Білім, ғылым

  50 жастан ассаңыз..

«Күміс университетіне» келіңіз

Қазақстанда 2021 жылдан бастап «Күміс университет» жобасы іске асырылуда. Жоба жоғары буынға түрлі бағыт бойынша білім мен дағдыны меңгеруге мүмкіндік береді.Бұл Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған «Күміс университет» немесе Үшінші буын университеті жобасы, яғни егде жастағы адамдардың заманауи өмірге сәтті бейімделуін, олардың өзін-өзі тәрбиелеуі мен өзін-өзі жетілдіруін қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық қозғалыс. Бастаманың мақсаты –  білім берудің дәстүрлі нысандарын кеңейту және қоғамның даму стратегиясы шеңберінде аға буынның әлеуметтік белсенділігін ынталандыру болып табылады.

Оқыту 50 жастан асқан азаматтарды белсенді етіп, өзін-өзі дамытуды қолдауға бағытталған әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтитын бұл модель Франция, Англия, Қытай және Жапония сияқты елдерде 60 жылдан астам уақыт бойы сәтті жұмыс істеп келеді. «Күміс университет» жобасы аға ұрпақтың ерекше дарынды және ақылды тұлғаларын біріктіріп, олардың өзін-өзі дамытуына және өз тәжірибесімен бөлісуіне жағдай жасайды. Қазақстанда аталмыш бағдарлама білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үздіксіз білім беру және жұмыс тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді.

«Білімді ұлт сапалы білім беру» ұлттық жобасы және «Өмір бойы оқыту (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасына» сәйкес, бұл университетте зейнеткерлік жастағы азаматтардың өздігінен білім алуы, өзін-өзі жетілдіру үшін жағдайлар жасалуда. Орта буын өкілдерінің қарым-қатынас ортасын қалыптастыру және дамытуға бағытталған шарада қарияларымыздың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да көзделген. Сонымен қатар, олардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру қолға алынған.

Бүгінгі таңда «Күміс университет» жобасы 13 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтар болсақ, «Шешендік өнер және харизма», «Основы красноречия», «Result and success», «Speaking English», «Адам денсаулығының физикасы», «Компьютерлік және цифрлық сауаттылық», «Психология», «Балаларды ерте жастан дамыту», «Ата-әжелер мектебі», «Өлке тарихының экскурсоводы», «Музыкалық аспап», «Креативті өнер», «Омыртқа жотасының иілгіштігін қалпына келтіруге арналған емдік дене шынықтыру».

Курс тыңдаушысы зейнеткерлік жастағы кез келген азамат бола алады. Оқуға қабылдану үшін университет басшысының атына жазбаша өтініш жазады. «Күміс университетіндегі» оқу жылы 1 қыркүйектен 1 маусымға дейінгі кезеңді қамтиды. Сабақтар аптасына 2 рет, кестеге сәйкес жүргізіледі. Бір сабақтың ұзақтығы 1-2 академиялық сағатты құрайды. Оқу курсының ұзақтығы бағдарламаға сәйкес анықталады.

«Күміс университет» жобасы жұмысына Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ оқытушылары, мамандары, срндай-ақ серіктес ұйымдар тартылады. Осы ретте айта кететін тағы бір мәселе бар. Бір тыңдаушы бірнеше курстарға қатар жазыла алады. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін тыңдаушыға тиісті бағыт бойынша оқығаны туралы сертификат беріледі.

Рауан Бегалиева,

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ үздіксіз білім беру орталығы

басшысының міндетін атқарушы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *