Шымкент

«ШЫНАЙЫ ЭКОНОМИКАМЕН ӨМІР СҮРЕЙІК»

   

Осылай деген Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков салаға жауапты мамандардан проблемаларды баса көрсетуді талап етті. «Талдау барысында әсіресе күрделі мәселелерге көңіл бөлсеңіздер. Соны анықтап, шешудің жолдарын қарастырсақ. Мәселені шешуге күш салу керек» деді.  Сала мамандары мегаполистің қаңтар – мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Нақтырақ айтсақ, Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев аталған кезеңде қала бойынша салада оң динамика  қалыптасқанын айтты. Мәселен, инвестиция көлемі 17,4 пайызға артып, 203,6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция көлемі 29,5 млрд. теңге болса, жеке инвестиция көлемі 174,1 млрд. теңгеге жеткен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 55,7 млрд теңгені құрап, 30,7 пайызға ұлғайғаны байқалады.

Десе де қала әкімі тиісті басқарма басшыларына мегаполис аумағындағы заңсыз берілген жер телімдеріне қатысты заң шеңберінде шараларды күшейтіп, дендрологиялық саябақ пен «Арбат» алаңына абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Саябақтардағы ойын аттракциондарының қауіпсіздігін жақсартуды міндеттеді. Барлық аудан, сала басшыларына бюджеттің сапалы орындалуы, 2025 жылғы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік-экономиканың дамығаны сол болар, тұрмыстық түйткілдерді толық шешіп, қала тұрғындарының қолайлы ортада өмір сүруін қалыптастыру қажет. Қала басшысының сала мамандарына берген тапсырмаларының тоқ етері де осы принципке тоғысып жатқандай.

Тұрмыстық түйткіл демекші, Шымкенттің бүгінгідей күні жанып тұрған шақта тұрғындары саялайтын орындары көп болуы керек. Ол саябақтар мен гүлзарлардың көркіне мән беру қажет деген сөз. Қолдан келсе, саябақтар санын көбейткен жөн. Бұл орайда жыл басында қолға алынған жобалардың бірі — әл-Фараби ауданына қарасты Жандосов, Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы бос жатқан 20 соттық жерге саябақ салу болатын. Бұл жобаны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков елдімекендерді аралау барысында арнайы барып, танысып қайтқан. Жер теліміне зерттеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік акт жасалды. Саябақтың құрылысы сапалы, әрі мерзімінде жүргізілуін де қала басшысы өзі қадағалап отырды.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Еңбекші ауданында тағы бір аллея тұрғындарға жайлы орта тарту етілді. Жібек жолы, Сайрам көшелерінің қиылысында жаңа серуендеу аймағы пайда болды. Бұл жоба да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды.

Еңбекші ауданында бұған дейін де «Қазақстан-Түркия достығы» саябағы тұрғындар игілігіне берілген-ді. Ал биылғы жаңа нысанды  – BI group компаниясы шымкенттіктерге тарту етіп отыр. Оның өзі компанияның қаладағы тұрғын үй құрылысына атсалыса бастағанына 5 жыл толу құрметіне орайластырылып отыр. Саябақ құрылысын жұмысшылар 1,5 айда бітірген.  

BIG TULIP деп аталады. Tulip түркі тілінде қызғалдақ деген мағынаны береді. Аллеяның негізгі символы 5 түп қызғалдақ. Түнде жарық шам боп жанатын бұл қызғалдақтар көз тартады. Компания өкілі Қайрат  Қуанышбаевтың айтуынша, қыркүйек айында тағы бір жобаны Шымкентке тарту етпек. Бұған дейін заңсыз сауда нысандары, көрші аудандарға қатынайтын таксилер тұрағы болған аумақ осылайша көркейіп шыға келді. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін айтты.

– Өздеріңіз білесіздер, бұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де кәсіпкерлердің өз бастамасымен, сый ретінде салынуда. Осы іске үлес қосқан сіздерге де рақмет. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Жақсы орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп-ұстаңыздар. Жалпы халықтың да тазалыққа деген санасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың ескірген насостарын ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз, – деді қала әкімі саябақтың ашылу салтанатында.

Тұрғындар қала басшысына осындай саябақ тарту еткені үшін дән риза.

Ал, Игілік тұрғын алабы, Баба ата көшесінің бойындағы жасыл белдеу кезінде жеке тұлғаларға қойма құрылысы үшін берілген. Бірақ, жергілікті тұрғындар мегаполис басшысымен кездесу барысында жасыл белдеу аумағын жеке тұлғаға бермеуін сұрап, жасыл белдеуді орнында қалдыру бойынша өтініш білдірген еді. Міне, бұл талап та орындалып отыр. Қала басшысының тапсырмасымен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған жерге зерделеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, 1,4 га аумақтың нысаналы мақсаты «қойма жайлары және темір базасы құрылысын салу үшін» «Шебер Юг» ЖШС-іне, «Шымкент құс» ЖШС-іне және бір кәсіпкерге жеке меншік құқығымен рәсімделгені анықталды. Алайда, бас жоспар бойынша аталған жер учаскесі жасыл желек аумағында орналасқандықтан, мемлекет мұқтажына алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *