Мәселе

Шымкентте тұрғындар митингіге шықты

   

«Сасық судың төгілуіне қарсымыз» дейді олар. Шымкенттің шетінде орналасқан «Мұнай өңдеу зауыты» экономикалық жағынан тиімді болып, қазынаға қомақты салық төлегенімен, тұрғындардың денсаулығына келгенде пайдасынан зияны басым болып тұр. Қаланың оңтүстігінің тұрғындары неше жылдан бері қаншама рет қала әкіміне шағымданғанына қарамастан, қолқаны қабатын сасық иістен құтыла алар емес.

Мәселе осылай шиеленісіп тұрғанда, жуырда тағы бір дау шықты. Бұл жолғы халықтың наразылығына «Су ресурстары маркетингі» мекемесінің 40-50 мың адам тұратын Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Еламан, Қаратөбе тұрғын алабының нақ ортасынан, яғни Мұнай өңдеу зауытына жақын жерге қаланың Оңтүстік бөлігіндегі жер үйлердің септигінен шыққан сасық қалдықтарды, сойылған малдардың қандары мен ішек-қарындарын төгетін «Соңғы төгу нүктесін» салғаны себеп болыпты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі«Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» деп атаған Жолдауында былай деп көрсеткені белгілі: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек».

«Су ресурстары маркетинг» мекемесінің мына қылығы Президенттің Жолдауына қарама-қайшы екенін айтқан бірнеше ондаған қала тұрғыны «Су ресурстары маркетингі» Жолдауда айтқандай экологиялық ахуалды жақсартудың орнына, керісінше нашарлатуда. Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтаудың орнына, экологиялық апатқа апармақшы», — деп айыптап, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен қала прокуроры Ғабит Мұқановқа арыз жазды. Және  тұрғындардың келісімінсіз салған «Соңғы төгу нүктесінің» темір қақпасын «Су ресурстары маркетингі» мекемесінен келген жауапты тұлғалар, «Строй гарант» ЖШС-нің дирекоры Дашри Даштаев, «Су ресурстары маркетингін» серіктестігі құрылыс бөлімінің басшысы Самат Қалдыбаевтың сөз беруімен, ауылдың учаскелік инспекторы Болат Тоғызбайдың қатысуында жапты. Яғни, құзырлы органдар нақты жауабын бергенше, ол жер жұмыс істемейтін болып шешілді.

Біз сол жерде жүрген бірнеше адамды әңгімеге тартып, олардың талабы туралы айтып беруді сұрадық. Қайрат Аққошқаров «Игілік-іс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Қарабастауда қазір ішіп отырған суымыздан солярканың исі шығады. Мынау іске қосылса ертең суымыздан боқтың исі шығады. Бұл рас қой. Осы жерден 100 метрге жетпейтін жерде «Бадам» өзені бар. Мына боқ сол өзенге дейін барады. Оған бала-шағаларымыз жазымен шомылады. Одан кейін не болады? Әрине ауру болады. Заң бойынша мұндай құрылыстар қаланың сыртына салыну керек. Олар мына жерде оңтайлы орын бар екен деді де осы жерді қоршап, төрт құбырды қойды да сасық қалдықты төгіп жатыр. Мұның исі Қарабастауға, Жалынға, Жұлдызға, Еламанға, Қаратөбеге барады».

Кеңес Сейтаев, Қарабастау ауылының биі: «Қазір біз мына жерді жапсақ, жүргізушілер септиктен тартып алып келген сасық суды өзен жаққа төгіп кете береді. Төгіп жүргенін де білеміз. Ауылдың жігіттері кезекшілік ұйымдастырамыз деп отыр. Көлікпен әкеліп төгетін болса, біз де қол қусырып отырмаймыз. Президентке дейін шығамыз. Шыдамның да шегі бар, бүр күні ауылдың жігіттері жұдырық жұмсап қойып, қамалып кете ме деп уайымдаймыз. Учаскелік инспекторға айтқанымызбен, нәтиже жоқ. Бүгінгі жиналғандағы мақсатымыз — «Соңғы төгу нүктесінің» жұмысын тоқтату. Ал өзенге, басқа жерлерге төгетіндермен полиция айналысу керек. Айыппұл салсын, камера қойсын, бір амалын жасау керек».

Сол күні ауыл тұрғындары жиналып, талап қойып жатыр дегенді есітіп, оқиға орнына Еңбекші аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Жандос Бисенов те келді. Полиция қызметкерлеріне заңсыз әрекеттерге жол бермеуді тапсырған Ж.Бейсенов, ұрланып келіп қалдықтарды төгетін көліктерді анықтап, айыппұл салуды және олардың өздері ешқандай рұқсатсыз салып алған жолдарды бекітіп тастауды тапсырды. Полицияның қызметі тек тәртіп сақтау екенін айтқан басқарма басшысы «Су ресурстары маркетингі» (Водаканал) мекемесінен келген «Строй гарант» ЖШС-нің дирекоры Дашри Даштаев пен «Су ресурстары маркетингінде» құрылыс бөлімінің басшысы Самат Қалдыбаевқа халықты шулата бермей, мәселені оң шешу керектігін ескертті.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *