Әлеумет

ЭКО жасату тегін

Қаржысын МӘМС төлейді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Демек, әрбір алтыншы жұп сәби сүюді армандайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметін алған. Бұл процедура МӘМС аясында қаржыландырылады. Экстракорпоральды ұрықтандыру шарасына қатысуға байланысты сұрақтарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаевтан жауап алған едік.

– Нұрлан Икрамұлы, «Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады?

– Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Яғни, сәби сүюді армандаған отбасылық жұптар қатысады. Олар қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттары белгілеген репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейінгі медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады.

– МӘМС аясында ЭКҰ жасайтын клиникалардың тізімін қайдан көруге болады?

Қазір елімізде 19 клиника (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді. Жыл сайын квоталар аймақтарға сәйкес бөлінеді. Астана, Алматы және Шымкент қалалары бұл тізімде көш бастап тұр. Атап айтар болсақ, Алматы қаласындағы 7 клиникада 2 мыңға тарта жасанды ұрықтандыру әдісі жасалды.Пациент Қор сайтына кіріп, клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», ары қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.

– ЭКҰ-ға жолдаманы қалай алады?

– Бұл процедура МӘМС аясында тегін жасалады. Соған сай, квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс. Алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың кеңесіне бару керек. Оған жолдаманы өз емханасындағы гинеколог береді. Қажетті тексерілулерден соң пациенттің ЭКҰ жасауға көрсеткіштері сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда жұп кезекке тұрады. 2021 жылдан бері жыл сайын 7 мың ЭКО процедура МӘМС есебінен қаржыландырылады. Қор басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың І жартыжылдығында 5 млн. теңгеге жуық қаржыға 4 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі жасалды. Сонымен қатар, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 5000 нәресте дүниеге келді.

– Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға қанша қаражат жұмсалады?

Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 млн теңге бөлінеді. Репродуктологтардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. 200-300 мың теңге шығын материалдарын жабуға кетеді. Кейде құны 1 млн теңгеден асып жығылатын мұндай процедураны кез келген отбасының қалтасы көтермейтіні рас. Оған қоса ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жүгініп барып, сәбилі болғандар көп. Ал қазір бұған жұмсалатын шығынды Қор МӘМС есебінен төлейді.

– Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін?

Дәрігерлер әйелді медициналық тексеруден өткізгеннен кейін бірнеше мәселені ескереді. Олар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы сынды жағдайларда пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді.

Сұхбаттасқан Сая Жұмағұлова.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *