Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары қала аумағындағы құрылыс саласындағы заң бұзушылықтарды бақылауда ұстап отыр. Жыл басынан бері 645 құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама тіркелсе, оның ішінде 81-і бюджет қаражатымен, 564-і жеке қаржыландырумен жүзеге асқан. Басқарма басшысы Мерлан Керімжановтың айтуынша, осы кезге дейін құрылыс нысандарының пайдалануға берілуіне қатысты 781 өтініш қаралған. Оның 189-ы оң шешім тапқан.
Басқарма тарапынан жыл басынан бері 130 нысанда тексеру жүрген. Нәтижесінде 96 нысанға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Бұл орайда басқарма заңсыз құрылыстарды бақылауды күшейтіп отырғанын атап кету керек. Соның нәтижесінде 205 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, 51,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның қазірге дейін 37,6 млн теңгесі өндірілді. Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарындағы заңсыз құрылыс объектілері бойынша да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айып тағайындалды.
Құрылыс сапасына қатысты да 19 нысан бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар өндірілген. Сонымен қатар, үлестік қатысу заңнамасын бұзған 9 тұрғын үй кешеніне айыппұл салынған. Қала әкімдігі тарапынан құрылыс саласындағы тәртіпті нығайтуға және заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар қарқын алған.
Шымкент қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жағымды өзгерістер орын алуда. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің басқару жүйесі жаңарып, 1172 тұрғын үй басқару нысаны ретінде тіркелген. Оның ішінде 142 тұрғын үйде мүлік иелері бірлестігі (МИБ) құрылып, 1030 үйде жай серіктестік (ЖС) жұмыс істеп жатыр. Бұл реформалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және үйлерді тиімді басқаруға бағытталған. Басқарма басшысы 2024 жылы лицензия алу бойынша 609 өтініш қаралып, 76 лицензия берілгенін айтты. Сарапшылық жұмыстарды орындау үшін 43 сарапшыға аттестат беріліпті. Бұл құрылыс сапасын арттыруға көмектесуде. Сондай ақ, қаланың кондоминиум нысандары «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесіне толықтай енгізіліп, техникалық паспорттар цифрландырылған. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқаруды жеңілдетуге және айқындылықты қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Жалпы, Шымкенттегі бұл реформалар қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуді арттырып, құрылыс және тұрғын үй саласындағы басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруде.