Мәселе

Өзі білмеген адам, басқадан нені талап етеді?

Түркістан облыстық білім басқармасының басшысыз отырғанына жылға жуықтады. Бұрынғы әрекеті үшін күдікті болып танылған Ғалымжан Жұмашевтің қазір қайда екені белгісіз. Бәлкім ақталып қызметіне қайта оралар, ал ақталмай сотты болған жағдайда орнына біреу келер. Бірақ соған дейін қаншама уақыт өтеді?

Түркістандықтар бұл қызметте оған дейін де, түрлі себептермен басшыға қарағанда міндетін атқарушылардың көп отырғанын ұмыта қоймаған болар. Жағдай бұлай жалғаса берсе, облыста білім саласы ақсап қана қоймастан, тұралап қалатын шығар. Тіпті бүгінде «Түркістанда білім басқармасын таратып жіберу керек» деген сөздер жиі айтыла бастады. Бұл жеке адамға қатысты емес, басқармадағы жұмысты үйлестіре алмай отырған басшылыққа қатысты болса керек.

Жандос Есіркеп есімді газет оқырманы бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Баршаға аян облыстық білім басқармасында қазір басшы жоқ. Егер маған жеткен мәлімет қате болмаса, басқарманың үш орынбасарының да білім саласындағы тәжірибесі мардымсыз. Ол аз десеңіз аудандық білім бөлімдеріне де мектепте жұмыс істеп көрмеген адамдар қызметке келіп жатыр. Естеріңізде болса, бір кездері Н.Назарбаев денсаулық сақтау министрлігіне қаржы игеретін адам керек деп Ерболат Досаевты алып келгені белгілі. Соңы не болды, Оңтүстікті ВИЧ қаптады. Міне байқап отырғандарыңыздай саланы білмейтін адам басқарса осындай кемшіліктер болады. Түркістан облыстық білім басқармасында осындай тенденция қалыптасқан секілді. Яғни басқарма мен бөлімдерге педогогикалық еңбек өтілі аз адамдар келуде. Мектепте көп уақыт тәжірибеден өтпеген адам, бұл салаға қалай жетекшілік етеді?»

Содан жемқорлық, парақорлық белең алады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өткен жылы Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесуде былай деп еді: «…Сосын мектептерде мұғалімдерді жұмысқа алған кезде ақша сұрайды деген мәселелерді де есітіп отырамын. Олар бойынша мен директорларды да, сол жердегі директордың артында тұрған адамды да, керек болса мен сіздерден сұрап жүріп соларды тапсырыс беріп, ертең тексерткіземін. Бізде білім саласы таза болу керек. Біз сіздерге сонша қаражат бөліп отырмыз, Президенітіміз «Жайлы мектеп» салдырып жатыр. Ал мына жағына келгенде, ертеңгі күн сондай жағдай жасап жатсаңыздар, біздің келешегіміз не болады, балаларымыз қалай өседі?»

Дархан Амангелдіұлының сол кезде айтқан осы сөздері көпшіліктің көңілінен шығып, кездесуге барғандар әкімге рахметтерін айтқанын да білеміз. Өкінішке орай, әкімнің бір жыл бұрынғы тапсырмасы орындалмай қалған секілді, әлде ол кісіге де біреулер «тыныш жүр» деді ме кім білсін, әйтеуір Д.Сатыбалдының тапсырмасымен тексерді, кемшілік анықталды, ұсталды деген сөзді естімей келеміз.

Бірақ біз естімегенімізбен, бұл білім саласында жемқорлық пен келеңсіздіктер мүлде тиылды дегенді білдірмесе керек. Аудандарда ұстаздар арасында соттасу әлі де жалғасын табуда. Өткен аптадағы Келестегі болған қанды оқиға бүкіл Республиканы дүр сілкіндірді. Міне осы және осыған ұқсас жәйттер білім саласына реформаның қажет екенін көрсетіп отыр. Бірақ реформа дегеніміз оқушылардың формасы мен ұстаздардың сағатын көбейту ғана емес. Ол жерде бірінші кезекте ұстаздардың біліктілігі, өз-өзін қалай ұстауы, психо және наркодиспансерден өткендігі тура анықтамалар қажет етілуі тиіс. Мысалы, директорлар арасында біреудің отбасын бұзып, оның әйелін өзіне екінші әйел етіп алғандар кездеседі. Директор болмаса да мұндай әрекетті ұстаздыққа жат қылық деп санайтын кез жетті. Мектепте соттасқан ұстаздар мәселенің ақ-қарасы анықталғанша жұмыстан уақытша шеттетіліп, кінәлі тарап түбегейлі білім ордасынан кететіндей заң жобасын дайындау қажет.

Әйтпесе мектептерде елге күлкі болып жүрген сауатсыз ұстаздардың жүргені ешкімге құпия емес. «Бірінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылы басталды», «Алматы Ресеймен шекаралас», «Жер емес, күн айналады» дейтін ұстаздар мектепте сабақ беріп жүргенін осыдан 2 жыл бұрын, сол кездегі білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы қатысқан жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өзіне де айтқанбыз. Неге екені белгісіз, сол кезде «Ол қай ауданда, қай мектепте, қандай ұстаз?» деп қызыққан бір адам болмады.

Жасыратыны жоқ, осындайлар ойға түскенде мектептегі ұстаздың біліктілігін тексеру үшін, аудан мен облыстың білім саласын басқарып отырғандардың өз біліктігілігі мен тәжірибесі де жоғары болу керек шығар деген ой келеді. Өзі білмеген адам, басқадан нені талап ете алады? Не сұрау керегін қайдан білсін. Бұрынғылар «торғай сойса да, қасапшы сойсын» дегенді бекерге айтпағаны осындайда еріксіз еске түседі екен.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *