Шымкент

Шымкентте миллионға жуық көлік жүйіткіп жүр

Күннің ыстығында көлік жүргізушілеріне де қиын. Аптап ыстық салонды «қайнатады», жиі терлетіп, шөлдетеді. Осының бәрі жүйкеге әсер етіп, кейде адамның дер кезінде қандай да бір қауіптен сақтануына, жалтаруына, дұрыс шешім қабылдай алмай қалуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан көлік жүргізушілерінің жаздың аптап ыстық күндерінде абай болғаны абзал.

Жалпы, Шымкентте жол қозғалысына қатысты ахуал қандай? Жол-көлік оқиғалары азайды ма? Бұған қатысты полиция департаментінен біз мынадай деректер алдық: Өткен, 2025 жылдың алғашқы 6 айында жол-көлік оқиғаларына байланысты барлығы 1131 жағдай тіркелген екен. Осы оқиғалар кезінде 316 адам зардап шеккен, оның 8-і қаза болған. Ал 2026 жылдың 6 айында 1115 оқиға тіркеліпті. Оқиғалар кезінде 412 адам зардап шеккен, олардың 6-ауы қаза болған. Жалпы алғанда, жол-көлік оқиғалары өткен жылғымен салыстырғанда біршама азайған. Әрине, азайғаны жақсы, оған қатысты тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Дегенмен бүгінде Шымкенттің халық саны артып келеді. Соған сай автокөліктер саны да артуда. Білуімізше, қала тұрғындарының меншігінде 550 мыңдай көлік бар көрінеді. Шымкент қалалық полиция департаментінен алынған деректерге қарағанда, қазіргі күндері Шымкентте 6882 көше бар, жолдардың жалпы ұзындығы 3847 шақырымды құрайды. Осы көшелер мен жолдарда күнделікті 700 мыңға жуық көлік қозғалады. Оған қоса сырттан күніне 350 мыңдай көлік кіреді екен. Яғни Шымкентте кей күндері 1 миллионға жуық, тіпті одан да көп көліктер қозғалады деген сөз. Осынша көліктің қауіпсіз қозғалысын жол қиылыстарындағы бағдаршамдар реттеп, полиция жол тәртібінің, ережелерінің сақталуын қадағалайды, көптеген іс-шаралар өткізеді. Қажетінде дрондар да іске қосылады. Қала көшелерінде 300 орында 640 бейнебақылау құрылғылары жұмыс істейді, автоматты түрде бақылап отырады.

Қысқасы, тиісті мекемелер өздеріне қатысты жұмысын жүйелі жүргізіп жатыр. Дегенмен жекелеген жүргізушілердің өздеріне де көп нәрсе байланысты. Мысалы, өткенде бір жасөспірімдердің 200 мың теңгеге бәстесіп, қала көшелерінде қауіпті жарыс ұйымдастырғаны туралы жарияланды. Олардың бірінің тіпті көлік жүргізуге құқық беретін құжаты да жоқ екен. Өткенде Алматыда да осындай жарыс ұйымдастырған базбіреулердің анықталды. Мұндай оқиғалар еліміздің әр-әр жерінен байқалып қалып жүр. Яғни «Заң мен тәртіп» қағидатымен тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан әлі де тәртіп бұзушылар, жол ережелеріне немқұрайды қарайтындар бар. Сондайлардың кесірінен апатты оқиғалар орын алып, адам мерт болып жатады. Сондықтан да қаланың автокөлік жүргізушілеріне жаздың аптап ыстық күндерінде, қыстың көктайғақ мұзды күндерінде абай болыңыз, өзіңіз бен өзгенің денсаулығына, өміріңізге немқұрайды қарамаңыз, жол ережелерін бұзбаңыз дегіміз келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *