Соңғы жылдары Түркістан облысының білім саласында келеңсіздіктердің көбейіп кеткені жиі айтылуда. Басшылардың жемқорлыққа салынуы, мектептерде ұстаздардың дауласуы, бір-біріне жұдырық алып жүгіруі қалыпты құбылысқа айналғандай. Ал бұл өз кезегінде білім сапасына кері әсер етпейді деп ешкім айта алмайды. Осы және өзге де өзекті мәселелер турасында облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматовты әңгімеге тартып, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын сұрап білген едік.
— Ғалымжан Бауыржанұлы, облыстағы мектептердің біліктілік деңгейіне сараптама жасап көрсек…
— Біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру жұмыстары былтыр 99 мектепте жүргізілді. Нәтижесінде барлық білім ұяларында біліктілік талапқа сай келмей, заң бұзушылықтар орын алуына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жайында хаттамалар толтырылды. Нақты айтсам, 5 лауазымды, 94 заңды тұлғаға шара көру ұсынылды.
Сонымен қатар, департамент тарапынан былтыр 498 білім беру ұйымына, атап айтқанда, 193 балабақша, 304 мектеп, 1 колледжге мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Аттестаттау барысында бірінші мүмкіндіктен аталған ұйымдардың 16,2 пайызы ғана, яғни 32 балабақша мен 49 мектеп қана өте алды. Ал, қалған 161 балабақша, 255 мектеп, 1 колледж алғашқы сынақтан сүрінді. Осы жайттың өзі облыстағы білім мекемелерінің сапасына сараптама жасауға жеткілікті секілді.
— Аттестаттаудан өте алмаған ұйымдардың әрі қарайғы жұмысы не болмақ?
— Ол ұйымдарға қайта аттестациядан өту мүмкіндігі жасалады. Ал екінші қайтара мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған 22 білім беру ұйымына (2 колледж, 11 мектеп, 9 балабақша) профилактикалық бақылау жүргізілді. 17 білім беру ұйымына анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама берілді. Нәтижесінде 2 колледжден лицензиясы кері қайтарылды. Сайрам ауданында бір мектеп жабылып, екі балабақшаның қызметі тоқтатылды.
— Заң бұзушылықтар бойынша қай аудандардан шағым көп?
— Департаментке 2024 жылы Е-Өтініш порталы арқылы 328 өтініш қаралды. Саны бойынша сараласақ, тізімнің басында тұрған Мақтаарал ауданынан — 71, Сарыағаштан – 70, Сайрамнан – 40 өтініш түскен. Оның ішінде, 45 өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 40 құқық бұзушылық анықталып, 39 нұсқама берілді және 12 әкімшілік іс қозғалды. Оның 7-і заңды, 5-і лауазымды тұлғаға қатысты жүзеге асты.
— Ұстаздар тарапынан шағым жиі түседі ме?
— Шыны керек, «Ұстаз мәртебесі туралы» заң талаптары барлық жерде сақтала бермейді. Сол себепті ұстаздар тарапынан шағым жоқ дей алмаймыз. Мәселен, өткен жылы ұстаздар шағымына байланысты 285, оның ішінде 161 заңды, 106 лауазымды және 18 жеке тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 6290 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 9 директор, 37 педагогқа қатысты 15 ескерту, 29 сөгіс және 2 қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара көрілді. Осы секілді олқылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатында былтыр облыс орталығында бес отырыс, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Бәйдібек, Сайрам аудандарында арнайы көшпелі отырыстар өткізілді.
— Жаңадан ашылған мектептер мен балабақшаларға лицензияны сіз басқарып отырған департамент береді. Соңғы кездері лизенцияға қатысты жайсыз әңгіме жиіледі. Бұған не дейсіз?
— Мектеп, балабақша иелері бізден лицензия алмас бұрын санитарлық эпидемиологиялық департамент, өрт сөндіру бөлімі, басқа да тиісті орындардан рұқсаттарын алады. Олардың барлығы рұқсат еткен жағдайда біздің лицензия бермеуге құқымыз жоқ. Бұл олардың құқын бұзғандық болар еді. Дегенмен, құжаттағы көрсетілген мән-жайдың барлығы әділ, таза болуын талап етеміз.
Жалпы, мемлекеттік лицензиялау бойынша www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы 339 мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш түсті. Оның 166-сы (49 пайыз) қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 173-інің (51 пайыз) сұраныстары қараусыз қалды.
— Департаментте жұмыс істейтін мамандар облыстағы мыңдаған мектептер мен балабақша, өзге де білім беру ұйымдарының жұмыс сапасына бақылау жасап, шағым тексеріп үлгере ме?
— Департаментіміздегі екі бөлімде 11 адам қызмет атқарады. Оның бірі білім беру қызметін лицензиялаумен айналысса, екінші бөлім білім сапасын сырттай бағалаумен шұғылданады. Әр бөлім мамандарына бекітілген міндеттер мен нормативтік-құқықтық актілердің орындалуына түсіндірме беру жүктелген. Әрине, маман жеткілікті деп айта алмаймыз, жүктеме көп. Қоғаммен байланысты нығайту және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінде парақша ашқанбыз. Одан бөлек, департаменттің сенім телефондары жұмыс істейді: 8-775-740-1207 — басшы; 8-701-526-0478 — білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы; 8-747-221-6837 — білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы. Ресми сайт сілтемесі: https://www.gov.kz/memleket/entities/control—turkestan?lang=kk
Осы тұста айта кетерлік тағы бір мәселе — Департамент мамандары куратор болып аудан, қалаға жауапты ретінде бөлінген. Сонда бір қызметкерге 2-3 ауданның білім сапасын бақылау жүктеледі. Әрине, бұл ауыр салмақ, соған қарамастан мамандар тынымсыз қызмет атқарудан шаршамайды. Департамент мамандары өздері кураторлық ететін аудан, қала білім бөлімдерімен және білім беру ұйымдарына қатысты проблемалық мәселе мен әлеуметтік желіге жарияланған резонанстық жариялымдардан хабардар болып отырады. Бұл олардың міндетті жұмыстарының бірі саналады.
— Ғалымжан Бауыржанұлы, уақыт бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Балқы БАЗАР.