Оқшау ой

Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?

Салтыңды сақта

Үлкенге сәлем беріп, алғысын алу – қазақ салт-дәстүрінің ең озық түрі.  Қазақ «Сәлем – сөздің анасы» деп, баласына алдымен сәлемдесу әдебін үйреткен. Сәлемі түзу балаға үлкендер «Көсегең көгерсін, жүз жаса, бақытты бол» деп алғыс айтқан. Дұрыс амандаспаса, «үлкенді сыйлай білмейді, көргенсіздің баласы» деп ата-анасын кінәлаған. Салт бойынша жасы кіші бірінші амандасуға міндетті, бір адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге, атты адам жаяу адамға, келе жатқан адам отырған адамға сәлем береді. Бұл дәстүрді Моңғолия мен Қытайдағы қазақтар қаймағын бұзбай сақтап отыр.                                                                                                                                                                  Қазақ халқының бір-бірімен амандасып, жөн сұрасуы сүт пісірім уақытқа дейін созылған. Қазіргі кезде қалалы жердегі қазақтар уақыт тығыздығына орай қысқа амандасуды әдетке айналдыруда. Жастар бір ғана «Салем!» деген сөзбен шектелетін болды, яғни, үйге келген сыйлы қонақтармен амандасу, хал сұрасу дәстүрі қалып бара жатыр. Тек үлкен кісілері, қарттары бар үйлерде ғана сақталған десек, жастардың бұлайша бет бұруына жаhандану ықпал етті деуге болады. «Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары жоқ», «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, қазақ отбасыларында баланың тілі шыққан уақыттан бастап, «ағаңа сәлем бер, әжеңе амандас» деп үйге келген кісілермен амандасудың ретін үйретіп отырғаны туралы Бауыржан Момышұлының айтқанын Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» кітабында жазған болатын. «Тексіз елдің баласы, тектемей өскен көргенсіз» деген ауыр сөзді есту кімге жеңіл дейсің? Ендеше, сәлем түзелмей, әлем түзелмейді демекші, ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, әдептілік белгісі-сәлемдесуден басталатынын өскелең ұрпаққа түсіндіру, сәлемде де сұлу сыр бар екенін ұғындыру- әрбіріміздің парызымыз болмақ.

Дана Алиханқызы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *