Мән-жай
Бұған дейін әлеуметтік желіде айтылғандай, «Ақбикеш» мұнарасының бір қабырғасы құлап, кесене бүлінген еді. Бұған жергілікті билік биыл, қаңтардың 25-26 күндерінде теріскейдегі ауа райының қолайсыздығы себепші болғанын алға тартты. Сол күндері қар аралас жаңбыр жауған. Кесене Түркістан облысы Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында орналасқан. Бұл мұнара өңір тарихындағы ең көне жәдігердің бірі. Тарихшы-археолог мамандар бұл нысанның XIII–XIV ғасырларда салынғанын айтады. Оған 1946 жылы Ә. Х. Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген жұмыстардың нәтижесі дәлел. Ал 1947 жылы А. Н. Берштамның жетекшілік етуімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы да зерттеу жүргізген.
Белгілі тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің «Зуфар-намесінде» («Жеңіс кітабы») Ақбикеш мұнарасы жайлы жазба бар. Әмір Темірдің 1389-1390 жылдары Тоқтамысқа қарсы жорықта Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына қарауыл мұнарасы ретінде салынғаны айтылады. Нақтылай айтсақ, Темір әскері Қамар Ад-Динге қарсы 1376 жылы Әділшахты ұстауға адамдар жібереді. «Отырарға жеткен соң олар қаладан әскери жасақ алып шығып, сол таулардан Әділшахты іздеумен айналысты. Оны Ақ Сүме деген жерде ұстап алып, олар [оны] өлтірді. Ақ Сүме – Қарашық [Қаратау] тауының басына Дешті Қыпшақты бақылап тұратын қарауылға арнап салынған мұнара» деп жазылған.
Сонымен қатар, әйгілі «Тарихи Рашидиде» Мұхаммед Хайдар Дулати «Ақ Сүме Қарашық тауына қарауыл мұнарасы ретінде тұрғызылған бағана тәрізді құрылыс, осыдан Дешті Қыпшаққа бақылау жүргізілген» дейді.
Тарихи жазбалар авторының тағы бір белді өкілі Хафиз Таныш «Шараф-наме-ий шахи» атты шығармасында бұқар әміршісі Абдаллахтың жорығы жайлы жазбасында 1582 жылы 16 сәуірде Ақ Сүме арқылы өткендігін атап өтеді.

Биыл, қаңтар айында сол «Ақбикеш» мұнарасының бүлінгені туралы ақпарат тарай салысымен, Созақ ауданының әкімдігі «Ақбикеш» мұнарасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық дәрежедегі ескерткіштер тізіміне енгізілгенін, оған 2020 жылы «Қазреставрация» ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалы келіп жөндегенін ресми хабарлады. Десе де табиғаттың дүлей мінезіне 5 жыл бұрынғы жөндеу жұмыстары да шыдас бермегенін алға тартқан. Мәдени, тарихи ескерткіштерге жауапты облыстық мәдениет басқармасы бұл мұнараның 2019 жылы 30 мамырдағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің №156 бұйрығымен республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілгенін айтады.
Ел арасында «Ақсүмбе» мұнарасы деп те аталатын бұл тарихи жәдігердің сәулеттік сұлбасы ерекше. Куәгерлердің айтуынша, «Ақбикеш» мұнарасы бұрын биік болған. Ертеректе мұнараның ені 14 м, биіктігі 25 метрді құрапты. Қазір ені 7 метр, биіктігі 11 метр ғана. Ал атауына келетін болсақ, түрлі жорамал бар. Мысалы, әдебиет зертетушілер «Ақ Сүме» атауы «Ақ пұтхана» дегенді білдіреді, ескерткіш қалай да будда дінімен байланысты» деп те жорамал жасағанын кездестіруге болады. Бірақ, тарихшы-археологтардың зерттеулері оның әуел бастан-ақ Қыпшақ даласын бақылау үшін (күзетхана) ретінді салынғанын дәлелдейді. Қазақ «сүмбе, сүмбі» мылтықтың ұңғысын тазалайтын жіңішке ұзын темірді атаған. Теріскейдегі төбе басына салынған мұнараның сыртқы пішімі — жоғарғы жағы конус түрінде жіңішке сол ұңғы тазалаушы ұзын темірге ұқсағандықтан сүмбе аталуы мүмкін. Мұнараның сырты ақ болуына байланысты «Ақсүмбе» аталған» деген болжамдар бар.
Мұнараның қабырғасы о баста шикі кірпіштен қаланғаны анықталған. Іргесіне тас пайдаланылған. Мұнараның қабырғасында айналаны бақылау үшін жасалған екі ойық бар. Оның бірі батыс асуға, екіншісі солтүстік-шығыс жаққа қараған. Жаңбыр суы көп тиетін оңтүстік бөлігі бұған дейін де (2025 жылға дейін) талай рет мүжіліп, ойылғаны бар. Теріскейде туып-өскен ағайынның арасында «Мұнараның ішінде айналма текпішек болатын, онымен бала күнімізде жоғарғы жағына өрмелеп шығатынбыз» дейтіндер көп-ақ.
Қалай болғанда да талай ғасырлық тарихы бар ескерткіштің дәл бүгінгі ахуалы алаңдатарлық жағдайда. Шұғыл арада қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мәдениет министрлігі тарапынан әрекет басталды да. Жақында арнайы құрылған комиссия мүшелері ескерткіштің бүгінгі жай-күйімен танысты. Құрамында білікті мамандар бар комиссия қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде қолданылған материалдардың бұзылу себептерін анықтауға кіріскен. ҚР Мәдениет және ақапарат министрлігінің Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиеваның айтуынша, алдағы уақытта мұнараға консервациялық жұмыстар жасалады.
– Ең маңыздысы – бұзылған мұнараның өзі емес, қайта қалпына келтіру кезінде қолданылған материалдар бөлігі бүлінген. Қазіргі таңда тарихи көрінісін сақтап тұр. Егер қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданса, ғылыми-реставрациялық жұмыстар тиісті лицензиясы, біліктілігі және тәжірибесі бар ұйыммен орындалады. ҚР Заңнамасына сәйкес, ескерткіш тек толық физикалық жойылған жағдайда ғана тарихи-мәдени құндылық мәртебесінен айырылады. Осыған байланысты, Ақбикеш мұнарасы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін сақтап қалады, – деді Жанат Сейдалықызы.
Ал қайта қалпына келтіру ісімен айналысқан «Қазқайтажаңарту» РМК директоры Алмас Абдиев «Жұмыстар алдын ала дайындалған ғылыми-жобалық құжаттамаға сәйкес орындалды. Соған сай сапалы материалдар пайдаланылды. 2020 жылға дейін мұнараның сақталу деңгейі 5-6 метр биіктікте болған. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар күннің суығында жүргізілгендіктен, ауа райының қолайсыздығы жаңа және бұрынғы материалдардың бірігу процесіне кері әсерін тигізді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары (реконструкция) бойынша шешім мамандардың пікірін ескере отырып қабылданады», — деп отыр.
Қалай болғанда да Дешті Қыпшақ даласында меңмұңдалап осы күнге дейін еңсесін тіктеп тұрған Ақбикеш мұнарасы терең тарихтан сыр шертер құнды жәдігер. Оны көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпақтың міндеті. Ал сол міндетті тиісті мамандар қай деңгейде сезініп отырғанын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанда тағы да көретін боламыз.
Ж.ШАЛАБАЕВА