Білім, ғылым

ЖҮЗГЕ ҚАДАМ БАСҚАН ЖҮЗБАЙ АТА ЖҰМЫСҚА ӘЛІ ЖАЯУ КЕЛЕДІ

Бүгін біз аты затына сай, жөні бөлек, жосығы ерек ұстазымыз туралы сөз қозғағымыз келеді. Адам болған соң артынан сөз еретіндер аз емес. Әйтсе де, жұрттың бәрімен, үлкенмен де, кішімен де әңгімесі жарасатын, айналасына іштарлықпен емес, құштарлықпен қарайтын ұстаздардың бірі де бірегейі Жүзбай ағамның соңынан сыпсың сөз ергенін естімеппін. Алыстан көре сала аңқылдап амандасатын, жылы сөзі мен кеңесін аямайтын ерекше тұлға.

Жиын-тойда бата сұраса, ұзын-сонар тілек айтып кетпейтіндер санатынан, батасы орынды, жүрекке жылы. Қуаныш иелеріне қатысты шабытпен шығаратын төрт-бес шумақ жұп-жұмыр өлеңі де бар. Жақында ағайды ерекше күйде кездестірдім. «Біраз күнде 90-ға толамын» дегеніне қуандым әрі таң қалдым.

Жүзбай аға Қырғызбаев 1936 жылғы 20 мамырда қазіргі Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында дүниеге келді. Қазақ даласының, рухы мен болмысының символы саналатын жусанның әсері ме, басқа себебі бар ма, сол кезде жүзшақты түтіннен құралған аядай ауылдан көптеген ғалым мен қоғам қайраткері қанаттанып, түлеп ұшқанын баспасөз бетінен оқығанымыз бар. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Есеп Комитетінің төрағасы, Қаржы министрлігінде жауапты қызмет еткен экономист, қаржыгер, ғалым Мүсірәлі Өтебаев, артында өшпес ғылыми мұра, дарынды ізбасар шәкірттер қалдырған физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Қалдыбай Бектаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, техника ғылымдарының докторы Құрманбек Жантасов, техника ғылымдарының докторы, профессор Данияр Арғынбаев, т.с.с.

Жүзбай ағамыз бала кезінен білімге құштар болды. Шұбар ауылындағы жетіжылдықты бітірген соң аудан орталығындағы Амангелді атындағы орта мектепті үздіктердің бірі боп тәмамдады. Талай жастың асқақ арманы болған сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Табандылығы мен талабы алға жетелеп, ізденімпаздығы мен алғырлығы, еңбекқорлығымен, жоғары жауапкершілігімен көзге түсіп, ғылым әлемі алдынан айқара ашылады.

Туған жеріне оралған жас маман еңбек жолын 1958 жылы Шымкент педагогикалық институтындағы жоғары математика кафедрасындағы оқытушылықтан бастады. Оқу орнында 3 жылдан аса жұмыс істеп, 1962 жылы Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің аспирантурасында оқыды. 1966 жылы «Қатты дененің қозғалысының орнықтылығы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Осында ол қазақ жастарының арасынан алғашқылардың бірі болып ғылыми диссертация қорғап, есімін университеттің алтын тақтасына жаздырды. Бұл тек жеке жетістік емес, ұлт мерейін асқақтатқан тарихи сәт еді.

Жас ғалым Ж.Қырғызбаев Шымкент педагогикалық институтына қайта оралды. Сол кезден бастап күні бүгінге дейін «қарашаңырақ» атанған іргелі оқу орнында кафедраның аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі сияқты көптеген жұмыстарды атқарып, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ профессоры атанды. Кезінде Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтының бірінші проректоры Өмірбек Жолдасбеков бар жағдайды жасаймын деп уәде беріп, Одақтың Оқу министрлігі арқылы қызметке шақырту жіберген екен. Алайда анасы қатты науқастанған Жүзбай аға Алматыға қызмет етуге бара алмаған. Одан соң Қостанай педагогикалық университетіне проректор лауазымына шақырылған. Ол кезде институт ректоры Мырзахан Сәрсенбаев «саусақпен санарлық ғылым кандидаттарын сыртқа жібере алмаймын» деп, рұқсат бермеген. Марс Үркімбаев сынды ғалым-әкім Тараз гидромелиоративтік институты ректоры қызметінде жүргенде кафедра меңгерушілігіне шақырған, ол жақта қызмет етуді де тағдыр жазбаған. Барлық кезде өзін емес, отбасын, жақындарын таңдаған Жүзекең бұдан кейін де ұйымдастыру қабілеті бола тұра, жоғары лауазымға ұмтылмады.

Жүзбай аға – тек мықты ұстаз-ғалым ғана емес, ұл-қызына жақсы тәрбие, жан-жақты білім алу мүмкіндігін сыйлаған парасатты әке. Перзенттерінің бірі ғалым, екіншісі кәсіпкер, ал енді бірі медицина саласының білгірі, сан салалы мамандық иелері ретінде ел игілігіне қызмет етуде.

Қазақ ғылымы мен білім беру саласында өзіндік орны бар, ұлағатты ұстаз, ғалым Жүзбай Қырғызбаев биыл 90 жасқа толып отыр. Тоқсан жылдық ғұмырында ол тек ғылымның биігін бағындырып қана қоймай, адамдықтың асыл қасиеттерін де биік ұстады. Бүгінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне жолыңыз түсе қалса, еңселі аудиториялардың бірінен Жүзбай ағайдың саңқылдаған даусын естисіз.  Ұстазымыз жұмысқа әлі күнге дейін жаяу барып, жаяу қайтады.

Ғалым-ұстаздың тоқсанда да тың серпінмен шәкірт тәрбиелеуі – кездейсоқ құбылыс емес, терең өмірлік ұстанымның жемісі. Оның сыры ең алдымен ғылымға деген адалдық пен ұстаздық миссияны жүрек қалауына айналдыра білуінде жатыр. Өмірін таным мен тағылымға арнаған жан үшін аудитория – қызмет орны ғана емес, рухани мекен, ой мен ізденістің мәңгілік алаңы. Сондықтан тоқсанда да дәріс оқып, шәкірт жүрегіне білім дәнін сеуіп жүрген ұстаз бейнесі – еңбекке адалдықтың, даналық пен өміршең рухтың айқын көрінісі.

Ақлима МАРХАБАТҚЫЗЫ,

Өзбекәлі Жәнібеков
атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық

университетінің ғалым
хатшысы,

филология ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *