Мәдениет және өнер

Көше түгіл ауылдың атын берсек те жараспай ма?

Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың «Ой толғатқан «Ақтолғай» атты жазбасы басылым беттерінде, әлеуметтік желідегі өз парақшасында жарияланғалы бері ондағы ұсынысты қолдап-қуаттаушы, пікір айтушы оқырманның нөпірі толастар емес. Өз жазбасында Дархан Қамзабекұлы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Мархабат Байғұттың есімін ел есінде мәңгілікке қалдыруға қатысты ұсынысын айтады.

«Бір оңтүстіктің ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналған жазушы, халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының иегері Мархабат Байғұт Түркістанның қайта түлеуіне атсалысып, әр белесіне шын қуанғандар қатарында болды. Мұны 2021 жылы жарық көрген «Түркілер төрі – Түркістан» эссе кітабы айғақтайды.  «Жазушы өз дәуіріндегі әдебиет тілін өсіруге, саралауға, шеберлендіруге міндеткер…» деген екен дана Мұхтар Әуезов. Осындай абыройлы міндетті Махаң да адал атқарды деп сеніммен айта аламыз.

Ол 1985-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесіне жетекшілік еткенде өңірдегі жас таланттарға, шәкірттеріне әкелік қамқорлық көрсеткенін көзімізбен көрдік. Сыртынан да еститінбіз. Оның адамгершілігі, адами қасиеттерді бағалауы, отанын сүюі, Шымкентін қызғыштай қоруы жайында көптеген естеліктерден оқыдық. Бұл дерек тірісінде де айтылатын. Осыны ескеріп, тиісті орындар миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйін ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені Шымкенттік жазушылардың, оңтүстік әдебиетшілерінің ұйытқысы болған тұлғаны, қоғам қайраткерін қазірдің өзінде сағынып, іздеушілер күн санап көбейіп жатыр…», — дейді Дархан Қамзабекұлы.

Қазір Түркістан қаласындағы Фараб кітапханасында Мархабат Байғұт атындағы оқу залы бар. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев лентасын қиған көшелі іске кітапхана директоры Жанат Шардарбекова, журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай мұрындық болды. Түркі жұрты түгел «атажұртымыз» деп ардақ тұтқан Түркістан төріне келетін қонақтардың көбі зиялы қауым өкілдері болса да алдымен осы кітапханаға бас сұғады. Онда Мархабат Байғұт атындағы оқу залы меңмұндалап тұрады. Десе де шығармаларында, публицистикасында «Күнгейдегі қалада…», «Шырайлы Шым шаһарыңызда…» деп мәнін келтіре мәнерлеп, ерекше жылулықпен жазатын, «Шымкентшырыл» деп талай түйіткілді тақырыпты қозғаған қаламгерге еліміздің үшінші мегаполисінен де нән ескерткіш бұйырса дейді көпшілік.

Келер жыл көзі тірі болғанда Мархабат Байғұт ағамыз 80 жасқа толар еді. Елін ерекше сүйген ердің есімін ел есінде қалдыру үшін не істей аламыз?

  • Дархан МЫҢБАЙ, мемлекет және қоғам қайраткері:

— Мархабат Байғұт тұрмыс-тіршілігінде қандай шыншыл, адал болса, шығармашылығында да дәл сондай еді. Мінезге бай Махаң өз стилінен жаңылмай өтті. Ұстамдылығының өлшемі – ауылда ғұмыр кешіп-ақ, үлкен әдебиет әлеміне еңбегімен танылуы. Ол көп жыл жергілікті басылымдарда, облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызметте мінсіз тер төкті. Оңай жол таңдаса, мемлекеттік қызметтен ат тонын алып қашатын еді. Ол Алаш қайраткерлерінің жолын, жөн-жосығын біліп қана қоймады, зиялы буынның орындалмай қалған арман-аңсарын алға жылжытуға бар күшін, талантын сарп етті. Қаламгер «арба сындырғандай», «өрт сөндіргендей» айғайламай-ақ, «мен істедім!» деп кеудесін қақпай-ақ, үндемей жүріп, ұлт руханиятына алғаусыз еңбек сіңірді. Жалғыз ғана тіл тазалығы, мәтін, емле сауаты төңірегінде тірнектеп жүріп тындырғаны – бір институттың немесе тұтас құрылымның жұмысынан кем түспейтін.

Халық тілінің байлығын игеру мақсатында жер-жердің табиғи ерекшелігін елеп, ел-жер атауына қатысты ата-баба дәстүріне сай келетін, өркениет үрдісін ескеретін атаулардың үлгілері мен тізбесін түзді. Оны ғалымдар мен өлкетанушылардың сараптауынан өткізіп, ақпарат құралдарына жариялауы – жүйелі істің бастауы еді. Бұл ел тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығын атап өткен тұста оңтүстік өңірге тоталитаризм атауларынан біржола құтылуға мүмкіндік берді. Совет кезеңінде халық жадынан қасақана өшірілген аруақты хан-сұлтан, би-шешен, батырлар азаттық алғаннан кейін ресми еске алынып, жиын-ас берілгені белгілі. Қазір оны сан-саққа жүгіртетін желөкпелер де бар. Әйтсе де, дәл сол кезде өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешкен еліміздің рухы оянып, еңсесі едәуір көтерілді. Кейіннен жекелеген өңір басшылары сол қарқынды амалдап, өз беделін өсіруге пайдалана бастады. Өңірде қанат жайып келе жатқан жас таланттарға мойын бұрып, оларға жағдай жасаудың орнына, көп жыл бойы орталықта тұрып жатқан, осыған дейін-ақ барша қазақтың мақтанышына айналған ақын-жазушыларды «меншіктеуге» кірісіп кетті. Уәдені үйіп-төгіп, үгіт жүргізіп, туған жеріне шақырып, үй-жай салып берді. Алайда оңтүстік жұрты шығармашыл адамдарға қамқорлық жасаудың өзге жолын таңдап, жүзеге асырды. Қазақтың көрнекті ақын-жазушыларын бөліп-жармай, қалың оқырман сұрауына сәйкес шығармашылық кездесулерге шақырды. «Әр іс-әрекеттің тууына түрткі болар себеп бар. Адамның әр харекетінен оның жан дүниесінің сыры аңғарылады» деген екен Бауыржан Момышұлы. Осы орайда қоғамды біріктіре түсетін «Ұлысымның ұйытқысы – оңтүстік» атты акция дүниеге келді. Оның басы-қасында Мархабат Байғұт жүрді. Аты шартарапқа кеткен зиялылармен, руханият майталмандарымен жүздесіп, сұхбаттасудың тұрақты жүргізушісі, қазіргі тілмен айтқанда модераторы да өзі болды. Ағынан жарылып, олардың ой-толғауына мүмкіндік беріп, халыққа жақындай түсуіне бар күшін салды. Тағылымы мол тарихи кештердің төрінде Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбайұлы, Қ.Мырза-Әлі, Б.Атабаев, Ә.Тарази, Т.Әбдік, К.Сегізбайұлы, И.Сапарбай, Иран-Ғайып, М.Шаханов, Қ.Әбіл, С.Елубай, М.Құлкенов, Ә.Беркенова, басқа да танымал тұлғалардың болғанын Шымкент шаһары мен қазіргі Түркістан облысының жұртшылығы әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Шындығында, облыстағы ел бірлігіне, ынтымағына арналған қоғамдық шаралардың барлығына дерлік Мархабат Байғұт мұрындық бола білді.

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ, әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі:

– Махаң оңтүстік өңірдегі ғана емес, тұтас қазаққа ортақ мықты жазушының бірі еді. Әттең Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып тұрып, лайықты болса да алмай кеткені өкінішті. Сол жолы қаламгерлер М.Байғұтты шын қолдап еді…

Келесі жылы Махаңның туғанына – 80 жыл. Биылдан бастап мерейтойын кең көлемде атап өту жоспарлануын қолдаймыз. Мархабат Байғұттың есімін жаңғыртып, ел есінде қалатындай лайықты құрмет көрсетілуі қажет.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, журналист, облыстық мәслихат депутаты:

– Классик қаламгер Мархабат Байғұттың 80 жылдығын лайықты атап өтетін нақты қадамдарға бүгін кіріспесек ертең кеш болады. Көзі тірісінде өзінің мерейтойын атап өтуге ықыласты емес, даңғазалыққа жаны қас екенін талай байқадық. Алпыс жылдық мерейтойын атап өтуге қарсылығына қарамастан Дархан Мыңбай ағаларымыз «ойдың тойы елге керек!» деп, қолқа салып ұйымдастырғанынан хабардармыз. Қарапайымдылығы мен қанағатшылдығы ғой ағамыздың. Халық осы мінезі үшін де жақсы көрді. Осындай ізгі істерін өскелең ұрпаққа өнеге ету үшін де Шымкентте Мархабат ағамызға арналған ескерткіш қажет-ақ. Оның мәнісін қаладағы атқамінер азаматтар 80 жылдық қарсаңында келтірерінен үміттімін.

Шәрбану ДІНӘСІЛОВА, Қазақстанның Құрметті кітапханашы:

– Өңір кітапханашылары Мархабат ағаны қатты құрметтейтін. Кітап пен кітапханаға ғашық Мархабат ағаның «Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт…» деген сөзі бүкіл республика кітапханаларының кредосына айналды. Осы күні кез келген кітапханашыдан сұрасаңыз бәрі де Мархабат ағасын сағынып жүргенін айтады. Кітапхананың шын жанашыры еді. Өзі сүйген Шымшаһардан Әдебиет үйін ашып, оған Мархабат Байғұт есімін беру қажет. Бұл ұсынысты қоғам қуана қолдайтыны сөзсіз.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ұстаз, қоғам белсендісі, Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Шымкент қаласының солтүстік жағында салынып жатқан жаңа шағынаудандардың біріндегі даңғылға Мархабат ағамыздың атын беру керек.

Ол үшін қазір құрамында кімдер бары белгісіз Ономастика комиссиясы жазушы ғана емес, қоғам қайраткері деңгейіне жеткен Мархабат Байғұт ағамызды нысандарға есімін беруге болатын тұлғалар қатарына қосуды өтініп, Астанаға қатынас-хат жолдауы тиіс. Бұл осы комиссияға артылған үлкен жауапкершілік. Үдесінен шыға алмаса үлкен сын болмақ. Өзі әр көшесін қазақшалауға аянбай тер төккен, әр мектебіне қазақтың ұлы тұлғаларының есімін беруде бастамашы болған Шымкентте Мархабат Байғұт есімі мектепке де, көшеге де берілсе көптік етпейді. Лайықты.

Шырынбек ОҢҒАРОВ, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының сарапшысы:

– Мархабат көке адамды баурап алатын қасиетке ие еді. «Манкент» шипажайында бірге демалған күндер әлі есте. Соңғы шыққан кітабын сыйлағаны да күні кеше. Өз оқырмандарына адалдықты, рухани тазалықты насихаттаған, қоғамды ізгілікке үгіттеген ұстаз бола білді деп ойлаймын. Ал осындай азаматқа кең сарайдай мәдениет үйінің атын берсе де, мектепке есімін берсе де лайықты іс. Көркемсөздің ғана емес көркем мінездің де үлгісін көрсеткен қаламгердің 80 жылдығы елдіктің тойы болуы керек. Шымкент қаласының әкімдігі, идеологияға жауапты жігіттер осыған осы бастан мән бере бастаса деймін.

Тұрлыбек ҚОЗЫБАҚОВ, «Парасатты Қазақстан» қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Мархабат ағаның атын елді мекендердің біріне берсе де жарасар еді. Әр аймақта «Мархабат ауылы» менмұңдалап тұрса деймін. Себебі, руханияттың көрнекті тұлғасының ауылынан ізгі жандар, әдебиетке құмар өрендер өсіп, өнеріне сенімдімін. Өз басым, бұл орайдағы игілікті іске белсене араласуға дайынмын. Қоғамдық ұйым атынан ұсыныс қажет болса, Мархабат ағамыздың өлшеусіз еңбектерін тізіп беремін. Бұл біздің «жастарға үлгі көрсетейік, қоғамды тәрбиелейік» деген мың сөзімізден гөрі пайдалырақ нақты ісіміз боларына сенімдімін.

Еркін БАБАЕВ, қаламгердің шәкірті:

– «Шымкентшырыл». Мархабат ағаның қаламынан шыққан осы дүние Шымкенттің шынайы өмірін көрсеткен-ді. Шымкент үшін жаны шырылдап өткен ағамыздың ізі қаламызда таңбалануы керек деп білемін. Ағаның есімін есте қалдыруға бағытталған қайсібір игілікті істі болсын қолдауға дайынбыз.

Жанат ШАРДАРБЕКОВА, Түркістан облыстық Фараб кітапханасының директоры:

– Мархабат ағаның парасатты пайымы мен терең ақылы, уыз күлкісі, кітапхана мен кітапханашыларға деген ерекше ықыласын сағындық. Кей кездерде кейбір жандардың пендешілік мінезінен көңілге қынжылыс ұялағанда зиялы қауымды бастап төредей болып төрде отыратын Мархабат ағаның орны ойсырап тұрады…

Мақамы мақпалдай қаламгер ағамызға деген сағынышымыз басыла қоймас-ау, десе де ол кісінің есімін ардақтап, ел есінде қалдыру іс-шараларын ұдайы қолға алу қажет-ақ. Жастарға тәрбие беруде, әдебиетке қызығушылықты оятуда, рухани азық сыйлауда осының бәрінде де ағамыздың қолтаңбасы жатыр. Мархабат ағаның 80 жылдығы республикалық деңгейде кең көлемде аталып өтуі тиіс. Түркі әлеміне танымал жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау адамдық, азаматтық парызымыз. Кітапханалар да дәріптеу барысына аянбай үлес қосамыз.

Максат АЙТЖАНОВ, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі:

Қаламынан қанша ұрпақ тәлім алған қазақ әдебиетінің хас жүйрігі Мархабат көкеміздің әлеуметтік желіде жарияланған «Ақтолғай» әнін шырқағандағы даусын естігенде еріксіз көзіме жас келді. Сағынғаннан шығар…

Ол сезім тек менде ғана емес, қазіргі уақытта көкемнің көкте қалықтап жүргенінен хабары бар жанның бәрінде болған сияқты. Сол сағынышымызды басу үшін шырайлы Шымшаһарымыздан атамыздың атын ұлықтап тұратын бір даңғылдың болуы қай тұрғыдан алып қарасақ та өнегелі іс.

Абылай ЕСІМБАЙ, журналист-жазушы:

– Мархабат Байғұт ұлтжанды азамат еді. Туған жерін жанынан артық сүйді. Қазір Түлкібастың әр бұрышынан Мархабат ағаның қолының табы менмұндалайды. Оның тек Түлкібас емес, Оңтүстік өлкесі үшін сіңірген еңбегі зор. Ол кезінде түрлі республикалық, халықаралық іс-шаралар ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді. Ағамыздың сол еңбектері ұмыт қалмауы керек.

Келесі жылы Мархабат көкеміздің 80 жылдығы кең ауқымды деңгейде өткені абзал. Еліміздің түкпір-түкпірінде ағаның шарапатын көрген іні, қарындастары өте көп. Барлығы келіп, ағамыздың рухына Құран бағыштап, бір игі іске мұрындық болуымыз керек. Осы 80 жылдықта ағамыздың атына туған жерінен, яки қызмет істеген жерінен бір көшенің аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *