Бүгінде Түркістан облысы еліміз бойынша көптеген көрсеткіштерде алда келеді. Бұл істе, әрине, әрбір ауданның қосып жатқан өзіндік үлесі бар. Аграрлы Бәйдібек ауданы да әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендеп келеді. Ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайында аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпейіс Ақбаевпен сұхбаттастық.
– Нұрпейіс Оразханұлы, Бәйдібек ауданының қазіргі әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қалай сипаттауға болар еді?
– Ауданда соңғы үш жылда жалпы өңірлік өнім 28,3 пайызға өсті. Биылғы жылдың алты айында 33,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 115,3 пайызды құрады. Биыл негізгі капиталға 18,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 миллиард теңгеге артты.
Қазіргі таңда ауданда 5580 шағын және орта бизнес субъектісі бар, оларда 6796 адам жұмыспен қамтылған. 2026–2028 жылдары ауданда жалпы құны 31,5 миллиард теңгені құрайтын 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда және оларда 296 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Атап айтар болсақ, «Корпорация Ернур» серіктестігі Ақбастау ауылдық округінде жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасын салып жатыр. Жобаның құны 7 миллиард теңгеден асады. Жылына 200 миллион дана жұмыртқа өндіретін болады. Серіктестік аталған ауылда жобалық құны 2,5 миллиард теңге болатын құрама жем зауытын да салуда. Ал Бөген ауылдық округінде «Аманат Агро Байдібек» агроөнеркәсіптік кешенінің мақта өңдеу мен тамшылатып суару жүйелерінің зауыты бой көтеруде. Құны 2,4 миллиард теңге. Жылына 50 мың тонна мақта өңдейді. Боралдай ауылдық округінде «Қазақстан Централ Азия» кооперативті қорының 2000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Әсілбек ата» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының 3000 бас ірі қараға, 10 000 уақ малға, 2000 жылқыға арналған бордақылау және сою алаңы жобасы жүзеге асырылуда. Ал Жамбыл ауылдық округінде құны 7,2 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы 350 мегаваттық жел электр станциясы салынады. Жобаны «Нью Клин Енерджи» серіктестігі іске асырмақ. Ауданымызда «Рамирта» серіктестігінің мәрмәр тас өндіру зауыты іске қосылмақ.
«Темірші» ЖШС тарапынан Борлысай ауылдық округінде 1 миллиард теңгеге «Шұқыршақ» демалыс аймағын салу көзделуде. Тағы бір жоспарланып отырған инвестициялық жоба – «Темірші» ЖШС-нің табиғи қымыз өндірісі жобасы. Жоба құны 1 миллиард теңге. Оның 50 пайызы жеке қаражат есебінен болмақ. Онда 500 бас жылқы ұсталады, тәулігіне 2 тонна қымыз өндіріледі. Жобада саумал мен қымызды ұнтақтап, Германияға экспорттау да көзделген. Сондай-ақ, Қытайда «Казахстан Керамик Техноложи Индустриял Парк Компани ЛТД» өкілдерімен кездесу өткізіліп, ауданда фарфор өндірісін іске асыру жолдары қарастырылып жатыр.
– Жеке инвесторлардың жүзеге асырып жатқан қандай жобалары бар?
– Шаян елді мекенінен жеке инвестор «Бюлдинг Капитал Груп» серіктестігі есебінен 8 пәтерлі екі қабатты екі тұрғын үй және 16 пәтерлі екі қабатты екі тұрғын үй салынуда. Жалпы 48 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2027 жылға өтпелі. Жоба құны – 695 миллион теңге. Сонымен қатар, Шыбыт елді мекеніндегі жобалық құны 800 миллион теңге болатын 150 орындық мектеп құрылысына жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Боралдай ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенінен 7 гектар жер телімі белгіленіп, балаларға арналған мемлекеттік лагерь салу жоспарлануда.
Демеушілер есебінен де бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Мысалы, Ақбастау елді мекеніндегі «Домалақ ана» кесенесіне баратын 1,2 шақырым автомобиль жолына асфальт салу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Осы Ақбастауда және Бірлік елді мекенінде балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы салынуда. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жамбыл елді мекеніндегі ескі ауылдық клуб ғимаратына демеушінің қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Онда «Тең қоғам» орталығын ашу жоспарлануда. Жұлдыз елді мекеніндегі Үлкен Шаян көшесіне демеушілер тарапынан 1,2 шақырым автомобиль жолының бойына көше жарығын орнату жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, демеушілікпен Шақпақ елді мекеніне кіре беріс аудандық маңызы бар автомобиль жолының 1,2 шақырымына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары бастау алмақ.
– Бюджет есебінен жүзеге асырылған жобалар жөнінде де айта кетсеңіз…
– Шаянда жедел басқару орталығы мен Шалдар елді мекенінде ерікті өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар қыркүйек айында бітіп, пайдалануға берілетін болады. Одан бөлек, Боралдай ауылдық округіне қарасты Теректі елді мекенінде жобалық құны 200 миллион теңге болатын ангар типтес жабық спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аудан орталығы Шаяндағы балалар аллеясының түнгі жарық шамдары ауыстырылып, субұрқақ жүйесі қалпына келтірілді. Оның жобалық құны 17,2 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов көшесі бойында орналасқан дүкендердің қас келбеттерін бірыңғай типке келтіру мақсатында көше бойын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 16,8 миллион теңге. Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Нұра ауылдық мәдениет үйіне жергілікті бюджет есебінен 11 миллион теңге қаржы қаралып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығын дамыту, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын жүргізу бағытында нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Биылғы жылдың алғашқы 6 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 13,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6 пайызға орындалды. Ауданда 1850 гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланған болатын. Ол нақты 2175 гектарға енгізіліп, жоспар артығымен орындалды. Облыстағы 65 мың гектарға егілетін масақты дақылдың 23 пайызы біздің ауданға тиесілі. Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 10,4 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. 13,2 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. Сонымен қатар, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 956,1 миллион теңгеге 32 жоба қаржыландырылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлігін дамыту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 11 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландыруға ұсынылып, оның 6-уы қаржыландырылды. Шаян ауылында кәсіпкерлерді бір жерге шоғырландыратын екі қабатты кәсіпкерлік орталығы іске қосылды. Онда тігін, қолөнер, кәдесый, баспахана және тағы басқа бағыттағы жобалар орналастырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Жалпы, ауданымызда биыл 1283 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды. Кедейлік деңгейі 0,5 пайызға дейін төмендеді, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 55,5 пайызға азайды.
– Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қандай? Елді мекендер «көгілдір» отынмен толық қамтылды ма?
– Аудандағы 50 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда «Шаян – Жамбыл – Таңатар» магистральды су құбыры, сондай-ақ Ағыбет, Боралдай, Жамбыл, Түйетас елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Ал табиғи газбен ауданда қазірге дейін 43 елді мекен қамтылған. Бұл бағыттағы көрсеткіш – 86 пайыз. Қазіргі таңда Қошқарата, Кеңсай, Шұқыршақ ауылдарында газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Ақтас елді мекенін газдандыру бойынша қаржыландыру мәселесі шешімін тапса, жыл соңына дейін «көгілдір отын» жеткізу жоспарлануда. Аталған жұмыстар толық жүзеге асқан жағдайда 100 пайыздық көрсеткішті еңсеретін боламыз.
– Жолдың жай-күйі қандай деңгейде?
– Аудандағы автомобиль жолының жалпы ұзындығы 936,8 шақырымды құрайды. Оның 80,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Шақпақ ауылындағы 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– «Таза Қазақстан» акциясына қандай үлес қосудасыздар?
– Биыл аудан аумағында 220-дан астам сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 98 техника жұмылдырылып, 282 тонна қоқыс шығарылды. Ағаш егу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Көктемде 14 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Күзде тағы 33 мың көшет егу жоспарланған.
– Кезекті оқу жылы да басталып кетті. Білім беру, денсаулық сақтау бағыттарында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ауданымызда 51 білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2454 педагог 11 775 оқушыға сапалы білім беруде. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталған жұмыс тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл Ақтас және Қайнар жалпы орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 8 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Денсаулық сақтау саласында аудан халқына 1 аудандық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, 9 фельдшерлік-акушерлік пункт және 28 медициналық пункт қызмет көрсетуде.
– Ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз оңды нәтижелерімен қуанта берсін, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.
Сұхбаттасқан
О. ТҰРАР.
