Шымкент

СУ БАСҚАН ӨҢІРЛЕРГЕ ШЫМКЕНТТЕН КӨМЕК ТОҚТАҒАН ЖОҚ

Өзіміздегі жағдай да бақылауда

Шымкенттен Батыс өңірлердегі су басқан аймақтарға қайырымдылық көмегі ұдайы берілуде. Шымкент қаласынан төтенше жағдай жарияланған облыстарға қол күшін беретін қарапайым жұмысшылар мен еріктілер ғана емес жалпы саны 200-ден астам техника да жөнелтілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков техникалардың жүк пойыздарына дұрыс тиелуі мен жөнелту жұмыстарын өзі қадағалап отырды.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - %D0%BA%D0%BE%D0%BC%D0%B5%D0%BA-%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%8B%D1%81%D2%9B%D0%B0-1024x683.jpg

Қала әкімдігіне қарасты басқармалар мен жеке компаниялар өз техникаларын пойызға тиеп, топан судан зардап шеккен облыстарға жөнелтуге жауапты болуда. Оның ішінде елдімекенді тазартуға, бөгеттерді алуға және жер қазуға көмектесетін жүк көлігі, экскаватор және бульдозер сынды техникалар бар. Естеріңізде болса бұған дейін су басқан облыстарға көмекке Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінен құтқарушылар мен техникалар аттанған еді. Олар қазір су шайған елдімекендерде апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуде қол ұшын созып жатыр.

Орай келгенде айта кету керек, соңғы күндері нөсерлете жауған жаңбырдан Шымкентте де бірқатар көшелерде көлкіген су тұрғындарға өз залалын келтіргені рас. Мұны көрген кей тұрғындар «барлық техника Батысқа кетіп, Шымкенттің көшесіндегі суды соратын көлік қалмады. Бізді су басса қайтеміз?!» деп әлеуметтік желілерде орынсыз пікірлер қалдырып жатты. Сала мамандарының айтуынша, бұл негізсіз пікір. Кез-келген табиғи құбылысқа сала мамандары мен арнайы техникалар сақадай сай. Оның үстіне Шымкентте су басу қаупі жоқ. Төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары жан-жақты қамтылып, байыпты іс-жоспарлар түзілген.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары Шымкент қаласының аумағында қатты жауын-шашыннан болған кей көшелердегі көлкіген суды дер кезінде сору жұмыстарын атқара білді. Ирригация жүйелерінің су өткізу қабілетінің күші жеткіліксіз болған жолдардағы суды сору жұмыстары бақылауда болды. Шымкент қаласының ТЖ департаменті тұрғын үйлерге тікелей қауіп төнген кезде шұғыл көмек көрсете алды. Сондай-ақ коммуналдық қызметтерге көмекке де барып үлгеруде. Нақты айтар болсақ, ТЖД күштері мен құралдары мына мекенжайларда су сору жұмыстарын атқарды:

1. Абай ауданы бойынша: «Самал-3» шағын ауданы Найзалы көшесі 111 мекенжайдағы сайда 550 м.куб су сорылды.

2. Қаратау ауданы бойынша: «Нұрсат-2» шағын ауданы 11 үй жертөлесінен 9 м.куб су сорылды.

3. «Мирас» шағын ауданы, Тұлпар көшесі 1781 учаскесінің ауласынан 12 м. куб су сорылды.

4. «Мирас» шағын ауданы, Тұлпар көшесі 2564 учаскесінің ауласынан 4 м. куб су сорылды. Бұл жұмыстарға Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 11 қызметкер, 4 техника, 4 мотопомпа жұмылдырылды.

Батыс өңірлерде қиындыққа тап болған отандастарымызға қол ұшын созу мәселесіне қайта оралатын болсақ, жоғарыда атап өткендей шымкенттіктер тарапынан көмек қолын созуға талпынғандар саны күн сайын артып келеді. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жіберілген құтқарушылар мен арнайы техникалар авариялық-құтқару жұмыстарына белсене араласуда. Мысалы үшін, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Атырау облысында бір аптадан астам уақыттан бері еңбек етуде. Олар барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Елді мекендерді тазартуға жүк көліктері, экскаваторлар, жүк тиегіштер мен бульдозерлер жұмылдырылуда. Құтқарушылар жүк тиегіштері мен жүк көліктерін пайдаланып, Исатай ауданындағы елді мекендерді тілсіз жаудан аман алып қалу үшін Жайық өзенінен арналар мен бөгеттер орнатуда. Гуманитарлық жүктерді тасымалдау үшін ауыр көліктер қолданылып жатыр.

Аталмыш облыстағы Алмалы кентіндегі жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуге, Құлсары қаласындағы суды соруға және қорғаныс құрылыстарын салуға ауыр техникалардың көмегі зор. Жергілікті тұрғындар шымкенттіктерге гуманитарлық көмек үшін алғыстарын білдіруде.

Ал, Шымкенттен Ақмола облысына аттанған құтқарушылардың алдыңғы легі үйлеріне қайта оралып жатыр. Су тасқынын жоюға, қауіптің алдын алуға қатысқан құтқарушыларды Шымкентте әріптестері мен туған-туыстары салтанатты түрде қарсы алды. Олар Ақмола облысында су тасқынына қарсы жұмыстарды толық орындап, тұрақты орналасу пунктіне қайтып келді. Салтанатты іс-шара барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор Қ.Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.

           Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Ақмола облысындағы су тасқынына қарыс іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 28 наурыздан бастап Ақмола облысының Аршалы, Атбасар, Целиноград аудандарында  тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 21270 қап төседі, сондай-ақ 100 480 текше метр су сорды. Ақмолалық тұрғындардың атынан шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс айтылып, облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Жалпы Ақмола облысына Шымкент қаласы ТЖД-інен 40 жеке құрам, 5 бірлік техника, 15 дана мотопомпа, 1 бірлік қайық жіберілген болатын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *