Білім, ғылым

ГАЗИ УНИВЕРСИТЕТІНЕН ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен күздегі Түркияға ресми сапары кезінде жоғары білім беру саласында ынтымақтастық бойынша келісім жасалғаны мәлім. Яғни Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен әйгілі Гази университетінің филиалын ашу жөнінде келісілген болатын. Бүгінде бұған қатысты жұмыстар ретімен жүзеге асырылуда. Филиалды Әділет органдарына тіркеу жұмыстары жүріп  жатыр. 

Анкарадан Шымкентке ресми делегация келді. Делегация құрамында Гази университетінің ректоры, профессор Угур Үнал, академиялық мәселелер  бойынша проректор профессор Неждет Хайта,  педагогика факультетінің деканы профессор Билал Гунеш, аппарат басшысы Мурат Тунчбилек бар.

Түркиялық әріптестерді ОҚПУ басқарма төрағасы-ректоры міндетін  атқарушы Әлібек Нұртаев бастаған ұжым қарсы алды. Қонақтар  университет тынысымен  таныстырылды.  Оларға  археологиялық орталықтың мамандары зерттеп, жасақтаған ежелгі дәуір мұралары көрсетілді. Бұл түркиялық бауырларымыздың қазақ халқының тарихына деген қызығушылығын арттыра түсті десек болады.

— Екі ел Президентінің келісімімен Гази университеті филиалының ашылуы біз  үшін мәртебе және зор жауапкершілік. Түбіміз бір түркі халықтары болғандықтан дәстүріміз бен дініміз де ортақ. Алдағы уақытта бірлескен жұмыстар  нәтижесінде екі ел болашағы үшін  бәсекеге қабілетті мықты мамандар даярлаймыз деп сенемін, — деді ресми қабылдау кезінде Әлібек Нұрбайұлы.

Өз кезегінде Гази университетінің ректоры профессор Угур Үнал:

— Біздің Анадолыдан келу мақсатымыз да осы. Бұған екі ел Президентінің достық қарым-қатынасы мен іскерлік келісімі  үлкен қолдау береді. Бұл келісім қос мемлекеттің жоғарғы оқу орындары саласында бұған дейін атқарған шараларының биік шыңы деуге болады. Алдағы уақытта даярланатын мамандықтар қатарын сіздердің сұраныстарыңызға сай арттыратын боламыз, — деп  естелік кәдесыйды табыс етті. 

Сапар аясында филиал жұмысын  реттейтін  екіжақты келісім-шартқа қол қойылды.  Келісім-шартта филиалға оқуға қабылдау тәртібі мен  шарттары, оқу үлгеріміне сай ауысу шарттары,  филиалды басқару формасы,  қаржыландыру тетіктері,  инфрақұрылымын  қамтамасыз ету,  қызметкер алу және диплом беру сияқты негізгі мәселелер қамтылған.  Еліміз заңнамасына сай кейбір қосымша ережелер  мен  регламенттер  де дайындалуда. 

Кездесу кезінде сондай-ақ материалдық-техникалық  базаны,  оқу кезеңдерін,  оқу жоспарын,  филиалға қатысты заңнамалық  ережелерді талқылау болды.

Университетте өткен ғылыми кеңес мәжілісінде профессор Угур Үналға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Құрметті профессоры атағы беріліп, Алғыс хатпен  марапатталды.

Қысқасы, екі жақтың өкілдері бас қосқан жиында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ашылғалы отырған филиалдың жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселелері жан-жақты ойластырылып, талқыланды. Бұл ынтымақтастықтың жарқын жемістері молынан болғай!

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *