Uncategorized

 «Тұлпар» станциясы түрленіп жатыр

Шымкенттіктер мен қала қонақтары жиі баратын әйгілі демалыс аймағы санатындағы Дендросаябақ пен Зообақтың арасындағы «Тұлпар» темір жол станциясы тарихи нысандардың бірі десек те болады. Кезінде балалар үшін Асанбай Асқаровтай қоғам қайраткерінің бастамасымен ашылған бұл станцаға Қажымұхан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион аумағынан арнайы пойыз қатынайтынын ел ұмыта қойған жоқ. Бүгінде ел ағасы атанған талайлардың бала күні осы пойызбен «Тұлпар» станциясына бару саяхаты жарқын естеліктердің бірінен саналады. Содан да болар байырғы шымкенттіктер осы мекен жайдың түрленіп, жаңарғанын қалайтыны жасырын емес.

Шымкентті басқарған әкімдердің бәрінің де алдынан «Тұлпар» станциясының болашағы қалай болады?» деген сұрақтың көлденең шығатыны да содан. Шымкенттіктер аяулы мекеннің қараусыз, тозып бара жатқанына алаңдайды. Мегаполиске Ғабит Сыздықбеков әкім болып келген күннен бастап тұрғындар тарапынан қойылған осы сауал қайта бас көтергені рас. Қала басшысы тұрғындардың талап-тілегіне немқұрайлы қарамайтындығын, қалаға көрік беретін мекенді қараусыз қалдырмау ұсынысын қолдайтынын бірінші күннен-ақ мәлімдеген болатын. Енді, міне, барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып «Тұлпар» станциясының аумағын гүлзарға айналдыру, қайта жаңғырту мәселесін қолға алып отыр.

Әрине, бұрынғыдай балалар пойызын жүргізу мүмкін емес. Себебі, орталық стадионнан «Тұлпар» станциясына дейінгі аралықтағы жер телімдері кезінде жекенің қолына беріліп, ол аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілгені, зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлер салынып кетуі бұл істің толық шешілуіне көп кедергісін келтіріп тұрғаны анық. Оның үстіне, жекеменшік иесі, зәулім үй салып алған азаматтың да кінәсі жоқ. Ол сол тұстағы биліктің шешімімен, заңды жолмен алған жер теліміне өз қалауынша ғимарат тұрғызуға құқылы. Десе де, тығырықтан шығатын жол тапқан бүгінгі билік, кәсіпкерлер арасында байқау жариялап, «Тұлпар» станциясын қайта жаңғырту ісіне белсене кірісіп отыр. Бұл тұрғындардың қуанышын арттыруда. «Тым боламаса, демалыс аймағының осылайша жаңғырғаны жақсы. Көрікті мекен қараусыз қалмағаны дұрыс болды» деген шымкенттіктер қатары көбейіп келеді.

Қала әкімдігімен кәсіпкерлер арасында жарияланған серуендеу алаңының (бұрынғы балалар темір жолының 2-станциясы) «Тұлпар» аумағындағы кофехананың үздік концепциясына жарияланған конкурсқа 17 үміткер қатысыпты. Білікті мамандардан тұратын 9 мүшесі бар, арнайы құрылған комиссияның отырысында ұсынылған бұл концепциялар егжей-тегжейлі зерделенген. Дауысқа салу барысында байқаудың негізгі шарттарын ескере отырып қорытынды шыққан. Нәтижесінде, байқау арасында көп дауыс жинаған екі үздік концепция анықталып отыр. Олар: 1) А.Асқаров атындағы Дендросаябақ маңындағы бұрынғы балалар темір жолының станциясы аумағы бойынша «S.V.U. group» ЖШС-нің концепциясы 7 комиссия мүшесінің даусын жинады; 2) Қажымұқан атындағы спорт стадионы маңындағы бұрынғы балалар темір жолының станциясы аумағы бойынша «Milita group» ЖШС-нің концепциясы 6 комиссия мүшесінің даусын жинады.

Сала мамандарының айтуынша, жалпы жеңімпаз болған жобалардың артықшылықтары жетерік. «Дендросаябақ маңындағы бұрынғы балалар темір жолының станциясы аумағындағы «S.V.U. group» ЖШС-нің концепциясында Темір жол станциясының бастапқы кейіпі сақтала отырып, Дендросаябақта спортпен айналысатын қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы киім ауыстыру орны қаралған. Оған қоса, локомотиві бар (паровоз) пойызға ұқсатылған әртүрлі тематикадағы тамақтану орындары қарастырылған» дейді мамандар мен комиссия мүшелері. Сонымен бірге, Қажымұқан атындағы спорт стадионы маңындағы бұрынғы балалар темір жолының станциясы аумағындағы «Milita group» ЖШС-нің концепциясы ескі вокзалды тематикалық жаңашылдық бағытында құрумен қоса балалар пойызының вагондарын қайта қалпына келтіріп, ішін кофетерий ретінде қолдану жобасымен ерекшеленеді екен. Конкурста жеңімпаз атанған қатысушылардың қоғамдық тамақтандыру саласында 15 жылдан аса тәжірибелері де ескеріліпті.

Бүгінгі таңда жоғарыдағы аталған нысандарды сенімгерлік басқаруға беру бойынша тиісті құжаттар рәсімделуде. Осылайша аз күнде «Тұлпар» станциясында жұмыс қызып, жобада көрсетілгендей, бұл аймақта халыққа ыңғайлы саябақ, демалыс орындары ұйымдастырылатын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *