Шымкентте жаңадан бой көтерген тұрғын
үй алаптары мен елдімекендерді ауыз сумен қамту үшін мемлекет қазынасынан
айтарлықтай қаржы жұмсалады. Соңғы бірнеше жыл ішінде Шымкент қаласының
солтүстік-шығыс, солтүстік және солтүстік-батыс бөлігіне цифрландыру негізінде жаңа су құбыры желілерін салу бойынша ауқымды
жұмыс атқарылды. Сол жобаның құжаттарында маңызды тармақ бар. Ол — су есептегіштерге
деректерді қашықтан беретін құрылғыларын орнату. Осы құрылғылар көмегімен есептегіштегі
көрсеткіштер автоматты түрде алынып, сумен қамту мекемесінің биллинг базасына
жіберіледі.
«Қазақстан Республикасы Су кодексінде» осы құрылғыларды орнату – басты талаптардың бірі ретінде жазылған. Кодекстің 92-ші бабының 8-ші тармағында «жаңадан пайдалануға берілетін нысандарда деректерді қашықтан бере отырып, сезімталдығы төмен жоғары метрологиялық сыныбы бар суды есепке алу аспаптарын орнату көзделеді» делінген. Тиісінше, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, деректерді қашықтан беретін құрылғыларды сатып алуға және оларды орнатуға бюджеттен қаражат бөлінеді.
Бүгінде қаладағы жаңа тұрғын үй алаптарына су құбыры желілерін жүргізу жұмыстары аяқталды, желіні қабылдап, ол толығымен пайдалануға берілді. Жұмыстарға тапсырыс беруші — Шымкент қаласы әкімдігінің энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасы мердігер ұйымдарға 100 пайыз төлем жасап та қойды. Біздің деректеріміз бойынша, Ақтас, Қайнарбұлақ, Құрсай, Нұртас, Нұршуақ, Ынтымақ, Сәуле, Забадам және Асар-2 елді мекендерінде жоспар бойынша 26 201 таратушы құрылғы орнатылуы тиіс еді. Бірақ, іс жүзінде, мердігер ұйымдар тек 5 726 құрылғы орнатқан (оның ішінде 1838-і ғана жұмыс істейді!), яғни 20475 таратқыш құрылғысы жоқ, орнатылмаған. Сұрақ та өздігінен туындайды — бюджет қаражаты қаншалықты орынды жұмсалды? Су құбыры желілерін жауапты мамандар қалай қабылдады және желідегі су өлшегіштері деректерді қашықтан беретін құрылғыларынсыз қабылданғаны ма?
Осы елді мекендердегі суды есепке алу құралдары мен деректерді қашықтан беретін құрылғыларға қатысты тағы бір өзекті тұс бар – олар қай мекемеге тиесілі, кімнің балансында екені белгісіз. Қазіргі таңда олар тұтынушылардың меншігінде емес және «Су құбыры мен кәрізді басқару» МКК-ның да теңгерімінде емес. Жеке су есептегіш құралдары ұрланған немесе сынған жағдайда оларды кімнің қалпына келтіретіні, кім жауап беретіні белгісіз. Соның салдарынан, алдағы уақытта оларды күтіп-баптап ұстау, тексеру, қажет болғанда ауыстыру жағы күрделеніп кететіні анық!
Осы ретте, жаңадан жүргізілген су құбыры желілеріне ревизия жасап, тұтынушылардың жеке су есептегіш құралдарына орнатылуы тиіс деректерді қашықтан беретін құрылғыларын түгелдеу қажет деп есептейміз. Деректерді алу процесін автоматтандыру және айғақтарды түсіруде адами факторды болдырмау — Қазақстан Президенті жариялаған инженерлік желілерді цифрландыру тұжырымдамасына сәйкес талап.
Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналды шаруашылық және тариф саясаты жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері:
Б.Төлентаев, Ж.Өтеген, Н.Жаңабаев, И.Әлсерке