Шымкент

Төтеншеліктер төтеп берді

Шілденің 27-сі күні Шымкентте, күн шыжып тұрғанда, шамада сағат 11.35–те «Ордабасы» индустриалды аймағы аумағынан өрт шыққаны туралы хабарлама түсісімен төтеншеліктер оқиға орнына едел-жедел жетті. Еңбекші ауданы, Қапал батыр көшесі, 116/2 мекенжайға бағыт алған бебеулеген өрт сөндіруші машинаға мінгескен мамандар бәріне де дайын еді. Индустриалды аймақта орналасқан «KMG Supple Company» ЖШС-іне тиесілі алаңқайда ашық жатқан техникалық газ қабыршақты күкірт жанып жатты. Өрт алаңы 1200 шаршы метрді құраған. Өрттің салдарынан Daewoo Jentra маркалы жеңіл автокөлік жанды.

Темірді қойшы, адам аман болсын дескен елмен бірге төтеншеліктер де алдымен адамдардың қауіпсіз аймаққа шығарылуына, көшірілуіне мән берді. Десе де өрт аумағынан 10 адам (1 күйік, 9 улану) күйік және улану белгілерімен медициналық көмекке жүгінді. Кейін белілі болғанындай оның ішінде дәрігерлер тексергеннен кейін 2 адам ауруханаға жатқызылған. Қалған 8 адам жағдайы қалыпты болуына байланысты үйлеріне қайтарылды. «Сөндіру жұмыстары күкірттің тотығуының химиялық реакциясымен қиындады. Өрт сөндірушілермен инертті материалдарды (құммен) себу және газсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы ТЖД күштері мен құралдары көмекке келді» дейді төтеншеліктер.

Өрт орнында және ТЖД-де жедел сөндіру штабтары құрылды. Төтенше жағдай орнында Шымкент қаласының әкімі Ғ. Сыздықбеков пен ТЖД басшылығы жүрді. Полиция да қарап қалмады, зақымдануы ықтимал аймақты қоршады. Өрт орнынан СЭС қызметкерлері сынама алды, ресми қорытынды күтілуде. Мұның бәрін тәппіштеп айтып отырғанымыз, сол күні тұрғындар арасында дүрлігу орын алды. Ол түсінікті еді де. Жақын маңдағы ауыл-аймақтың адамдары не көшерін, не көшпесін білмей абдырап қалды. «Өртті әлі сөндіре алмай жатыр» деп даурыққан, төтеншеліктерді тілдеген тұрғындар да табылмай қалмады. Мән-жайды айтып, елге түсіндіру жүргізуге мамандарда уақыт тапшы еді. Өрт сөндірушілер түн ауғанша оқиға орнынан кетпеді. Бықсып жанған химиялық заттың салдарын толық жою жолында аянбай тер төкті.

Ал, химиялық зат тұтанып, одан шыққан түтіннің ауаға таралуы адам денсаулығына қаншалықты зиянды, тигізер залалы қандай екенін осы салаға жауапты мамандар, яғни санитар-эпидемиологтар мен экологтар дер кезінде хабарлап айтуға тиісті еді. Ауа құрамы ластанған жағдайдағы тұрғындардың әрекет ету әдісі қандай болуы керектігін, алғашқы қадам неден басталуы қажеттігін аталған сала мамандары өрт толық сөндірілген соң, ертесіне әлеуметтік желілер арқылы хабарлап, тұрғындарға түсіндіре бастады. Әрине, ештен, кеш жақсы екені тағы да аян. бетін аулақ қылсын, мұндай оқиға қайталанбасын, десе де осындай өрт орын алған шақтағы алғашқы әрекеттің қандай болмағын шымкенттіктер енді біліп жүретін болды.

Оқиғаның мән-жайына қайта оралсақ, сол күні арнайы құрылған штаб жедел шешім қабылдап, жақын маңдағы тұрғын үйлерден — Шаңырақ шағын ауданынан (барлығы 412 үй, 2472 адам) эвакуация пунктіне 443 адамды көшірді. Оның 233-і бала. Қала әкімінің басшылығымен жедел құрылған штаб пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен аэровизуалды тексеру жүргізді. Өрт 28 шілде 00:36-да оқшауланды және 05:01-де толық жойылды. Тілсіз жаумен күресуге жалпы саны 700-ден астам адам, 129 бірлік техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Өрт орнында Шымкент қаласы ТЖД жеке құрамы мен құралдары, Апаттар медицина орталығы, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Түркістан облысы ТЖД, Қазселденқорғау, Полиция департаментінің және жергілікті атқарушы орган күштері мен құралдары, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Бәрі де елдің қауіпсіздігін сақтау жолында түнімен тер төкті.

Ал, аса қауіпті химиялық заттың ашық аспан астында жатуына кім кінәлі? Қауіпсіздік шараларын сақтамаған меншік иесіне қандай шара қолданылады? Оның бәрі де алдағы уақытта анықталады. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Мамандар әлі де оқиға орнында кезекшілікте жүр. Қажет болған жағдайда ықтимал зардаптың алдын алу және толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.

Ж.ШАЛАБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *