Әлеумет Мәселе

 ШЫМКЕНТТЕ ҚАРИЯЛАР  АЛАҚАН  ЖАЙЫП ЖҮР

1 қазан – Халықаралық қарттар мерекесі. Бұл күні елімізде үлкен кісілерге ерекше құрмет көрсетіледі. Тіпті әкімдерден бастап, түрлі деңгейдегі лауазым иелері қарттары бар үйдің есігін қағып, сый-сияпат жасайды. Біреулер шапан шабады, екіншілері азық-түлік себетін табыстайды. Мерекелік шараға шақырып, дәмханадан дәм тарттыратындар да жоқ емес. Мұның бәрі дұрыс. Қазаналы қарттарға қандай марапат берсек те артықтық етпесі анық. Бірақ осының бәрі бір күндік шара болып қалатыны өкінішті-ақ.

Осы апта қала мен аудандарда қарияларды құттықтау басталды. Жасыратыны жоқ, марапатталып жатқандардың көпшілігі негізінен бұрын аудандық деңгейде лауазымды қызметте болғандар. Арасынан қарапайым ардагерді, қара жұмыс істеген еңбек ардагерін табу қиын. Есесіне көшеде қол жайып қайыршылық жасап жүрген қариялар азаймай отыр.

Бізде билік басындағы азаматтар «еліміз дамып келеді» деуден танбайды. «Дамыған 30 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын алатын кезде алыс емес» дейді. Ал көшеге шықсаң күнін көре алмай, қайыршының күйін кешкендер көп.

Екінші мәселе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орындарда қудалау үшін ескерту немесе жеке тұлғаларға бес АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Яғни, өзінің күн көруі қиындап, киерге киім, ішерге ас таппай жүргендерге айыппұл салу қаншалықты ақылға қонатыны белгісіз. Бұл туралы шымкенттік Әлжан Нұрахмет былай дейді: «Аш адамға тамақ бермей, аш екеніңді білдірме деген қалай болады, ол мүмкін емес қой. Біздегі қайыр сұрама, әйтпесе айыппұл төлейсің деген де соған сай келеді. Тамағы жоқ адам қайыр сұрамағанда не істейді, бекерге жатып аштан өлуі керек пе? Қайыр сұрамас үшін адамдардың қарны тоқ болу керек. Әрине соны кәсіп еткен адамдар бар, оны да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бізде шын қайыршылардың тізімі жасалмаған, кімнің қайыршы екені де белгісіз.  

Біреулер амалсыздықтан, мұқтаждықтан қайыр сұраса, екіншілері бұл істі ақша табу жолы деп, күнделікті жұмысқа айналдырған болуы мүмкін. Бұрын көшеде, базарларда қайыр сұрайтындар шетелден келген келімсектер еді, соңғы кездері олардың қатарында қазақтардың көбейіп жатқаны ашындырады. Мұның себебі кедейлер санының артып жатқаны болса керек».

Әлеуметтік желідегі мәліметке сүйенсек 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы кедейлік шегі әлемдегі ең төмендердің бірі саналып, Нигерия, Ангола, Венесуэла және Габон елдерімен деңгейлес екені анықталыпты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кедейлік деңгейінен төмен өмір сүретіндер саны соңғы үш жылда үш есеге артқан. Бұл енді ащы да болса шындық.

Жалпы, көшеде қайыршылық жасап, оңай жолмен табыс табуды әдетке айналдырғандар саны артып келеді. Бұл жағымсыз үрдіспен күрес қайыршылықты азайта ала ма? Бәлкім Үкіметтегілер адамдарды қайыршылыққа түсірмеудің тиімді жолын қарастырғаны дұрыс шығар. Қалай болғанда да бір амалын қарастырмаса болмайды. Қайыршылар саны көбейіп барады.

Сөзімізді дәлелді болу үшін біз қарттар мерекесі қарсаңында Шымкенттегі Орталық Қырғы базар мен Ордабасы алаңындағы Хаттани мешітіне бардық. Базардың кіре берісінде бір қария тұр екен. Аяғы жоқ. Алдына әркім тиын-тебен тастап кетуде. Басқа ұлттың өкілі. Сұраққа жауап бермейді. Бәлкім сөйлей алмайды немесе оған сөйлемеу туралы қатаң тапсырылған.

Одан әрі Хаттани мешітіне барсақ, алдында үш кейуана отыр екен. Біреуіне теңге ұсынсаң басқалары «маған да, маған да» деп жамырай жөнеледі. Өзін Сәлима деп таныстырған әйелдің жасы 70 ке жақындап қалыпты. Алдындағы қағазға «Мұқтажбын, жағдайым жоқ, жүрегім ауырады» деп жазып қойған Сәлима көп қабатты үйде тұратындығын, суға, жарыққа ақша төлей алмай отырғанын, 3 күнде төлемесе қиып кететінін айтты.

Қағазына қарасаң одан әрідегі Ұлжанның да үйі, жағдайы жоқ секілді. Ұстап отырған қағазына каспи нөмерін де жазып қойған. Біз түс ауа барсақта үшіншісі тіпті таңғы ас ішпегенін айтып жыларман болды. Шамасы бұлар мешітке келетін қайырымды жандардың көмегіне үміт артатын болса керек. Мемлекет қарттар күнін тойлап жатыр. Ал мереке күні базар мен мешіттің алдында күнін көре алмаған қарттар қайыр сұрап отыр.

Бұл енді біздің қоғам. Бұл қоғамда көшке ілескендер көппен бірге болады, ал ілесе алмағандар осылай қайыршының күнін кешеді.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *