оймен Түркістанға хабарластық. Басқарманың баспасөз хатшысы Қасымхан Қамытбек: «Ол кісі бізге арыз жазу керек, тексертеміз, шағымы дәлелін тапса шара көреміз», – деп қысқа қайырды. Ал басқарма басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Сатыбалдыға болған жәйт жөнінде айтқанымызда: «Маған баспасөз хатшы айтты. Айналысып жатырмыз. Сол күні сырқатқа қандай фельдшерлердің барғанын уақытына қарап анықтаймыз. Адам бір күнде екі рет жедел жәрдемді еріккеннен шақырмайтыны түсінікті. Сондықтан науқас жағдайына нақты шағым айтқаннан кейін ауруханаға алып кетуі керек еді. Біріншісі алмаған жағдайда екіншісі міндетті түрде алып кетуі тиіс болатын. Біз бұл оқиғаның мән-жайын анықтаймыз», – деп көңілге сенім ұялатқандай болды.
Облыс орталығы – Түркістан қаласында Бақытжан Мырзагелдиев басқаратын Жедел жәрдем ауруханасы бар. Аудандағы жедел жәрдемнің барлығы сол ауруханаға қарайды. Осы оқиғаға байланысты Б.Мырзагелдиевке бірнеше рет телефон соққанымызбен, тілдесудің сәті түспеді. Дәлірегі, тұтқаны көтермеді. Хабарламамызға да жауап бермеді. Соған қарағанда Б.Мырзагелдиевті науқастардың жағдайы, қарамағындағы қызметкерлердің қызмет көрсету сапасы қызықтырмайтын болғаны ма?
Иә, сарыағаштық дәрігерлердің ем-домының арқасында Ж.Қалтұрсыновтың тезірек жазылып шығуына тілектеспіз. Алайда, осындай келеңсіз жайт алдағы уақытта да қайталанып, жәдел жәрдем қызметкерлері ауыр халде жатқан адамды үйінде, нақты айтқанда өмір мен өлімнің арасына қалдырып кете береді ме деген уайым бар. Ондай дәрігер тиісті жазасын алуы тиіс. Өзіне де, өзгелеріне де сабақ болуы үшін. Ал, мұндай жауапсыздыққа бей-жай қарап, шара көрмеген басшының өзінің жауапкершілігін күн тәртібіне шығарған жөн. Дәрігердің жауапсыздығы өзін жарға жықса, науқасты өлімге итермелеуі әбден мүмкін. Жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты әртүрлі алыпқашты әңгімелер осындай оқиғалардан кейін айтылса керек. Иә, жел тұрмаса шөптің басы қайдан қимылдасын!
Ұлықбек ҮМБЕТ.